Парасат майданы — жазушының философиялық ойларынан, дүниеге деген көзқарастарынан тұратын туынды. Кейіпкердің хат арқылы қоятын сауалдары, оқырманды тірішілік құпиясына құнықтырып, терең ойларға жетелейді. Авторға осы шығармасы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығы табысталған. Назарларыңызға аталмыш шығармадан алынған цитаталарды ұсынамыз:
«Үш күннен кейiн адам тозаққа да үйренедi» дейдi. Қиындыққа, тауқыметке төзу, қалыптасу, бәлкiм, тiршiлiк үшiн қажет те шығар, бiрақ адамның күнә мен қылмысқа, арсыздық пен әдiлетсiздiкке етi үйренуi — ең зиянды, ең қатерлi дағды.»
«Тәннiң ауруы астан дейдi. Ал кермек ойдан жаның аурады.»
«Менiң ойымша, адам өмiрi — жақсылық пен жамандықтың мәңгiлiк қақтығысы деген қалыптасқан тұжырым әлi де ойлануды қажет етедi. Себебi жаңағы Жамандық пен Жақсылықты жеке-жеке бұғалықтап, екi жаққа бөлiп қоя алмайсың. Көшеден кез келген бiр адамды ұстап алып, оның жақсы-жаманын айыру мүмкiн емес. Үйткенi, ол бiреуге жақсы болса, бiреуге — жаман; жауларына — жексұрын, жарына — аяулы, достарына — сүйкiмдi т.с.с. Адамның жақсы көру, жек көру сезiмдерi де әлгi екi ұғымға тiкелей қатысты емес. Яғни адам үнемi жақсыны жақсы көрiп, жаманды жек көре бермейдi.»
«Ең қызығы — Жақсылық пен Жамандық қанша кереғар болғанмен, бiрiмен бiрi өзектес, сабақтас, бiр бiрiнсiз күндерi жоқ егiз құбылыс.»
«Бүгінгі әлеуметтік мінез-құлық: өзінен басқаның бәрін иттің етінен де жек көретін өлермен өзімшілдік,жексұрын мақтаншақтық,жаны ашымас қатыгездік, мейірімсіздік, іштарлық-паталогия емес пе сонда? Бойындағы міні шашынан көп болса да,өзімен күресіп жүрген бір адамды көрмейсің.Көшедегі жүз адамды ұстап алып,сырлассаң, бәрі де әлдекімнен қиянат көрушілер болып шығады. Сонда қиянат жасаушылар қай жақта жүр?»
«Адамзат бақытты болу үшін, ең алдымен, өзінің кім екенін анық білуі керек. Яғни өзінің əулие емес, күнəһар пенде екенін мойындауы керек. Оны мойындамайынша, ешкім мәңгі рухани азаптан арыла алмайды.»