Биыл қоғам қайраткерлері, ағартушы-ғалым, алаш арыстары Тел Жаманмұрынов пен Телжан Шонанұлының өмірден өткеніне 86 жыл болып отыр. Осыған орай қайраткерлердің жерлестері мен ұрпақтары аруақтарға құран бағыштап, аудан көлемінде ас берілді.
Телжан Шонанұлы — Алаш Орданың оқу комиссиясының мүшесі, тілтанушы-түркітанушы, доцент, қоғам қайраткері, ағартушы, ғалым-педагог, әдіскер, әдебиетші, тарихшы, аудармашы, қоғам қайраткері. Ол — ана тілінің қамқоршысы, қазақ бастауыш мектебінің әдістемесінің негізін қалаушы.
Тел Бұқпанұлы Жаманмұрынов — Алаш қайраткері, ауылшаруашылығы ісін дамытуды мемлекеттік дәрежеде ұйымдастырушы.Түркістан-Сібір теміржолын жобалау және жабдықтау шараларына да қатысты.
Қос қайраткер де қазақ елінің көркейіп, саналы қоғам құруына күш салды. Алайда, Ақтөбе облысы, Ырғыз топрағынан шыққан екі арысқа да «ұлтшыл» деген айып тағылып, 1938 жылы тұтқында ату жазасына кескен болатын.
Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де олардың ғибратты істері мен мұралары ақтаңдақтардан арылып, енді ғана насихатталып келеді. Биыл Тел Жаманмұрыновтың туғанына 136 жыл, Телжан Шонанұлының туғанына 130 жыл толып отыр. Осыған орай, Ырғыз жұрты ардақты азаматтарының есімін ұлықтап, ауқымды шара ұйымдастырды.
11-12-13 қазан күндері басталған іс-шара Ырғыз ауданындағы Т.Шонанұлы атындағы көшеге қайраткерге арналған ескерткіш белгі қоюдан басталды. Ескерткішті ауыл ақсақалы Сейтқұл Махаев ашып, игілікті шарамен құттықтап, батасын берді.
Одан кейін, «Арай» мәдениет үйінде қос ғалымның өмірі мен қызметіне арналған «Алаштың қос арысы» атты ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды. Тарихыи тағылымы зор жиынға Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Светлана Одепқызы Смағұлова мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбай Сағынғалиқызы Алматы қаласынан арнайы келіп қатысты.
Тұлғаларды еске алуға араналған мәдени шаралар жалғасын тауып, концерттік бағдарлама ұласты. Одан бөлек, бірнеше аудандық командалар бақ сынаған спорттық сайыстар да тартысты өтті. Ырғыз ауданына қарасты Құтикөл ауылында алаш зиялыларының аты берілген саябақ ашылды. Шара барасында:
- 25 шақырымдық»Аламан» бәйге;
- 18 шақырымдық «Тоқ» бәйге;
- 80 кг салмақ дәрежесінен жоғары «Түйе палуан»;
- 60 кг салмақ дәрежесінде оқушылар арасындағы «Түйе палуан»;
- «Аударыспақ»;
- «Арқан тартыс»;
- «Қошқар көтеру»;
- Ересектер арасында «Қол күрес» ;
сияқты жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қомақты ақшалай сыйлықтар табысталды.
Мемлекет және қоғам қайраткерлері Тел Жаманмұрынов пен Телжан Шонановты еске алуға арналған шаралар 13 қазанда Құтикөл ауылында жалғасты. Қайраткерлерді еске алу шарасына орай ұйымдастырушы азаматтар Құтикөл ауылдық саябағын жаңғыртуды қолға алған болатын. Әуелі осы жаңарған саябақтың ашылу салтанаты болып өтті.
Құтикөл ауылының тұсында халқымыздың салтымен ағаш үйлер тігіліп, ұлттық құндылықтар насихатталды. Аламан бәйге, тоқ бәйге, аударыспақ секілді ат спортының түрлері жанкүйерлердің қанын қыздырып, делебесін қоздырды. «Түйе палуан», қол күресі, қошқар көтеру, арқан тартыс сайыстары да тартысты өтті.
Бұдан соң жағалай тігілген ақшаңқан үйлерде ежелгі қазақ салтымен ас беріліп, ата-бабалар рухына құран бағышталды. Дастархан басында шежіре мен тарихтан тағылымды әңгімелер айтылып, ән мен күй қалықтады. Ауа райының қолайсыздығы көпшіліктің жақсы көңіл-күйіне бөгет бола алмады.
Ырғыздық қос қайраткерге арналған екі күнге созылған шаралар өткенге құрмет болар, келешекке бағдар берер мазмұнмен өткізіліп, Ырғыз жерін дүбірге бөледі.