Қызусыз тәнің, Сезімсіз жаның –Болады кәрілік белгісі. Оны да сезбей,Үмітін үзбей,Келмейді шалдың өлгісі. (Шәкәрім)
***
Көкжиектен тағы бір таң талықсып атып келеді. Күл салғышта он шақты шылымның қалдықтары үйіліп жатыр. Демек, Сейсен түні бойы жазумен айналысты деген сөз. Шабыт қысып, жазуға отырған түні ең алдымен темекіге тықыр таянады. Осы бір улы шөптің бықсығын жұтқаннан пайда жоғын білсе де, байыз таппай тыпыршып кеткен көңілін басқа немен тыныштандырарын білмейді. Тағы да тажал таяқшасының біреуін алып тұттатты да, құшырлана түтінін жұтты. Түнде өзі жазғандарын оқып, тояттанып отырған секілді. Дөңгелекті креслосын айналдырып жіберіп орнынан түрегеліп балконға шықты.
Қалғымайтын қаланың қыбыр-жыбыры көбейген тағы бір таң атып келеді. Сейсен өз музасына арнаған поэмасын осы таңда аяқтап, енді ұйытауға жатпақшы. Сейсеннің жүрегіне шоқ түсіріп, жастық шақтан бері жазылмаған махаббат тақырыбын есіне түсірген өз студенті болатын. Студент болғанда да, биыл ғана мектепті бітіріп келген 18 жасар Әдемі есімді қыз. Ата-анасы осы қыздың көрікті болып бой жететінін болжағандай есім беруде шатаспапты.
Сейсенің шығыстану факультетінде дәріс оқып жүргеніне жиырма жылдан асты. Алдынан қырдың қызыл түлкісіндей құлпырған неше бір ару өтті. Жақсы баға үшін жағынып сөйлейтіндерді де де, сабақтан бас алмайтын оқымысты қыздар да, кермаралдай керілген кербездерді де, ешкіммен шаруасы жоқ томаға тұйықтар да алдынан өтті. Педагог болған соң «психолог» деген тағы бір мамандықты өмірдің өзі меңгертіп шығарады екен. Сонша уақыт жастармен жұмыс істеген жылдары Әдемі сияқты қызды алғаш көруі. Көзге түссем екен деп талпынбайды. Ақылсынып сөйлеп артық баға да дәметпейді.
Әдемі расында да арбап алар ажарға ие қыз. Бірақ, сұлу болу деген осы екен деп жұртты орынсыз өзіне қаратып, қылымсыған қылық көрсетпейді. Өзгелерге биіктен қарап, өктем сөйлегенін де көрмейсің. Кішіпейіл, мейірбандығы басым бойжеткен. Көңіл күйі жақсы кезде түнімен жазған конспектісін жоғалтып алған адамды да кешіре салады. Ал, қабағы қатулы кезде ешкіммен амандаспай тым-тырыс сабаққа келіп кетуі мүмкін. Ол өзінің қуатты магниттей тартымдылығы бар екенін білмейтін тәрізді. Білсе де, оны артықшылығым деп ойламайтын болса керек. Сабақты ел қатарлы оқиды. Жазуға берген тапсырмаларды аса мұқият орындайды. Байсалды. Ал оның анадан артық туған осы бір сыртқы һәм ішкі сұлулығынан бас ала алмай жүрген жанның бірі – Сейсен. Ол өзінің осы сезімінін көңіл құмарлығы, сезімге шөліркеген кәрі жүректің сандырағы деп ойламайды. «Пайғамбар жасына келгенде он екіде бір гүлі ашылмаған қызға өлең арнап жүргенім қай сасқаным?» деп қымсынбайды да. Ол үшін жылдар бойы ұйқыда жатқан ұлы сезімнің, яғни махаббаттың бас көтеруі — бақытпен тең.
Талай жыл бәйгеден қалыс қалған аттай көңілі Әдіміні еске алса алысқа шауып, тулап кетеді. Кеудесін әлдебір ой қыдықтап, жастық шағымен қайта қауышқандай күй кешеді.
Сейсен ешкімнің жұлуға дәті бармайтын жауқазын гүлді өзінің сезімімен жапырып тастаймын деп қауіпткенген жоқ. Ешкім қолын тигізбеген, ары былғанбаған ақ жаймадай жас жүректі кірлетіп алам деп алаңдамады. Жұрт мұнымды естісе, есінен алжасқан кәрі қақпас деп ойлайды деп басын қатырған жоқ. Өз әлімінде қалықтап жүре берді. Мұның жасында адам баласы ақыл тоқтатып, дүние туралы терең ой түйетіні рас еді. Бұл да бұрынғыдай атақ, ақша, даңқ пен дақпырт дегенге онша ұмтылмайтын болды. Бірақ, тән қартайғанымен жан жасара түссем деген тілегінен танбақ емес. Ол бойын балқытып жүрген сиқырлы сезімді, өз студентіне деген жасырын махаббаты ерекше құбылысқа балап, тіршіліктің құдіретіне тәнті болып жүр.
Жүрегіммен келе алмай келісімге,
Түн ұйқымды ұрлаттым сен үшін де,
Ғарыштан келген ғажап бейне ме едің?
Адамсың ба, жоқ әлде перісің бе?!
Профессор өзі жазған өлең жолдарын сүйсіне оқыды. Көптен бері кеудесін жұлмалап жүрген жыр жолдарын қағазға түсіріп жеңілдеп қалғанына дән риза. Бұл оқытушы ретінде өз ісінің маманы. Тамақ ішу, теледидар қарау деген сияқты істерге уақытын қимайтын, үнемі ізденіс үстінде жүретін адам. Осы заманның оқыған, зиялы адамының бірі осы. Бірақ, неше түрлі ғылыми еңбек, зерттеу мақалалары мен монографиялардың ешқайсы оған осынау шын махаббаттан туған төрт жол өлеңдей ұлы көрінген жоқ. Бүкіл ғұмыры осылай ес-түссіз ғашық болу үшін берілгендей, шығармышылығының шыңына осы сезім ғана жеткізетіндей масаттанып тұр. Осы риза пішінмен ол жатын бөлмеге барып қисая кетті. Жақсы нәрсе жазған түннің ертесі ол түске дейін тапжылмай қорылға басады.
Гүлді көрпенің екінші шетінде шүйкедей кемпір пысылдап ұйықтап жатыр. Бұл – Сейсеннің құдай қосқан жары, балаларының анасы Айнаш. Екеуі отбасын құрғандарына отыз жылдан асып кетті. Бірақ, бейнеттің бәрін үнсіз көтеріп жүрген жан жарына жыр арнамақ түгілі, жылы сөз айтпағанына қанша жыл өтті.
Кейде маған адамның жүрегіндей опасыз мүше жоқ көрінеді. Біз ет жақынымыздың мәселесін тыңдап, жан дүниесіне үңілгіміз келмейді де, айдаладағы ит пен мысықтың аш жүргенін көрсек жүрегіміз елжіреп қоя береді. Сенімен қиындықты бір көрген адамға алғыс айтып, аяғына жығылудың орнына, басқа бір жақсыны көрген кезде жүрегіміз атша тулап, аңсары сол жаққа ауып кетеді. Сонда жүректі билейтін асқақ сана, адамгершілік қасиет адамда қалмағаны ма?
Біреудің біреуді сүюі – біреудің жанындағы күйігі екенін Сейсен қайдан түсінсін. Керемет туынды жазып шыққанына масайрап, маңайындағы асыл адамдарын мүлде ұмытып кеткен. Ол үшін мына бет-аузын әжім басқан әйелі басына жастанып жатқан жастықпен бірдей. Түнде ғана қасында. Басқа уақытта күйі қандай деп іздеп, уайымдап көрген емес. Ыңғайы келсе астына басып қана өмір сүріп келеді. «Басы ауырмағанның Құдайда несі бар?!» дегендей ас-суын дайындап, бала шағасын бағып отырған адам болған соң ғана ерлі-зайыптылар сияқты өмір сүрді. Бірақ, жастай ұнатып алған адамын кейін шын жүрегімен жақсы көруді ұмытып қалған.
Сырттай қарасаң «Үлгілі отбасы» болып көрініп, той төрінде бірге отыратыны болмаса бұлардың арасында сырласу, ұғысу деген сезімдер атымен жоқ. Тек жұрттың «текті жердің адамдары, отыз жыл отасқан беделді семья» деген атағы үшін бір керуетте ұйықтап жүрген секілді.
Сейсен түске таман бір-ақ оянды. Басқа бір әйел болса «Жауды жапырып келгендей жайбырақат жатуын қарашы. Тұр!» деп, күңкілдеп жүріп оятар еді. Айнаш өйткен жоқ. Сейсенің жуынатын бөлмеге кіріп, жұтқыншағына желім жабысқандай ұзақ жөткірінгенін естіген бойда, қайтадан шай қайнатып, таңертең әзірлеген бауырсақтарды, таңқурай тосабын және қолдың қаймағын үстелге қойды. Ауылдағы ағайынның балалары Сейсеннен жұмыс сұрап жиі қолқа салады. Солардың бір-екеуіне орайы келгенде жұмыс тауып та берген. Сол жасаған жақсылығы үшін ауылдастар сый-сияпатын аяған емес. Осы үйдің дастарханынан ағарған, сүрленген қазы, мұздатылған балық үзілмейтіні содан. Бәрі — ауылдың дәмі, тіпті, параның заңдастырылған түрі десе де болады.
«Май сасытып не пісірдің таң атпай?! Түнімен жұмыс істеп, мызғып алайын десем. Тарсылдатып мазамды алдың ғой»
Сейсен мес қарнына сақалынан тамшылаған суды сүртіп тұрып осылай деді. Айнаш ренжудің орнына, кінәлі адамша күмілжіп:
— Сәке, шай дайын. Таңертең пошташы газеттеріңіздң алып келді. Кеңсеңе апарып қойдым.
Айнаш тілін тістеп сөзінің аяқ жағын айтпай қалды. Ол таңертең күйеуінің кеңсесінде ретсіз шашылып жатқан қағаздарды да жинастырған. Әдетте, қағаздардағы жазуды әдейілеп оқымайтын. Көзіне шалынған көп әріптен тіпті басы айналатын. Ол үшін жазу — азабы мол, қияметі көп жұмыс болса, оны оқу — қылкөпірден көзіңді байлап өткендей бір әурешілік. Ал, бүгін бір әумесер ой бүйірін түрткілеп, ақ парақтағы өлең жолдарына қарашығы қадала қалды.
Беймаза хәлге өзің бөледің кеп,
Жүректе сенсіз-ақ та көп еді дерт.
Күннің өзі асығып ататындай,
Сенің әсем күлкіңді көремін деп
Ал мен сені күннен де қызғанамын
Айнаш ақ парақтағы сиясы кеппеген тармақтардан көзін тайдырып әкетті. Отағасының өлең оқығанды, жаттап алып отырыс-тойларда айтып жүретінін біледі. Тіпті, бұрын Сейсеннің өз жыр жинағы жарық көрген. Бірақ, жазбаларының ешқайсысы Айнашты дәл осы өлеңдей толғандырып көрмепті. Біреудің өлеңі шығар деп те ойлады. Бірақ, өлең махаббат туралы болған соң, жалындаған жүрек сөзі болған соң байыз таба алмады. «Кімге сонша есі кетті?» деген суыт ой көңілге сызат түсіп үлгерді. Сейсенге бұл туралы айтпады.
— Таңертең столыңды жинадым. Күлсалғышың толып қалыпты. Шылымды азайтсаң қайтеді?! Қорылдағанда өкпең гүрілдеп, зәремді алып жүр.
Сейсен Айнаштың сөзін қаперіне алмастан дастарханға жайғасты. Ол әдетте әйелінің жанашырлықпен айтқан сөздерін құлағына қыстырмайды. Зайыбын осы үйге Құдайдың өзі жіберген құлша жұмсайды.
— Былшылдамай, тез шайыңды құйшы.
Айнаш әлгінде оқыған өлеңді ұмытайын десе де, көңілге түскен бір кірбің ұлғая берді. Сейсенге шәй толы шыны ұсынған сайын кәрі шалына ұрланып, мұқият қарайды. Солай қараса, өзіне беймәлім сырдың бір шеті ашылардай, көкейіндегі көп ойға жауап табылардай телміреді. Бірақ, жауап жоқ. Көз алдында шашы тұрмақ сақалына дейін ақ түскен кәрі сұлба. Екі қастың ортасына түскен терең қыртыс. Әдетте оны ойлы, оқыған, зиялы адам етіп көрсететін де сол әжімі тәрізді. Түк басқан жалпақ беттен лайықты орнын тапқан қыр мұрны және бар. Көз алдында — алпыстың ар жақ бері жағына жетеғабыл профессор шал. Өзі отыз жыл бұрын танысқан сыпайы да сырбаз жігіт осы. Өзі отыз жыл бір шаңырақ астында өмір сүрген, екі қыз, бір ұлға ғұмыр сыйлаған жан жолдасы да сол. Алайда, елдің бәрі сыйлайтын осы оқымысты шалмен соңғы рет қашан ақтарыла сырласып, шешіле сөйлеп, бір-бірін мейірлене жақын тартқаны есінде жоқ. Есте жоқ ескі заманда қол ұстасып тойдан қайтып еді-ау. Ол кезде Айнаш та сұлу бойжеткен емес пе еді?! Одан кейінгі өмір диірменнің тасындай айналып өте беріпті. Бір-бірінен айнымайтын бірсарынды күндер. Көбіне Сейсенді күтумен немесе қорылын тыңдап өтетін түндер. Бала-шағаның тамағы. Отағасының қызметтестерін қонақ қылу. Арасында ел-жұрт шақырған жерге бірге бару… Тағы да Сейсенге анықтап қарады. Осы бір жалынышты, жаутаң көзқараста зая кеткен ғұмырын қайтарып алғысы келгендей бір меңіреу мұң жатыр еді.
Осы бір қабағы қатулы шалдың абыройы үшін бар ғұмырын сарп етіпті. Түнгі ұйқысының тыныш болуы, киімдерінің сақадай сай тұруы, ас-ауқатын былай қойғанда, келімді-кетімді қонақтарын риза етіп, бала-шағасының бір өзі жүріп өсірудің өзі ерлік қой. Бұл жақсылық па әлде жанкештілік пе өзі де білмейді. Осы үшін ешқашан артық құрмет дәметіп те көрмепті. Күн сайын ерте тұрып таңғы асын әзірлеп, шығарда аяқ киімінің шаңына дейін сүртіп беру — ол үшін бұлжымайтын өмір салтына айналған.
Сөйтіп жүргенде өзі де қартайып, қатпыш кемпірге айналыпты. Елуден енді асқан өзі қатарлы әйелдер көштің алдын бермей сәнденіп, сыланып-сыйпанып жүреді. Бұл болса бейнет көрмесе де шөгіп, бір уыс болып қалған.
Ал, енді елеусіз ғана ғұмырында бірінші рет осы шалды қызғанып отыр. «Түнімен қиялданып. ұйықтамай өлең арнайтындай кімді ойлап жүр?» деп таң қалып отыр. Жас кезінде де талай бикештермен хикая болған. Сайтан суды сілтеп алған күндері Сейсен үйге қонбай, киімдеріне әлдебір ғажап әтір сіңген күйінде қайта оралатын. Жас кезде басқа түскен сынақтың өзі көрген түстей тез, қаңбақтай жеңіл бола ма екен?! Айнаш ондай кездері көз жасын сығып алып қайта еңсесін тіктеуші еді. Енді ел анасы жасына жетті. Екі ауыз өлең үшін өзін қоярға жер таппай отыр. Ол Сейсеннің зілді даусынан селк ете түсті.
— Бажырайып не істеп отырсың. Барып киімдерімді дайында. Кешке баратын жерім бар…
— Бүгін демалыс қой. Қайда барасың?!
— Демалыс болса үйде отырған сендерге демалыс. Менің шаруаларым бар.
— Кешке немереміз келеді. Келінің де келем деген. Баламыз жұмыстарымен бір жаққа барам депті. Немеремізді бірге қарай тұрайық дегенім ғой. Сағынған шығарсың…
Сейсен тағы да естімеген сыңай танытты. Кесе түбіндегі шайын сіміре салып, үстіне киімін ілді де сыртқа ұмтылды.
Жексенбіде жұрт «Ақсай-4» шағын ауданындағы «Арыстан» базарына ағылып жатыр. Сейсен адам көзінен тасалау жерге барайын деп ойын алаңына келіп еді. Құжынаған көп баланың шуына шыдамай арырақ кетті. Қаланың бұл бөлігі — өркениеттің зуылдаған көшіне ілесе алмай, өткен ғасырда қалып қойған сияқты. Тым қарабайыр. Сейсенге кезінде осы ауданнан мемлекет үй берген. Талай лауазымды адамдар қонақ болған құтты шаңырағын қаланың басқа сәулетті ғимараттарына алмастырғысы жоқ. Осы жерде өсті, өнді, талай ғылыми еңбектерін осы бес қабатты тұрғын үйдің аядай болконында отырып жазып шықты. Балалары да бұл үйде алғаш тәй-тәй басты.
Бала демекші, бүгін кешке немересі мен келіні келеді екен. Ғазиз — Сейсеннің кенже ұлы. Одан бөлек екі үлкен қызы бар. Жастай көрген қызығы — қос қызын жақсы көргенімен, Ғазизге деген ықыласы ерекше болды. Қазақтың дүниетанымында, ер баланы ғана ұрпақ санатына қосатын көзқарас мұның да бойынан табылғаны ма, әлде әкелік махаббаты үшінші перзентін көргенде толыса түсті ме, кім білсін?! Әйтеуір, Ғазизді бауырына басып, өзіне жақын тартты. “Өскенде жолымды қуатын осы болады, көр де қалыңдар «Ғазиз Сейсенұлы» деген ғалым шығады” деп жас баланы иығынан түсірмеуші еді. Есі кіргенде дәрісхана мен кітапхананың ортасында да алып жүретін болды. Жан-жақты болып өссін деп үйірмелерге де жаздырды. Сөйткен баласы, өсіп қаржы саласына оқуға түсті. Әкесі нұсқаған философия іліміне ықыласы болмады. Қазір шағын бизнесі бар. Жақсы жерден үй алды. Несиеге алынған көліктері де бар. Үш жыл бұрын үйленген. Алған келіншегі бір ауыз қазақша білмейтін қаланың сылқымы болып шықты. Ұзатылып келген күні ақ: “Аташка, апашка. После свадьбы мы будем жить отдельно, чтобы друг-другу не мешать” деп тарс еткізген. Сол жолы ұлынан Сейсеннің көңілі біржола қалып еді. «Үміт еткен көзімнің нұры балам» деп өсірген ұл сонда жас келінге бір ауыз қарсы сөз айтпай басын шұлғып отыра берген. Небір қысылтаяң шақта дес бермейтін қызыл тілі сонда бір күрмеліп еді-ау.
Ақыры кенже ұлы мен келіні тойдан кейін басқа пәтерге көшіп кетті. Қуанышты күндерден үмітті көңілдің қуарған даладай өңі қашты. Ғазизін сағынды. Оған артқан үлкен сенімі орындалмағанына опынды. Ара-тұра немересін жіберіп тұрады демесең, қазаны бөлектің қайғысы қашан да бөлек қой.
«Дүние – жалған» деп күбірледі де қалтасынан арзанқол темекісін алып тұтатты. Осындай күрсінісі көп, терең ойларға батқанда ол осындай темекіні ғана түтіндетеді. Ал, шабыт қысып, шарықтаған шақтарында шет елден құрметті профессорлар әкеп берген қымбат маркалы шылымдарды шегеді.
Бұл саналы ғұмырында қанша студенттің бағын жандырып, ғылымға баулыды. Қанша жас шәкіртті тәрбиелеп маман етіп шығарды. Солардың бірқатары өзімен бір оқу орнында дәріскер болып та жүр. Бірақ, өз балаларын лайықты адам етіп шығара алмадым деген бір өкініш өксік боп тамағында тұрады. Оған кінәлі өзі екенін біледі. Бар ойы — жұмыста болды. Екі қызының қашан бой жетіп тұрмыс құрып кеткенін де байқамай қалды. Ал, Ғазизді кітапқа құмар қып өсірсем, ғұлама болады деп күткен. Онысы да бекер екен.
Қартайып, қайраты тайған шақта ешбір баласы мұның хәлін сұрап хабарласпайды. Немерелері де құшақтап мойнына асылмайды. Ал, бала-шағаның бұлай безбүйректеніп кеткеніне кінәлі — Айнаш деп ойлайды. Іштей бар кінәні соған ысырып қойғанымен, түпсанасында бір түйткіл өзінің де обалы жоқ екенін есіне салғандай жанын сыздатады да тұрады.
Сейсен бұлтпен қымталған тау құзарына көз тастап ойға батып кетіпті. Төс қалтасында тұрған телефоны шыр ете түсті.
— Армысыз, ағай! Демалыста мазаласам айып етпеңіз. Кешке Мүсірепов театрына 12 студент баратын болдық. Сізбен қосқанда 13 билет алып қойдық, 17:50-де театр алдында күтеміз.
Бұл Әдемінің әсем дауысы еді. Ол 2-курстың 201-тобының старостасы. Сейсен өз музасына айналған қаршадай қызбен қалай уақыт өткізудің ретін таба алмай, осы жексенбі барлық топпен театрға барайық деп ұсыныс тастаған. Пысық қыз сол тапсырманы бұлжытпай орындап, билет те алып қойыпты.
— Амансың ба, қызым. Жақсы айналайындар. Есіме салғаның дұрыс болды.
Сейсен үйге көңілденіп оралды. Кеңседе біраз жазу жазған соң, көптен күткен кездесуіне асығып кетті. Уәде еткеніндей студенттер ұстаздарын тосып тұр екен. Қойылым біте салысымен жастар топ-топ болып бөлініп, өз жөндерімен кетті. Әдемі театр алдында әлдекімді күткендей жан-жағына қарап тұр екен.
- Қызым, бәрі қайтып кетіпті. Сен неғып тұрсың?
- Аа, ағай. Мен бір досымды күтіп осы жерде бола тұрамын.
- Ендеше мен саған серік болайын.
Ұстаз бен шәкірт Абылай хан даңғылын бойлай қатарласып жүріп келеді. Екеуі қазір ғана тамашалаған қойылым туралы ұзақ әңгімелесті. Әңгіме ауаны қазіргі өнердің хәл-ахуалына ауысып, қазақ қойылымдарының жасандылықтан арылып келе жатқаны туралы, тағы қандай әлеуметтік мәселелерді театр төрінде қозғауға болатыны жайлы пікірлерге ұласты . Әдемі — өнердің қай түріне де шын жанашыр. Өзі таңдаған мамандығын да сүйіп оқиды. Көрген оқыған дүниесінен ылғи да пәлсапа, ғибрат іздеп тұрады. Өзінің жаңашыл көзқарасымен және терең білімімен ағайын тағы да таң қалдырып келеді.
Сейсен сәтті пайдаланып өзі жазған драмалық шығарма туралы да тілге тиек етті.
— Пионер кезімізде бізді Москваға лагерьге апаратын. Сонда театр дегенді алғаш көрдім. Ауылға келгеннен кейін де әсерінен айыға алмай жүрдім. Әуезовтың, Жансүгіровтың пьессаларын оқып, ойша сахнадағы қойылым елестететін едім. Содан студент болдық. Оқыған, тоқығаннан бөлек, бастан өткен небір оқиғалар бар. Солардың басын қосып “Тығырықтан шығар жол” деген қойылымға сценарий жаздым. Жас жігіттердің арасындағы әлімжеттік туралы. Дедовщина дейміз ғой… Ол заманда екінің бірі түрмеге отырып шыққан, әңгіменің бәрі тек жұдырықпен шешілетін уақыттың бір құбылған кезі еді. Бірақ, біздің кезімізде ерлер – батылырақ, қызуқанды ал арулар нәзігірек болған сияқты ғой. Айтайын дегенім, университетте «Студенттік көктем» деген сайыста біздің топ менің шығармамды сахналап 1-орынды жеңіп алды. Өзім басты рөлде ойнап, үздік актер деген атақты тағы алдым.
— Ағай, сіз жан-жақты, барлық жағынан өнерлі екенсіз ғой. Сол шығармаңыз қазір өзіңізде бар ма? Оқуға бересіз бе?
— Бір жерге жинап қойған болуым керек. Іздеп көрейін.
Кейбір адамды мақтасаң кірпідей жиырылады. Ал біреу жүрген-тұрған жерінде мақтау тілеп жүреді. Тіпті, қошемет сөз бір адамдардың тіршілігіне тыныс беріп тұрған – жанармай деуге де болады. Сейсен – сондай адамдардың санатында. «Өнерлі екенсіз» деген сөзге делебесі қозып, бойы көтеріліп қалды. Енді орайы келіп тұрғанда тағы бір ойын жүзеге асырмақ болып сөз бастады. Онысы Әдеміге арнап жазған арнауын әдемілеп табыстау. Өлең жазылған парақты құр ұстата салмай, жас қызды үркітіп алмай, әдемілеп ұсыну.
— Қызым, айналайын. Сен ол ескіліктің шығармасын қайтесің? Мен саған басқа бір туындымды оқуға берейін. Бірінші семестрдан бері сені жақсы танимын. Көз алдымда өсіп келесің. Енді, сен менің сөзімді сөкеттік санамай, соңына дейін тыңдағайсың. Барлық адам «балалық, жастық, қарттық» деген кезеңнен өтеді ғой. Бірақ, шығармашылық адамы, оның ішінде ақындардың жүрегі ол заңға бағынбайды. Ақынның жүрегі таңертең бала болып оянады. Жақсылыққа сеніп, жамандықтан жеріп тұрады. Күндіз ол жүрек – алаулаған албырт жастықтың бүлкіліне басады. Түнде жалын атқан жас жүрек қариядай күңіреніп шыға келеді. Сен менің жүрегім жастық шақтың жырын жырлап тұрғанда жолықтың. Алғашында, атына заты сай неткен Әдемі қыз деп тамсанғаным жасырын емес. Кейін алғылығыңа риза болдым. Ал, сосын…
Сейсен сөз табудан сүрінбей келе жатқанын сезіп тұрса да, ары қарай ойын қалай жеткізерін білмей кібіртіктеп қалды. Сөз – жебе тәрізді. Айтуды ғана емес, атуды, атқан соң дөп тигізуді де білу керек. Дәл қазір орынсыз айтылған сөз қиыс кеткен жебедей не айдалаға атылады, не қыз жүрегін жаралап тынады.Сейсен онсыз да шашырап бара жатқан ойлары одан сайын көгеннен ағытылып кеткен қозылардай бетімен кетпесін деп Әдеміге тура қарамауға тырысты. Ары қарай дауысы сәл дірілтеп кеткен соң, бір жөткірініп алды да:
- Сен мені дұрыс түсін. Өзім қартайсам да, жүрегі жасарсам деп тұратын «творческий» адамбыз ғой. Оның үстіне, сұлулыққа сүйсіну жаспен, басқа да өлшемдермен шектелмеуі керек.Қысқасы, өзің себеп болып кеше бір өлең өмірге келді. Соны, қысылмай қабыл алып, оқып шығып бағаңды берсең деп алып келдім.
Әдемі тық-тық етіп басып келе жатқан қадамынан жаңылып қала жаздады. Биік өкшелі бәтеңкелер бір-біріне шалынардай болып шатасты да қалды. Ол кілт тоқтап, «осы менің естігенім шын ба?» дегендей Сейсен ағайына қарады. Есеңгіреп, аузына ә дегеннен сөз де түсе қоймады. Сонда да көзқарасымен профессорды тесіп барады.
- Айттым ғой, дұрыс түсінбей қалма деп. Шығыс арулары табиғатынан ұяң келеді. Тіпті, өзіне айтылған жақсы сөз, комплиментті де жаңсақ ұғады. Түсінем. Бұл біздің қанға сіңді әдетіміз, менталды психологиямыз. Иба деген сол… Мен шығыс әйелдерінің феномені туралы көп зерттедім ғой. Білем. Сондықтан, дәл қазір ештеңені ойламай мына қағазды сөмкеңе салып ал. Бір күні оқып, пікіріңді айтарсың асықпай.
Сейсен енді біраз тұрса Әдемінің ызғарлы жанарының суығына сіресіп қатып қаламын деп қорыққандай, қолын қалтасына салып алға қарай тербеле басып кетіп қалды. Әдемі мелшиіп тұрып қалды да, Сейсен ұзап бара жатқанда артынан дауыстады:
- Ағай, ағаай, тоқтай тұрыңызшы!
Қыз профессордың жанына жүгіріп жетті.
- Бұл өлең туралы әйеліңіз біле ме?
Сейсен мұндай сұрақ күтпесе керек.
- Оның не қатысы бар? – деді қапелімді не жауап қайырарын білмей.
Әдемі бір күрсініп алды. Осы күрсінісінде айтылмай жатқан көп-көп ойлардың лебі бар екені түйсігі бар адамға түсінікті еді.
Әдемі қолындағы парақтардың қыртысын жазып ашты да:
— Кейінге қалдырып қайтеміз? Осы жерде оқып, талдай бермейміз бе?!
Ол өлең жолдарын дауыстап оқи бастады. Сол сәт Сейсеннің бетінен оты шықты. Түнімен өзі жазып шыққан шедеврдің әр шумағы қазір өзіне атылған ыстық шоқтай тұла бойын күйдіріп барады.«Аспанда күн, жерде мен бірдейміз ғой, Көріп тұрып тәніңе тие алмаған» деген жолдарға келгенде Сейсен шыдай алмай кетті.
— Доғар болды! Мен бұл өлеңді көшенің ортасында қор қылсын деп жазғам жоқ, — деді, ашудан әлде ұяттан түтігіп.
— Ал, мені анам сіз сияқты кәрі шалдар өлең арнасын деп туған жоқ!
Сейсен Әдеміден мұндай жауап күтпесе керек. Сасқанынан тамағын қысып тұрған галстукты тартқылай бастады. Әдемі өлең жазылған қағазды қайтадан бүктеп қойды да:
— Мен сізді асқан білімдар, оқымысты профессор деп танушы едім. Сөйтсем, қызқұмарлығыңыз да бар екен ғой…
— Жетер, қызым. Осы сөзің үшін керек десең мен сені оқудан шығарта алам.
— Ааа енді солай қорқытасыз ба? Ал, мен сізді осы өлеңіңіз үшін жұмыстан да шығарта алам. Керек десеңіз сіздікі – қылмыс! Жас қызға сексуалды сипаттағы өлең арнағаныңызды ректорат естімесін.
Сейсен мырс етіп күлді. Ішіндегі қайнап жатқан ызаны осылай жасырмақшы. Сонда да астыңғы ерні дірілдеп, иегі кемсеңдеп кәрі терісіне әрең сыйып тұр. Соны көрсепеу үшін қалтасынан темекісін алып тұтата бастады.
— Ағай, қанша дегенмен ұстазымсыз ғой. Бұл өлеңді сіз жазбаған болыңыз, мен оқымаған болайын. Бұл түсінбестік осы жерде қалсын.
Әдемі Сейсеннің қолындағы оттықты сұрап алды да өлең жазылған хаттарды өртей бастады. Алқызыл алау жыр жолдарын жалмап, қою қоңыр күлге айналдырып бара жатқанда қыз қолындағысын қоқыс жәшігіне тастап жіберді.
— Жақсы ағай, бұдан да тәуір шығармаларыңыз бар ғой. Бір өлең өртенгенге қайғырмассыз. Кезінде Абай Шәкірімнің «Кәрілік» деген өлеңін сынапты. Сонда, Шәкәрім осыған дейін жазған барлық өлеңін өз қолымен өртепті деседі. Төлеген Айбергенов те өзіне ұнамайтын бір блокнот өлеңді жойып жіберген дегенді естіп едім.
— Айналайын, Әдемі. Сол Төлеген Айбергенов әйелі, бала-шағасы бола тұра, Ақұштап ақынға «Оралып кеттің алдымнан, Оралдан ұшқан көк қаршыға» деп өлең арнаған екен. Оны ақын әпкең өртеген жоқ. Қайта, мәңгілік естелік етіп жадында сақтады емес пе?! Ал, Фаризаны жырға қосқан Мұқағалиді білмейтін қазақ жоқ. Ешкім ол өлеңді “әйелінің көзіне шөп салып, жас қызға жыр арнапты” деген жоқ қой. Екі асыл да өмірден өтті. Ал, сол бір өлең ұрпақтың жатқа айтып жүрген жақсы бір ұранына айналды. Тарихта қалды. Өлең деген өте биік өнер. Қазір сен өлеңді емес, менің өзегімді де өртеп тастадың.
— Ағай таланттардың атын жамылмай-ақ қойыңыз. Өйткен өлеңмен тарихта қалмай-ақ қойдым. «Анарың, жанарың» деп қалай дәтіңіз барып жаздыңыз? Мен де біреудің қызымын ғой. Әкемнің құлағына жетсе жерге кірмей ме? «Сен сабақ оқудың орнына еркектердің көзін қызықтырып жүр екенсің ғой» деп кейімей ме? Мен-ақ өнерді түсінбейтін, бағаламайтын дүмше болайын. Бірақ, мұндай өлеңге кейіпкер болғым келмейді. Сіздікі — барып тұрған харассмент.
Әдемі осылай деп жылдам басып жүріп кетті. Көшенің арғы бетіне өткен соң оның жанына бір машина келіп тоқтады. Әдемі ашулы жүзін жасырмақ болып жымиып көлікке отырып жатыр.
Онсыз да жас қыздың алдында жер болған Сейсен тағы бір сұмдықты көріп аңтарылып қалды. Әдемі отырған көлік — баласы Ғазиздікінен аумайды екен. Ал, ішінде отырған жігіт өз баласының тап бір көшірмесіндей, айна қатесіз ұқсап тұр. Баласы шашын өсіріп, төбе жағын ойраттардың батырларындай буып қоятын еді. Мынау да сөйтіпті. Батып бара жатқан күннің шұғыласы көзіне шағылысқаннан шатасып тұрмын-ау деп ойлап еді. Осылай әрі-сәрі күйде тұрғанда көлік моторы гүр етті де, жүріп кетті. Сейсен көз алды бұлдырап, басы айналып бара жатса да көліктің номеріне көз жүгіртті. Күдігі расталыпты. Көлік — Ғазиздікі.
Сейсеннің тамыр-тамырына улы тамшы жайылып бара жатқандай бүкіл денесі сіресті де қалды. Құдды біз сұғып алғандай жүрегі қанжылап тұрды. Жас қызды аяды ма? Ұлын қарғады ма? Өзін жек көрді ме? Дүниенің тарлығын күндеді ме? «Күйдіргі» деді тістеніп. Кімге айтты? Неге айтты? Ешкім білмейді. Тек құзар шыңдары ақ қардан тәж киген Алатау ғана «өзіңе де сол керек!» дегендей биіктен қарап, бұны табалап тұрғандай.
Тағы бір күн талықсып көкжиекке батып барады.
Айым Алтайқызы, 2023 жыл