Атыраулық шебер су тасқыны кезінде бөгет тұрғызуға көмектескен Пшөн есімді иттің темірден жасалған мүсіні керексіз болып қалғанын айтты, деп хабарлайды Orda.kz.
Бұл туралы ақпарат инстаграм желісіндегі abdulla_kz_kz парақшасында тарады. Су тасқыны кезінде көпшілікке көмектескен итті атып тастаған еді. Сол оқиғадан кейін Азамат Кенжеғалиев есімді темірден мүсін жасайтын шебер Пшөннің мүсінін жасауға кірісті.
«Пшөннің атылуы көптің жанын жаралады. Мен де оның есімі ел есінде қалғанын қаладым. Солайша, өзімде тұрған жүрекше темірлерді пайдаланып, иттің мүсінін жасауға кірістім», — деп жауап берді Азамат Кенжеғалиев.
Шебер Пшөннің естелік мүсінін бір ай ішінде жасап шыққан. Басында Азамат мырзаның ниетіне қолдау білдіргендер көп болған. Қазір дайын болған туындыға ешкім қызығушылық танытып отырған жоқ екен.
Азамат Кенжеғалиев Пшөннің мүсіні қаладағы жарығы бар, ел-жұрт назарына ілігетін жерге қойылғанын қалайды.