2024 жылғы Букер сыйлығына үміткерлердің қысқа тізімі жарияланды

Оқи отырыңыз

Қазылар келіп түскен 156 шығарманың ішінен қысқа тізімге 6 шығарманы лайық деп тапқан. Қысқа тізімде әйел авторлар басым. Алты автордың біреуі ғана ер адам екені белгілі болды.

Шығармаларды қабылдау 2023 жылдың 1 қазанынан басталып, қыркүйек айына дейін жалғасқан делінді Букер сыйлығына арналған сайтта.

Қазылар алқасының төрағасы суретші әрі жазушы Эдмунд де Ваал, ал мүшелері құрамында бірнеше марапат иесі Сара Коллинз,  The Guardian-ның көркем әдебиет бөлімінің редакторы Джастин Джордан, әлемге әйгілі жазушы Юн Ли, сондай-ақ музыкант, композитор, продюсер Нитин Сонни бар.

Қысқа тізімге әлемнің бес елінен алты автор енген. Қысқа тізімге енген туындылар:
  1. Персиваль Эвереттің James шығармасы, АҚШ
  2. Саманта Харвидің Orbital шығармасы, Ұлыбритания
  3. Рэйчел Кушнердің Creation Lake шығармасы, АҚШ
  4. Энн Майклздің Held шығармасы, Канада
  5. Яэль ван дер Вуденнің The Safekeep, Нидерланды
  6. Шарлотта Вудтің Stone Yard Devotional  шығармасы, Австралия

Сайтта үміткер шығармалар туралы: «Тізімде оқырманын әлемге сапар шектіретін, тіпті Жерден жыраққа алып кететін де туындылар бар. Бір шығармаларды оқып отырғанда қиял әлеміңіздегі саяхат Бірінші дүниежүзілік соғыс майданынан басталып, Австралияның шалғайдағы бір ауылында оңаша, тыныш өмірмен аяқталса, енді бірінде Американың 19-шы ғасырдағы өміріне сүңгіп, 60-шы жылдары жырақта қалған голландиялық үйден бір шығасыз. Халықаралық ғарыш стансасын қиялмен аралап, француз ауылына топ ете түсесіз. Бұл шығармалар ақиқат іздеудегі және тарихтағы қайшылықтарды, туған үй мен отбасының гравтиациялық тартылыс күші сарындас тақырыптарды көтергенімен құнды», – делінген.

Букер сыйлығын табыстау шарасы 2024 жылдың 12 қарашасында Лондон қаласында өтеді. Салтанатты шараны BBC Radio-ның Front Row бағдарламасынан, Букер сыйлығының YouTube және Instagram желілеріндегі парақшасынан тікелей эфирден тамашалай аласыз. Жеңімпаз 50 000 фунт стерлиң ақшалай сыйақы мен Iris (жеңімпаз Айрис Мердок құрметіне берілетін сый) сыйлығын алады. Ал қысқа тізімге енген авторлардың әрқайсына 2500 фунт стерлиң ақшалай сыйақы беріледі, сондай-ақ кітабын ерекше мұқабамен басып шығару мүмкіндігін иеленеді.

Букер сыйлығы 1968 жылдан бастап беріліп келеді. 2014 жылдан бастап оған Ұлыбританияда кітаптары жарияланған кез-келген ағылшын тілді жазушы шығармасын ұсына алатын болды. Бұрын сыйлықты тек Ұлыбритания, Ирландия және Британ Достастығы елдерінің авторлары ала алатын.

Букер сыйлығының қысқа тізіміне енген авторлар және олардың шығармалары туралы қысқаша мәлімет:

Персиваль Эверет. James

Персиваль Эверетт – «Джеймс» романымен Букер сыйлығының қысқа тізіміне енген, бұған дейін Пулитцер сыйлығының финалына дейін барған танымал америкалық жазушы. «Джеймс» – Марк Твеннің әйгілі «Гекльберри Финнің хикаялары» атты шығармасына қайтадан жаңа көзбен қарауға шақыратын туынды. Оқиға Джим есімді құлдың Жаңа Орлеанға сатылып кететінін, отбасынан, қызынан айыратынын біліп қойып, Джексон деп аталатын арал маңына жасырынып қалуынан басталады. Гекльберри Фин де туған әкесінің қатыгездігінен қашып құтылу үшін өтірік өледі емес пе? Дәл солай «Джеймс» романында Джим есімді жігіт Джеймс деген жаңа есім алып, небір түрлі шытырман оқиғаны бастан кешіреді.

Роман The New York Times Book Review, Esquire, W Magazine, Bustle және LitHub нұсқасы бойынша үздік кітап атанған. Оны экрандау құқығын Universal Pictures сатып алып, кинокартинаға айналдырмақшы. Стивер Спилберг фильмнің продюсері болады.

Саманта Харви. Orbital

Version 1.0.0

Саманта Харви – ағылшын жазушысы, бірнеше романның авторы. Шығармалары AMI, Betty Trask жүлделерін жеңіп алған. «Орбитал» шығармасы Оруэлл атындағы, Букер атындағы сыйлықтардың қысқа тізіміне еніп отыр. Роман 2023 жылы жарық көрген. Сюжеті метереологиялық ақпараттар жинап, ғылыми тәжірибе жасап, адам ағзасының мүмкіндіктерін тексеру мақсатында ғарышқа аттанған алты астронавт туралы. Олар Жер ғаламшарын бақылап, оны алты рет айналып шығады. Сол сапары барысында небір түрлі ғажайып көріністердің куәсі болады. Алайда ғарыш әлемі қанша қызықтырса да, ғарышкерлер Жерге деген сағынышын баса алмайды, Жердегі белгісіз тартылыс күші оларды өзіне шақырады да тұрады. Бір күні Жерден қаралы хабар алса, бір күні адамдарды қырып салған тайфунды бақылауға мәжбүр болады. Олар Жер беті, адамзат, жақындары үшін қорқады, оны қорғауға тырысады. Роман оқырманынан «Жер шары болмаса, өмір бола ма? Адамзат болмаса, Жер шары бола ма?» деп сұрайды.

Рэйчел Кушнер. Creation Lake 

Creation Lake («Ғажайып көл») – отыз төрт жастағы америкалық құпия агент әйел туралы роман. Адам алдаудың аяусыз әдіс-тәсілін меңгерген сұлу да, батыл кейіпкерді арнайы тапсырмамен Францияға жібереді. Өзіне «Сэди Смит» деген лақап есім алған ол Париждік Люсьенді өзіне ғашық етеді. Оны кездейсоқ кездесіп қалғанына сендіріп, әбден пайдаланады. Белгісіз бір жақтан нұсқау алып, әрекет ететін Сэди уақыт өте келе «тапсырыс берушілер» өзінен көп нәрсе талап ете бастағанын түсінеді. Сөйтіп жүріп тек қана электронды поштамен хат жазысатын Бруно Лакомб есімді құпия біреудің тұтқынына түсіп қалады. Тыңшылар туралы жаңа триллер автордың айтуынша, негізінен, өмірде болған оқиғалар мен әлеуметтік жәе саяси белсенді кейіпкерлердің өмірінен алынған.

Энн Майклз Held

Канадалық жазушы Энн Майклздің  Held (Құрсауда) романы 1917 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғыстан аман қалған Эн Джон есімді кейіпкердің тағдыры туралы. Джон соғыстан Солтүстік Йоркширге жаны жаралы оралады. Хелена есімді суретшімен бас қосып, бұрынғы фотографтық кәсібін қайтадан қолға алады. Алайда өткен өмірі жанына тыныштық бермей, елестермен арпалысып, мұның себебін түсіне алмй дал болады. Соғыстан құтылса да, оның құрсауынан шыға алмаған кейіпкер туралы роман – сезімдерді тереңінен қозғайтын, ұмытылмас кейіркерлері мен образдары бар, даналық пен жанашырлыққа толы шығарма. Авторы Энн Майклс –Orange әдеби сыйлығының, Guardian өнер сыйлығының, Trillium кітап сыйлығының және Гуггенхайм стипендиясының иегері.

Яэль ван дер Вуден The Safekeep

Голландияда туған израильдік жазушысы Яэль ван дер Вуденнің The Safekeep (Сақтау) шығармасында Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін 15 жыл өткен соң орын алған оқиға баяндалады. Бас кейіпкер Изабель шағын ғана нидерландық қалашықта, анасынан қалған жұпыны үйде жалғыз тұрып жатады. Қол астындағы жалғыз қызметшісін әбден қанап, тек өз тәрбітін орнатып үйреніп алған Изабельдің үйіне ағасы Луи Ева есімді сүйіктісін алып келеді. Еванің мінез-құлқы Изабельге кереғар. Міне, осы кезден бастап екі әйелдің арасындағы тартыс, үйдегі заттардың белгісіз жағдайда жоғалуы сияқты түсініксіз оқиғалар орын алады. Жалғыздықты сүйетін Изабель мен өмірге ғашық Еваның қақтығысы арқылы өмірдің өзін суреттейтін шығарманы «оқырман ұзақ уақытқа дейін ұмыта алмай жүреді» дейді Амазон сайты кітап туралы.

Шарлотта Вуд Stone Yard Devotional

Stone Yard Devotional (Мінәжаттың тас қақпасы) Тағдырдан тепкі көріп, таусылған кейіпкер оңаша өмір сүру үшін Сиднейден кеткісі келеді. Австралияның түкпіріндегі суық бір жерде қалған өзі өскен шағын діни жамағатына баруды ойлап жолға шығады.  Құдайға сенетін, бірақ құлшылық етудің не екенін білмейтін ол жамағатына жетсе де, ешкіммен араласпай, диуанаға ұқсап өмір сүруді жалғастыра береді. Алайда оның өмірін кездейсоқ келген үш мейман астаң-кестең етеді.

Шарлотта Вуд Австралия жазушысы, бірқатар әдеби сыйлықтың иегері. Бірнеше романның авторы 2016 жылы The Natural Way of Things шығармасы Stella сыйлығын алса, Indie Book  Awards оны «жыл романы» және «жыл кітабы» атады.

«Алқа ақпарат»

Суреттер интернеттегі ашық дереккөздерден алынды

Соңғы жарияланымдар

«Мазалап, қатты қышиды»: Сушиді сүйіп жейтін қазақстандықтың денесінде тері асты құрттары пайда болған

Алматылық Мариям есімді әйелдің күйеуі теңіз тағамдарын, соның ішінде сушиді сүйіп жейді. Алайда 1,5 ай бұрын шикі балықтың құрамындағы...

Ұқсас ақпараттар