Жылан туралы аңыз

Оқи отырыңыз

Ерте, ерте, ертеде жылан он екі мүшесі түгел жануар болыпты деседі. Ол ұшса қыранды, жүгірсе құланды, жүзсе балықты, сөйлесе адамды жолда қалдыратын болған екен.

Ал сұлулығы басқа өнерінен де асып түсіпті. Жыланның сұлулығын көріп қалған басқа жануарлар оған “қандай әдемісің?” деп айтудан талмапты. Жылан сонда:

  • Осыны да сұлулық дей ме?! Мұрным пұшық, тісім кетік, терім жарқ-жұрқ етіп көзге күйік! Көрген жұрт менен сескеніп, жол бергенде ғой! — деп қалыпты.

Осыны естіген Құдай жыланның көркін алып, түсін суық етіп қойыпты.

Күндердің бір күнінде ұшып келе жатқан жылан:

  • Маған осы мына аспан тарлық етіп жүр. Айды көрмей, жұлдызға жетпей бұлттардың ортасында жүріп әбден жалықтым! — деп қалыпты.

Осыны естіген Құдай жыланның екі қанатын алып қойыпты.

Төрт тұяғымен жерде шауып келе жатқан жылан:

  • Осы жердің үсті де маған қызықсыз. Көз жетер жердің бәрін көрдім. Мен көрмеген не қалды?! — деп қалыпты.

Осыны естіген Құдай жыланның төрт тұяғын алып, бауырымен жорғалап жүріп жердің астын көрсін деп інге тығып жіберіпті. Содан бастап жыланның қу басы мен құйрығы ғана қалыпты. Оған разы болмаған жылан жаратушысын іздеп барыпты. Құдай жылан тәубесіне келіп кешірім сұраса бар сұлулығын, шешендігін, ұшатын қанатын қайтарып беруге уәде беріпті. Жылан олай деп айтуға дәті шыдамай:

— Егер маған бұрынғы келбетімді қайтарып бермесең, бүгіннен бастап сен жаратқан сұлу жануарларға шабуылдап, ұшатын құстардың жұмыртқасын жеп, адамдардың зәре құтын қашырумен айналысамын! — деп шарт қояды.

Аузынан жақсы сөз шықпаған соң Құдай оны мылқау қылып, тіліне бір тамшы у тамызып қойған екен.

 

Ертегі авторы: Айым Алтайқызы

Соңғы жарияланымдар

«Мазалап, қатты қышиды»: Сушиді сүйіп жейтін қазақстандықтың денесінде тері асты құрттары пайда болған

Алматылық Мариям есімді әйелдің күйеуі теңіз тағамдарын, соның ішінде сушиді сүйіп жейді. Алайда 1,5 ай бұрын шикі балықтың құрамындағы...

Ұқсас ақпараттар