Мақсат Мәлік «Second hand» (әңгіме)

Оқи отырыңыз

Заманауи қазақ прозасына өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырып жүрген қаламгер Мақсат Мәліктің сиясы кеппеген жаңа туындысын оқырман назарына ұсынамыз. Шығарманың барлық құқықтары заңмен қорғалған. Материалды автордың рұқсатынсыз көшіріп басуға, баспасөз бетінде жариялауға тыйым салынады.

Second hand

(әңгіме)

* * *

         Ұйқыдан оянғанда әйелімнің ашулы екенін, бұрқ-сарқ сөйлеп жүргенін сезсем, төсектен тұрғым келмей, көрпені басыма дейін тартып, тас бүркеніп алатын әдетім бар. Жүйке жұқарып, шыдамым шегіне жеткенде, оның өзі ара-тұра, қарсы шабуылға көшетінім болмаса, көп жағдайда үндемей құтыламын. Үй ішіндегі анда-санда қайталанатын мұндай көрініске етім үйренген. Әйелімнің кейбір оғаш қылығымды көрсе, кезіндегі тұрмыс тауқыметін еске алып, кейитін әдеті бар, бірақ көбіне зілсіз аяқталады. Көңіл түпкірінде бұғып жатқан жанашырлығын сезгендіктен «сөзінің жаны бар» деп, айқайына көңіл бөлмеуге тырысамын. Бүгін нені меңзеп, нені тұспалдап жүргенін білемін. Бүк түсіп, кірпідей жиырылып, көрпе астында екі қолмен құлағымды тарс жауып алсам да ашулы бейнесі көз алдыма келе береді. Сөзі сүйектен өтіп барады, ауық-ауық қысылып, жанымды қоярға жер табар емеспін. Атып тұрып қарсылық танытайын десем, уәжі орынды. Оның алдында үш күн бойы үндемей, басымды төмен ұстап жүргенмін. Ашуының әлі тарқамағанына таңым бар. Бәрін сол күні-ақ түсіндірген сияқты едім. Тоқтайтын, толастайтын түрі жоқ. Негізі, үш күн бұрын ұрынып қалған жазатайым оқиғаға мен кінәлі емеспін. Сонда да ақталып әлекпін. Оған көнетін әйел жоқ, әйтеуір таңымыз ұрыспен атып, ит пен мысықтай ырылдасып жүрміз.

Тынысым тарылып, көрпені сілкіп ашып жібердім. Ауаны кере жұтып, тың тыңдадым. Ас үйдегі ыдыс-аяқ сылдырымен қабаттасқан әйелімнің дауысы талып естіледі. «Ең құрығында демалыс күні жүйкеме тимесе болады ғой» деп іштей кейісем де, жетіп барып сөз қайтаруға бет жоқ. Амалым құрып, жан-жағыма зер салып, бөлме ішін түгендей бастадым. Ашық терезеден ескен мамырдың майда желі жұқа пердені ақырын тербеп тұр. Көңілге алданыш осы ғана. Екі бала есік алдына ойынға шығып кеткен болуы керек, үйдегі тыныштықты бұзған әйелімнен басқаның үні естілмейді. Үш күн қатарынан үйден аттап басып сыртқа шықпағаным есіме түсіп, ақырындап орнымнан тұрып, төсек үстінде жүрелеп отырдым. Сығырайған оң жақ көзім тартып, ауырсынып барады. Көзімнің астын ұстап едім, күлбүлтеленіп, қол тигізбейді. Оң жақ бетімдегі ісік те алақандай боп үлкейіп кетіпті. «Ісік деген күн өткен сайын қайтушы еді, мынасы қызық екен» деп, төсектің жанындағы айнаға қарағыштадым. Жартылай пандаға айналып кеткендеймін, оң жақ көздің асты-үстіндегі көгерген тұс тұтастай бірігіп, шеңбер жасап дөңгеленіп, қара қошқыл тартыпты. Домаланған қара дақтың ортасынан көзім жылтырап, әрең көрінеді. Түнде жаққан жақпа май әлі сіңбеген, көздің маңайы былжырап, сұрықсыз көрініс жүрек айнытты. Бетімдегі ісік те көгілжім түске енген. Тырс етіп жарылып кететіндей сызданып тұр. «Обалың жоқ, сол күні неге үйде тыныш отыра бермедің?» деген ой сумаң қағып, жер-жебіріме жетіп, сол жақ жартым айнадан өзіме күліп қарайтындай. Күлкі қысып, жүзімді айнадан бұрып әкеттім. Іле-шала «күлкі қыстайтындай не сорың?» деп, өз-өзімді жазғырдым. Төсектен аяғымды түсіріп тұра бергенім сол әйелім:

– Әй, тұрсаңшы. Түс болды ғой, – деді қатты дауыстап.

– Тұрдым, қазір, – дедім де, «алаңсыз жататындай ұйқы бергенің шамалы» дедім іштей күбірлеп. Алда-жалда қарсы бір нәрсе айтсам жағдай ушығып, үй-ішінің астаң-кестеңі шығатындай қауіп бар. Ілбіп басып, жуынатын бөлмеге кіргенім болмаса, беті-қолымды жуып қарық қылмадым. Су-су қолыммен оң жақ бетімді дымқылдап, орамалмен ақырын сүрттім де, ас үйге өттім. Шай құюға кіріскен әйелім бетіме қарап:

– Жасың қырыққа таяды, ұялмайсың ба? Екі күннен бері жұмысқа да бармадың. Жатысың мынау, ешқайда шыға алмайсың, – деп қабағын түйді. Шарасыздық адамды орынсыз ыржалақтатып, ыңғайсыз күйге түсіреді. Мен де еріксіз жымидым. Оң жақ көзім тіптен сығырайып, түк көрінбей қалды. Түрім ерсі көрінген-ау шамасы, әйелім жақтырмай:

– Мына түріңмен екі балаңа көрінуден ұялсаң етті, – деді шай толы кесені алдыма қойып. Жүзінде «бұған дауа жоқ» деген кейіс бар.

– Жұмысты несін алаңдайсың? Басшылыққа ауырып жатырмын деп ескертіп қойдым. Үш күн бойы бәрін айттым ғой. Кінәм жоқ. Кафеден шыға берісте өздері соқтықты. Сосын бәрі жабылып кетті.

– Қазір біреу тұра ұмтылса, жағаласа кететін заман емес. Жанды жеріңнен қатты ұрып, соққы қате тисе, мүгедек болып қаласың. Өлтіріп кетуі де мүмкін. Сол күні ешқайда бармай-ақ қойшы деп қанша жалындым. Тыңдамадың, – деген әйелімнің жанары жасаурап, дауысы діріл қақты.

– Төбелестен адам өле берсе, жер бетінде тірі жан қалмайтын шығар, – деп қалжыңға бұрып едім, үш күн жалыны қайтпаған өртті одан бетер өршітіп алдым. Ас үйде күн күркіреп, найзағай ойнағандай тасыр-тұсыр басталып, жанарынан мөлт-мөлт жас жауған әйелім тоқтаусыз сөйледі. Біресе әлденеге өкінген, біресе тағдырға жалынған назы сүйектен өтіп, жан-тәнімді қылбұрауға салып, сырқыратып барады. Мұндайда мешін жылғы өкпе-реніш, баяғыда ұмытылған екеуара жанжал қайта қылаң беріп, соңғы оқиғаның бояуын қалыңдатып, тым әсірелеп жібереді емес пе… Қолымдағы кесе толы шайды ішерімді, не кері дастарқан үстіне қоярымды білмей, үнсіз тыңдадым. Бір қарағанда сөзінің қатесі жоқ, бәрі айна-қатесіз келіп тұр. Ақталуға дәрмен қайда? Өзімді қанша жерден адал жар, қамқор әке санатына қосып жүрсем де әйелімнің тізбелеген түйдек-түйдек әңгімесі адамдықтан жұрдай еткендей.

– Кешірші, енді мұндай қайталанбайды, – дедім өзге сөз ауызыма түспей. Әсілінде басқа ештеңе айтуға батпадым. Әйелімді жұбатудың ретін таппай қиналдым. Оқыс еңсемді тіктеп, қолымды соза бергенім сол еді, оң жақ қабырғамның тұсы шаншып өтті. Қолтығымның асты көгергенін кеше байқағанмын. Әйеліме естіртуге батылым жетпеген. Бет-әлпетімді көріп шошынып қалған ол мұны естісе тағы нендей күйге түсетінін болжау қиын. Өмірде әрі-сәрі абдырап, не анда, не мында ойысатын жол таппай, екі ортада сең соққандай сенделгеннен асқан ауыр сәт жоқ екен. Әйелімнің дауысы қатқылданып, ұрысы үдегенде басым төмен салбырап, шөге беріппін. Іштегі жасырын алып күш: «Еркек емессің бе? Ұнжырғаң түсіп, тұрысың не? Әлдекіммен төбелесіп келгенің үшін осыншалықты сөз естуің керек пе?!» –  деп, қамшыға басқанымен, алай-дүлей көңілімді сабырға шақырып, ақырын күттім.

Бір кезде от үстінде қақпағын тепкілеп ентіккен шәйнектей ыз-ыз қаққан әйелім сабасына түскендей дауысын бәсеңдетіп:

– Болды. Шайыңды іш, – деді, жасын сүртіп. Әйелдің мінезін түсіну қиын, қас-қағымда әлгіндегі долы мінезінің жұрнағы да қалмай, мом-момақан бола қалды. Әй бәсе, үш күнгі ашудың әйтеуір бір тарқайтын кезі бар ғой. Сыртта жүріп пәлеге ұрынып қалғаным болмаса, отбасының шырқын бұзатын адам емеспін. Осы бір сапырылысқан ойдың сигналын әйелім де сезгендей:

– Жарайды. Төбелессең, басқа біреумен төбелестің. Біздің тынышымызды алмадың. Бірақ екі балаң бар, мен бар – бәріміз саған алаңдаймыз. Үнемі бір бәлеге ұрынасың да жүресің, – деді.

Дүниежүзілік қырғи-қабақ соғыс аяқталғандай, ортамыздағы тоң жібігендей бойым жеңілдеп, әйелімді құшақтай беріппін.

– Уайымдамашы!  Әрі кетсе енді бір аптада бәрі жазылып, жұмысқа да шығамын, – деймін.

Ашуы басылған ол дастарқан жинауға кірісіп, ас үйден шығуға оқталғанымда:

– Айтпақшы, киімдеріңді беріп жібердім, – деді. Не киім, нені айтып тұрғанын түсінбей, бетіне қарадым. Бәлкім сол күні киген киімдерімді химиялық тазалауға беріп жіберген шығар деп ойладым.

– Қандай киім?

– Сенің киімдеріңді деймін.

– Киімнің жазығы не? Қайда беріп жібердің?

– Таңертең сен ұйықтап жатқанда қайырымдылық қорына тапсырып жібердім.

«Мынаны жын қақты ма?» деген күдікпен тез-тез басып жатын бөлмеге өттім де, киім ілетін шкафты ашып қалдым. Менің киімдерім тұратын қатар кәдімгідей сиреп қалыпты.

– Мұның не? Қалған киімдер қайда?

– Айттым ғой, қайырымдылық қорына тапсырып жібердім.

Өзімді жалаңаш қалғандай сезініп, шкафты ақтара бастадым. Қалжыңы шығар дейін десем, беті бүлк ететін емес. «Сонда қалай? Менің рұқсатымсыз киімдерімді тапсырып жібергені ме? Кейде ескі киімдерді арнайы пакетке салып қоқыс жәшігінің жанына апарып қоятынымыз, болмаса ауылға беріп жіберетініміз бар. Қайырымдылық қоры қайдан шыққан?»

– Қалжыңды қой. Қайда жібердің? Мына жерде киімнің жартысына жуығы жоқ қой, – дедім тұтығып. Үш күн бойы әйелімнің алдында өзімді кінәлі сезінгенім адыра қалып, ашу қысып, дауысым жуандап, түйлігіп шыға келдім.

– Дұрыстап қарсаңшы, тек қана second hand-тан сатып алған киімдеріңді беріп жібердім. Қалғаны ілініп тұр, міне, – деген әйелім шкафтағы киімдерді қолына алып, төсектің үстіне қойды.

– Кеше түнде телефон ақтарып жатып бір зерттеу мақала оқып қалдым. Ескі, киілген киімде теріс энергия болады екен.  Түсіндің бе?

– Оның маған, әсіресе дәл қазіргі жағдайға қанашылықты қатысы бар? Ештеңе түсіне алар емеспін.

– Теріс энергия сол киімді киген адамға әсер етуі мүмкін. Есіңде ме, төбелесіп, беті-көзің көгеріп келетін күні қандай киім киіп едің?

– Қоңыр көйлек. Алдында ғана аялдама артындағы second hand-тан сатып алғанбыз.

– Көрдің бе, бәрі айна-қатесіз келіп тұр.

Әйелім маған болжамы расқа айналғанына массаттанғандай қарайды. Бір мысал өмірлік ұстанымның айғағы емес қой. Оның бұл әрекетін неге жорырымды білмедім.

– Бұл жай сәйкестік. Бір жағдайға бола бүкіл жақсы киімдерімді беріп жібергеніңе жол болсын. Оның үстіне, осыдан он жыл бұрын алғаш рет second hand-қа кіргізіп, киім сатып әперген өзің емес пе? «Байлардың өзі осы жерден сатып алып, елде жоқ киімді киеді» дегенің қайда?

– Оның рас. Ол жерден елде жоқ киім табасың. Бірақ ол кезде жағдайымыз қиын еді ғой. Тапқан табысымыз жарқырап киім кимек түгілі, тамағымыздан артылмайтын. Қазір Құдайға шүкір, біреудің алдына түсіп кетпесек те өз қолымыз өз ауызымызға жетіп тұр. Ендігәрі second hand-тан киінбейікші.

– Әлгі қоңыр пиджак пен сары туфлиді де беріп жібергенсің бе?

– Иә, екеуін де тапсырдым.

Ішім удай ашып кетті. Киім үшін айқайға басайын десем, беделім оңып тұрған жоқ. Пиджак пен туфлиді апта басында орталықтағы үлкен second hand-тан таңдап жүріп алғанбыз. Қымбат брендті пиджак тіптен киілмеген сияқты, жап-жаңа. Сірә, бұрынғы иесі өте ұқыпты адам болғанға ұқсайды. Әлде жүздеген пиджагі бар қалталы біреу болды ма екен, әйтеуір жұтынып тұр еді. Сары туфли де алыстан көз тартқан. Жете бергенімде алдымдағы біреу қағып әкетіп, әрі-бері киіп көріп, айна алдында олай-былай жүргенімен үлкен болып, басын шайқап амалсыз сөреге қоя бергенде мен қағып алдым. Киіп едім, шап-шақ. Италияда жасалған. Оң жақ өкшесі сәл кетілген демесең, жаңа аяқ-киімнен түк айырмашылығы жоқ. Пиджак пен туфлиді сатып алсам да, әлі киюге қимай жүргенмін. Қапелімде көзімнен бұлбұл ұшқаны жаныма батып барады.

– Есің дұрыс па? Қайдағы бір мақаланы оқып, тым жақсы киімнің бәрін ұстатып жібергенің не? – деп, дүрсе қоя бердім. Әйелім алған бетінен қайтпады. Әр сөзін дәлелдеп, түсіндіріп жатыр.

– Есіңе түсірші. Бұған дейін екі рет аяғың сынды. Одан кейін сол жақ бір қабырғаң сынды. Оған жағыңның сынғанын қосып қой. Бәрі менің есімде. Түнімен жалықпай тізбелеп шықтым. Сол оқиғалардың бәрінде second hand-тан алған киімдерді киіп жүріпсің, – деп, әр саусағын бүккен сайын жаны кіріп, көзі жайнап барады. Бәлкім сөзінің жаны да бар шығар, бірақ есіме ештеңе оралар емес. Ашулан, зығырданың қайнасын, бәрібір кеткен киім қайтып келмейді. Үш күнгі тоң-теріс қалпынан әрең бері қарағанда киім үшін әйелімді жазғырып жатқым келмеді. Сонда да іштегі текетірес арнасына толып, бәрібір бір нәрсе айтып қалуға жетелей жөнелді.

– Менің жолымды байлаған теріс энергияның өзгелерге кесірін тигізбесіне сенімдісің бе? Қай қайырымдылық қорына тапсырдың? – деп сұрадым.

– Қоқысқа тастауға қимадым. Әлгі су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап жатқан қайырымдылық қорына апарып тастадым. Бәрібір ешкім кимейді. Өткенде теледидардан көрдік қой. Жұрт ескі-құсқының бәрін жинапты. Ішінде жыртық іш киім де жүр, – деген ол төсек үстінде шашылған киімдерімді жинастыра бастады.

Айтарға сөз шығын. Қолымды бір сілтеп, төргі бөлмеге бардым. Әйелім артымнан «беті-көзіңе жақпамай жағуды ұмытпа» деген. Селқос «иә» деп жауап қаттым. Диванға жайғасып, теледидар қостым. Қай арнаға ауыстырсам да «қиын-қыстау қилы заманда, не болмаған байтақ даламда» деп басталатын ән сарнап, құлақ етіңді жейді. Теледидарды өшіріп, қайтадан жатын бөлмеге кіріп, бүк түсіп жатып қалдым. Көз алдымнан, санамнан жарқ-жұрқ ектен сары туфли мен  қоңыр пиджак кететін емес…

* * *

Сол күні тамаққа зауқым соқпады. Ұйқы қанық. Ескі алдында сергіп келейін дедім де, ойымнан тез айныдым. Көгерген көз бен іскен бетімді көрген көршілердің танитыны себебін сұрайтыны, танымайтындары жүзіме үңіле қарайтыны шүбәсіз. Әрі балаларымның достарынан да ұят. «Әкеңе не болған» десе, олар да ыңғайсыз күйге түсетінін сездім. Шыны керек, әйелім естірткен әңгімеден соң төбелестің жайы ұмытылып, бар ойым киім-кешекке ауа берді. Біреудің киімін екіншісі кисе, оның несі айып? Онда тұрған не бар? Үйдің кенжесі болғандықтан алдымдағы ағаларымының киімін киіп өстім. Тіпті бойшаң болғандықтан мектеп кезінде-ақ жігіт болған ағаларымның киімін киіп алатынмын. Бірде сыныптастар бас қосқан кешкі отырысқа ортаншы ағамның «попугай» көйлегін киіп барғаным есімде. Ол кезде оқушы басыңмен ондай көйлек кисең, әп-сәтте бәрі сені айналшықтап, мәртебең, бәсің артып кететін. Сыныптас қыздар да ерекше көзбен қарайтынын аңғарасың. Өйткені сол жылдары ондай көйлекті үлкендер ғана, онда да ауыл ішінде ілуде біреу үстіне ілетін. Түрлі-түсті, қызылды-жасылды көйлектің сол кештегі буы әлі жадымда. Тотықұс онсыз да әдемі жаратылыс қой, ал көйлекке бедерленген түрлі бейнесі жарықпен шағылысып, әрқандай түске енгенде арқаңа қос қанат біткен пегастай оқыранып шыға келесің. Бұл бір көйлектің хикаясы ғана. Бала кезімізде сондай хикаяның талайы болған. Бір-бірінің, үлкеннің қысқарған киімін кішісі кигенін ерсі санамапыз. Әйелім айтқан теріс энергияның ауылы ол кезде аулақ болды ма, әлде сенім, түсінік басқа болды ма, дәл қазір оны ажырата алмайсың. Қысқарған киімдерімді көршінің менен кіші балалары киетін. Бірақ біз ол кезде үлкен қалада second hand деген дүкен болатынын, ескі, киілген киімдер сатылатынын білмедік. Студент кезімде әдемі әрі қымбат киімдер киіп жүретін қалалық бір курстасымнан ол туралы естігенім бар. Соншалықты мән бере қоймаппын. Біз жазғы және қысқы демалыстан ауылдан оқуға қайта оралғанда бүкіл барахолканы адақтап, шыттай болып киініп алатынбыз. Кейін, соңғы он жыл көлемінде second hand-тың тұрақты клиентіне айналыппын.

Алғаш сол дүкеннің табалдырығынан аттағанда жан-жағыма қарағыштап, қаралай қысылып, қара терге малшындым. Әлдекім маған: «Ананы қара! Ескі киімдер сатып алуға келіпті», – деп, сақ-сақ күлетіндей жүзімді төмен салып, ішке кіріп кеткенмін. Қолымнан ұстап алған әйелім түк қысылатын емес, базар аралағандай емін-еркін жүр. Ауық-ауық:

– Өткенде жұмыстағы бір қыз осы жерден көйлек алыпты. Әдемі екен. Еуропалық бренд, сапасын сөзбен жеткізе алмайсың. Ондайды бұ қаладан итпен іздесең де таппайсың, – деп, бір кезде мені тастап, қатар-қатар ілінген қалың көйлектің ортасына кіріп кетті. Әйелімді жұмысындағы әріптестері қанаттандырып жібергенін аңғару қиын емес. Әйтпесе екеуіміз бұған дейін second hand-тың маңына жолап көрмеппіз. Бала кезде біріміздің киімін біріміз киіп өссек те, ескі, киілген киімді сатып алу деген түсінік болған емес. Әйелім осы жаққа келе жатқанымызда:

– Ол жерде киілген киім сатылғанымен бәрі химиялық тазалудан өткен. Әріптесім уайымдама деген, – деді. Онысы рас екен. Есіктен кіре салғанда химиялық сұйықтықтың жағымсыз иісі танауымды жарып жібере жаздаған. Бара-бара үйреніп, түк сезбей кетесің.

Мен ыңғайсызданып, состиып тұрып қалдым. Көз қиығымды ерлер  киімі жағына тастағанмын, үш-төрт кісі көңілі қалағанын қолына ұстап, киім ауыстаратын бөлмеге кетіп жатыр. Әйелдер арасында қол арбаға шетінен салып, тау қылып тиеп алғандары бар. «Мұншама киімді не істемек?» деп ойладым. Тіпті бір киімді екі жағынан тартқылап, таласып қалғандарын көрдім. Іші кең екен, әйелім мені ұмытып кеткен секілді, әрі-бері мойынымды созып едім, көзіме түспеді.

Біз барған күн – жаңа тауар түскен уақыт. Есік алдында сатушы біреуге жаңа тауар келгенін, апта сайын дәл осы күні киімдер жаңартылатынын айтып жатты. Адамның көптігі содан шығар деп топшыладым. Мысықтабандап қатар-қатар тілізген ерлер киіміне қарай жақындадым. «Әй, сен не істеп жүрсің?» деп, кезіккен таныс біреу шап беретіндей, жан-жағыма ұрлана қараймын. Мені елеп жатқан ешкім жоқ. Бәрі киім таңдап әуре.

Бағасы әр түрлі. Ескісі де, жеңі қырқылған көйлек те, әлі жапсырмасы алынбаған шалбар да – бәрі тұр. Бірінен бірі өтеді. Көзге түскен киімдерді қаланың ең қымбат бутиктері болмаса, басқа жерден ешқашан кезіктірмейсің. Қызғыш күрте көзіме оттай басылды. Қолыма алып, айналдыра қарап шықтым. Жап-жаңа, киілген деп айтуға да ауызың бармайды. Мұндай түстегі, мұндай сападағы күртенің жаңасы әкесінің құнын сұрайды. Ал мынаның бағасы көңілге қонымды. Мұндай ақшаға базардан арзан күрте ғана алуға болады. Өлшемі де маған келетін сияқты. Қызғыш күртеге арбалып қанша тұрағаным есімде жоқ, басымда көтеріп қалсам, бейтаныс кісі маған тесіліп қарап тұр екен. Тұра зытып, кассаның қасынан бір-ақ шықтым. Бір заматта әйелім келді. Көңіліне жаққанының өлшемі келмеген, өлшемі келгенінің модасы ұнамаған. Ештеңе таппапты. Менен:

– Ұнайтын бірдеңе таптың ба, – деп сұрады.  Күмілжи беріп едім:

–  Ұнаса айтсаңшы, неменеге бет-моншағың үзіліп тұр? – деді. Қолымды созып, анадай жерде ілініп тұрған қызғыш күртені көрсеттім. Әйелім жылдам барып алып келді де, «киіп көр» деді. Бетім қызарып, әрең дегенде кидім. Құйып қойғандай шап-шақ. «Аласың» деді. Үндемедім. Ақшасын есептесіп, сыртқа беттедік. Есік алдына шыққанда ғана арқамнан ауыр жүк түскендей «уф» деп терең тыныстадым.

Ертеңіне қызғыш күртені жұмысқа киіп бардым. Әріптестердің бәрі жамырап, «қайдан алдың?» деп күні бойы сұраумен болды. Киімге әуестігі басым бір ағамыз:

– Әдемі күртені қайдан тапқансың? Екеуміздің өлшеміміз шамалас, маған сатсаңшы, – дегенде шалқамнан түсе жаздадым. Біздің ең алғаш second hand-тан киім алуымыз осылай басталған.

Төсекте дөңбекшіп, күнұзақ бала кездегі естеліктерді тізбеледім. Құлағымнан «теріс, жағымсыз энергия» жөніндегі әңгіме кетер емес. Әйелім айтқан оқиғалар қай жылы, қай күні болғаны жадымнан өшпегенімен, сол сәтте қандай киіммен жүргенім есімде қалмапты.

Иә, алғаш сол аяғым сынғанда жақын араласатын ағамыз ұлды болып, соны құттықтауға барғанбыз. Жылы, күні де санамда сайрап тұр. Оң аяғым сынғанда жаңа жылдық мереке қарсаңында әріптестермен бас қосқанбыз. Сол жақ бір қабырғам сынғанда бір ақынның кітабы жарық көріп, соның тұсаукесерінде жолыққанбыз. Жағым сынғанда таудағы пикникте жүргенбіз. Оның бәрі есімде. Енді не істеуім керек? Сол күндері қандай киім кигенімді есіме қалай түсірсем екен? Кейде қарбаласып жүріп, апта басында қанда киім кигеніңді ұмытып қаласың, ал он жыл ішінде не киіп, не қойғаныңды қалай дөп табасың? «Әлде әйелімнен сұрасам ба?» деп оқталдым да, райымнан қайттым. Өйткені бүгінгі уәжіне көңілім сенетін емес.

Кеткен киім-кешек кетті, құр босқа ішің ашығанмен қайран жоқ. Бір көзім сығырайып, алаңсыз телефон шұқылауға кірістім. Facebook-те біреу екі жыл бұрын салған суретіме лүпіл басып, пікір қалдырыпты. Бұл менің жағым сынып, ауруханаға түсетін айда жүктеген суретім. Кенет ойыма бір идея сап ете қалды. Телефонның экранын сұқ саусағыммен жедел сырғытып, Facebook-гі жеке парақшамды ақтардым. Маңызды сәт немесе есте қалатын күнде бәріміз жеке парақшамызға сурет жүктейміз. Көңілдің әр сәтін бөлісіп отырамыз. Бұл маған әлгі айтылған оқиға кезінде қандай киім киіп жүргенімді анықтауға мүмкіндік бермек. Ойым алдамапты.  Жылы, айы мен күні бойынша іздей бердім. Алғаш сол аяғым, содан кейін оң аяғым, сол жақ қабырғам және жағым сынған күндерді таптым. Бәрінде әсерлі сәттен сурет жүктеппін. Өз-көзіме өзім сене алар емеспін, сол оқиғалардың бәрінде second hand-тан сатып алған киімдерімді киіппін. Сол аяғым сынған күні киіп жүрген қара көк барқыт шалбарды қалай ұмытайын. Аяғым қатты ісініп, шалбарды шешу мүмкін болмағанда дәрігерлер қайшымен қидалап кесіп тастаған. Екінші аяғым сынған күні үстіме ілген сары күрте де есімде. Одан кейін басымнан өткен оқиға кезінде де үстімдегі киімді жазбай таныдым. Үш күн бұрын киіп шыққан қоңыр көйлектің жайы айтпаса да түсінікті. «Сонда осы киімді алғаш сатып алған адамдардың өмірінде нендей жағдай болды екен» деп ойға баттым. Алайда әйелім әлгі мақалаға сүйеніп «теріс энергия» дегенді алға тартқанымен, сол күндері қандай киім кигенімді беске біледі дегенге сене қоймадым. Бәлкім ол да Facebook-гі жеке парақшамды ақтарып шықты ма екен? Мүмкін сәйкестік шығар.

Соңында сан ойланып мұның бәрін әйеліме айтпаймын деп шештім. Үш күннің ішінде үшінші мәрте алдында ұнжырғам түсіп, жығылғым келмеді. Әркім өз шындығын қабылдап, соған сенгені абзал деп ойладым. Маған бүгінгі оқиғаның бәрі шытырман сәттерден құралған детектив кино секілді елсетеді.

* * *

Арада бір-екі айдың шамасы өткен. Тән жарақаты жазылып, әлдеқашан жұмысқа қосылғанмын. Әйелімнің реніші де, қайырымдылық қорына кеткен киім-кешектің қайғысы да ұмытылған. Неге екенін білмеймін, содан бері second hand-қа аттап баспадым. Үйде мұндай тақырып көтерілмейтін болған. Ал әйелім өткізіп жіберген киімдер су тасқынынан зардап шеккендерге жетті ме, жетпеді ме, о жағынан хабарсызбыз. Кейін ел-жұрт бас сауғалап, елдің біршама өңірін қарғын су жайпап жатқанда қайдағы киім-кешек үшін қайғырып, ашуға берілгеніме өзімді кінәлап та үлгердім. Қу тіршілік арсыз ғой, бәрі де ұмытылып, түк те болмағандай жүре береміз.

Кешкі уақыт. Әдеттегідей троллейбусқа мініп, үйге қайтып келе жатқанмын. Іштегі ығы-жығы адам, у-шу мен кептелістен құтқаратын, ойыңды бөліп, көңіліңді аулайтын жалғыз дүние – ұялы телефон. Иінтерскен жолаушылардың бәрі солай ойлайтыны тұрысынан-ақ көрініп тұр. Қолдарында телефон. Жолақыны төлеп, мен де сенсорлы экранға үңілдім.  Tik-тok, Іnstagram желісін бір шолып келіп, Facebook-ке ойыстым. Әлеуметтік желіде елдің талқысына түсетін әр күннің екі-үш тақырыбы бар. Әсіресе су тасқынының қарқыны қайтқанымен, зардабы жұрт аузынан әлі түспеген уақыт. Назарым екі тақырыпқа ауды. Күндіз жұмысбасты болып аңғармаған екенмін, екеуі де түстен бері қызу талқыланып жатқанға ұқсайды.

«Оңбаған! Ел суға кетіп, халық қайғырып жатқанда араққа сылқия тойып алыпты». «Мұндай шенеунікті соттау керек!» «Сенген серкем сен болсаң…» «Қайрымдылық қоры ақша жымқырса, басқадан не күтесің!» «Аузымыздан жырып беріп жүрсек, бұлар халықтың ақшасын ұрлап алыпты!»

Facebook-тегі түрлі жазба мен пікірден көз сүрінеді. Әупірімдеп әңгіменің ауанын ұқтым. Су тасқыны болған аймақта аудан деңгейіндегі бір шенеунік арақ ішіп, көлік тізгіндеп, полицияға ұсталыпты. Қарсылық көрсетіп, қорқытуға көшкесін қолына кісен салып, қамап тастапты. Ал әлдебір қайырымдылық қорының жетекшісі ақша жымқырып, гуманитарлық көмекті талан-таражға түсіріпті. Күдікті уақытша тергеу изоляторында отыр екен. Қоғамдық көліктегі қолайсыздық адыра қалып, ойым сан тарапты кезіп кетті. Гуманистік ойлар санамды қытықтап бұлқынғанымен, кімге кінә артарымды білмедім. Қайтадан телефонға үңілгенім сол, белгілі блогер әлгі екеудің ұсталған сәтіндегі видеоны таратып жатыр екен.

Күндіз. Абыр-дұбыр дауыс. Полицейлер қызметтік көлікті қоршап алған. Ішіндегі адам түсетін емес. Қарсылық көрсетіп, есігін құлыптап алған. Бір кезде полиция қызметкері ебін тауып, есікті ашып қалып еді, әлгі адам екі аяғымен тепкілеп, жанына жан баласын жуытпады. Аяқтарын ербеңдеткен сайын туфлиі көзіме жылы ұшырай берді. Іле-шала қайырымдылық қорының жетекшісі ұсталды деген видеоға үңілдім. Жап-жас жігіт. Басы төмен салбырап, антикор қызметкерінің сұрағына «иә» деп қысқа жауап беріп, бас шұлғып тұр. Іштей «үстіндегі қоңыр пиджак сондай жарасымды екен» дедім де, көз алмай тоқтап қалдым. Таныс пиджак… Таныс туфли…

– Тоқтаңызшы, тоқтаңызшы! Осы аялдамадан түсіп қалайын.

Троллейбустан алқын-жұлқын атып шықтым. Тура өзі! Жазбай таныдым… Сол пиджак, сол туфли…

Мақсат Мәлік

 

 

 

 

 

 

 

 

Соңғы жарияланымдар

«Мазалап, қатты қышиды»: Сушиді сүйіп жейтін қазақстандықтың денесінде тері асты құрттары пайда болған

Алматылық Мариям есімді әйелдің күйеуі теңіз тағамдарын, соның ішінде сушиді сүйіп жейді. Алайда 1,5 ай бұрын шикі балықтың құрамындағы...

Ұқсас ақпараттар