Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде өзінің атынан алаяқтардың жасанды интеллектің көмегімен әрекет етіп жүргенін айтып, көпшілікті сақ болуға шақырды.
Министрдің айтуынша, алаяқтар өзінің атын жамылып, жасанды интеллектің көмегімен адамдарға дауыстық хабарлама жіберіп жүр.
“Құрметті достар! Кейінгі уақытта белгісіз біреулер менің атымнан таныс және бейтаныс адамдарға жасанды интеллект көмегімен дауыстық хабарламалар жіберу жағдайлары жиілеп кетті. Сіздерден осындай хабарламаларды елемеуді, бейтаныс нөмірлерді бұғаттауды сұраймын. Бұл – алаяқтардың әрекеті. Алданып қалмаңыздар”, – деп жазды Аида Балаева.
Ол қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.
Желі қолданушылары бұл жазбаның астында жасанды интеллектің пайдасынан көрі зияны көп болатыны туралы айтса, енді бірі еліміздегі киберқылмыс мәселесін көтерді.
“ЖИ зияны көп болатын секілді”, “Құдай сақтасын”, “Алаяқтар әр мүмкіндікті қалт жібермейтін боп тұр ғой”, “Киьерқылмыспен күресетіндер қайда қарап отыр”, “Елдегі «киберқылмыстың» ауқымын ескерсек, меніңше, несие беру мен жылжымайтын мүлікті сатуға байланысты онлайн транзакцияларға заң жүзінде тыйым салу керек сияқты”, “Алаяқтар министрліктегілерге де ауыз салған ба”, – деп пікір қалдырды желі қолданушылары.