Балаларыңыз сабақтан, өзіңіз жұмыстан босаған кезде олармен тіл табыса аласыз ба? Әлде, балаңыздың сабақ үлгерімі, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы алаңдатып, қатаң ескертулер, сөгістер қолдануды ғана білесіз бе? Өзіңізге «мен қандай ата-анамын?» деген сауал қойып көріңізші. Егер жауап беруге қиналсаңыз, бұл мақала сізге арналады.
Бала – біздің айнамыз!
Көп ересектер балалардың тәртібіне көңілі толмайтынын айтады. Алайда, баламыз жақсы болсын десек, алдымен өз-өзімізді тәрбиелеуіміз керек екенін ескермей жатамыз. Мысалы, сіз балаңыздың кітапқұмар болғанын қалайсыз. Алайда, өзіңіз бос уақытыңыздың бәрін телефонда өткізесіз. Бала сіздің әрекетіңізді көріп, теріс үлгі алып жүргенін аңғармайсыз да. Немесе, сіз балаңызға үлкендерді сыйла, әдепті бол деп талап қоясыз. Ал, өзіңіз дүкенде, көшеде, кептелісте, кезекте тұрғанда бәрімен жанжалдасатын адам шығарсыз? Сондықтан, бала бейсаналы түрде ата-анасының образын қайталайтынын ескеріңіз. Перзентіңіз салмақты болу үшін, өзіңіз де салихалы болыңыз.
Жазалау мен марапаттау
Балаңыз қандай да бір жаман қылық жасаса орынды жаза қолдануға болады. Мысалы, бауырын жылатып қойса, оны ойнатып, кешірім сұрауға міндетті. Затты сындырып қойса, шашылғандарын өзі жинауға міндетті. Бірақ, жаза соншалықты ауыр, әрі қатал болмауы керек. Үйде қамау, күш қолдану, аш қалдыру, ауыр сөздер айту – бүлдіршіннің жүрегін қатты жаралайды. Қатал жаза жеткіншектің бойында не өшпенділікті оятады немесе өзін жалғыз сезінуге әкеп соғады. Біз жаза қолдану арқылы балаға әр жасалған іс пен сөздің жауапкершілігі болатынын ғана түсіндіруге тиіспіз. «Мен қателессем, мама-папам мені жақсы көрмей кетеді» деген суық үрей баланың ойында да, бойында да болмауы керек. Ол «бірдеңе бүлдірсем, қолыммен істегенді мойныммен көтерем» деген ұстанымда өсуі керек.
Ал, егер балаңыз жақсы жетістікке жетіп жатса, үлгерімі жақсарса, үй шаруасына көмегі тиіп жатса кішігірім марапаттау жасап тұрыңыз. Бұл – баланың келесі жақсы әрекетіне мотивация болары сөзсіз. Бірақ, марапат та шектен шықпауы керек. Бала тек «сыйлық» алу ниетімен ғана жақсылық жасайтын болып жүрмесін.
Бала неге тентектік жасайды?
Ешқандай бала «мен жаман боламын» деп туылмайды. Бірақ, кейбір балалар табиғатынан момын, қағілез болса, ендібірінің оғаш әрекеттері көп болады. Бұл немен байланысты? Егер, балаңыздың бұзықтық жасауы көбейіп бара жатса ойланыңыз. Бұл, біріншіден, оның туабітті темпераментіне байланысты. Яғни, бұзық бала бірдеңе жасамаса отыра алмайтын энергиясы мол бала деген сөз. Ондай баланы спортқа не қолөнер, аспап үйренуге баулып, бағыттап жіберсе олардан небір лидерлер шығады.
Екінші себеп, тентектік – баланың ата-анасының назарын өзіне аударту тәсілі болуы мүмкін. Мысалы, сіз қатты жұмысбасты адамсыз. Баланы киіндіріп, тоқ қылып мектепке жіберуді ғана білесіз. Ал, бала сізбен көп уақыт өткізіп, жақын болуды қалайды. Сөйтіп, өзіне жетіспеген нәрсені тентек болу арқылы толтырады.
Ашық әңгімелесу – көп проблеманың алдын алады
Біз көбіне балаларға өз ойын айтуға мүмкіндік бермейміз. Қандай да бір пікірлерін ылғи түзетіп, құнсыздандырып жібереміз. Қарапайым, сорпадағы картопты жегісі келмесе немесе қара түсті футболка кигенді ұнатса, оны өз қалаулары үшін жазғыра береміз. Сондай болмашы нәрселердің өзінен ата-анасымен тіл табыса алмайтынын түсінген бала, өміріндегі басқа проблемаларды тіпті қатты жасырғысы келеді. Өйткені, сіз оны үнемі сөгіп, таңдаулары үшін жазғырып келдіңіз. Осылайша, мектепте біреу кемсітіп жүр ме, әлде бір сабақтан нашар баға алды ма, таныстары ақша талап етіп жүр ме, өз ағзасында өзгерістер болып жатыр ма, ол сізге ешқашан айтпайды. Айтылмаған сайын, бұл проблемалар ушыға береді. Сондықтан, балаңыздың жаны мен тәні қауіпсіздікте болсын десеңіз, ашық сырласуға дайын болыңыз. «Көңіл-күйі жоқ балаға «Осының-ақ қабағы ашылмайды!» деп ұрысқанан гөрі, «Не болғанын айтшы, мен сені тыңдаймын, түсінемін және мәселеңді шешуге көмектесейін» деген анағұрлым жағымды емес пе?
Баланы сабақ үлгеріміне қарап бағалайсыз ба?
Мектепті үздік оқу – өте жақсы қасиет. Себебі, бала кезде алған білім адамға өмір бойы азық болады. Алайда, жақсы оқитын оқушылар көбіне ата-анасының талабы қатаң болғаны үшін ғана үй тапмырмасын орындап келеді. «Жаман баға алсам олар мені жек көріп кетеді!» деп ойлайтын балалар да бар. Білімнің маңызын қорқытып-үркіту арқылы түсіндірем десеңіз, қателесесіз. Баланың қызығушылықтарын сұраңыз, қандай пәннен қиындықтары бар екенін қадағалаңыз. Үйде бала сабақ оқи алатындай жағдай жасаңыз. География қиын болса карта, глобус алып беріңіз, тарихты ұнатпаса музейге апарыңыз, қосымша сабақтарға баруына мүмкіндік беріңіз. Ештеңеге қызықпайтын, тек тамақ ішіп ұйықтауды ғана білетін бала болмайды. Тек бұлақтың көзін ашуға талпыну керек.
Ата-ана мен балалар бірге отырып ойнауға болатын ойындар:
- 3 литрлік банка
Бұл ойынды көлікте келе жатып та ойнай беруге болады. Әр ойыншы «Менде 3 литрлік банка бар. Мен оған саламын…» деп бастап банкаға сиятын затты атау керек. Мысалы – кілт. Егер, біреу банкаға сыймайтын зат атап қойса, жеңіледі. Өте оңай болғанымен, қызық ойын.
- Қалалар
Бірінші ойыншы әлемде бар кез келген қаланы атайды. Екіншісі сол қаланың ең соңғы әріпінен басталатын қаланы айтуы керек. Ойын солай жалғаса береді. Қызығы – бір қаланы тек бір рет атай алады. Ойын кішкентайларымыздың білім көкжиегін кеңейтеді.
- Суретімді жалғастыр
Әкесі не анасы ақ параққа бір фигураны бастап салады. Суретке баласы бір деталь қосады. Осылай, кезекпен әр түрлі нәрсе салынып соңында тұтас бір сурет шығуы керек.
- Жасырын сөзді тап
Бір ойыншы қағазға сөз жазып басқа ойыншыларға көрсетеді. Тек бір адам ғана жасырын сөзді білмейді. Сондықтан, басқаларға сұрақ қою арқылы затты анықтауы керек. Ойыншылар тек «иә» немесе «жоқ» деп жауап бере алады.
- Кездейсоқ әріп
Кез келген кітапты ашып, қаламның жұқпайтын жағымен әріптердің үстінен жүргізеді. Ойыншылар «стоп» дегенде қалам қай әріпке түссе сол әріптен басталатын «АДАМ. ЖАНУАР. КИІМ. ЕЛ» айтып жарысады.
- Мамандықтар
Ата-анасы келуші қонақ, балалары даяшы болып үй ішінде дәмхана жасауға болады. Үйдің үлкендері пациент болып, кішкентайлар оларды қабылдайтын дәрігер болып ойнап көріңіздер. Балалар дүкенші, сіз сатып алушы болып қаржылық сауаттылықты түсіндіру де оңай. Осылай, ойнап отырып-ақ, баланы үлкен өмірге дайындауға болады.