!Қазір нарықта сұранысқа ие мамандықтардың бірі — сценаристер. Себебі, медиа кеңістікті қызық контентке толтыру солардың жұмысы. «Сценарист болу үшін не істеу керек? Оларға қойылатын талап қандай?». Осы сауалдардың жауабын көптеген қазақша мегажобалардың авторы, «Арнайы әділет үшін» командасының капитаны, «Түнгі студия» бағдарламасының сценарсист-редакторы Шыңғысхан Ермаханнан сұрап, сұхбат құрдық.
— Кітаптың редакторы, фильмнің сценаристі деген мамандықтарды атқару оңай емес. Жұмыстың ауырын істеп, атақсыз қалып жатады. Бұл саланы таңдауыңызға не себеп болды?
Бұл салаға келуім бала күнгі арманым деп айта алмаймын. Бірақ, жаңа идея ойлап табуға, креативке құмар болғаным рас. Студенттік кезден КВН ойнап жүрдім. Сосын КВН-дегі карьераны аяқтағанда ақша табатын жұмыс істеу керек болды. Сол жайдарманда үйренгенім актерлік шеберлік пен қысқа ситуациялар ойлап табу қабілеті. Актерлікке қарағанда авторлық көбірек ұнады. Сөйтіп әзіл жазу, ситуация жазу, оқиға ойлап табу деген жұмыстарды атқарып жүріп кино саласына келдім.
— Қазақсатанда сценарий жазуға баулитын оқу орындары бар ма? Сіз қайдан білім алдыңыз?
Қазақстанда «Шабыт» пен «Т.Жүргенов атындағы академияда» кинотеледраматургия дейтін мамандық бар. Сол жерді әйтеуір аяқтап дипломы бар специалист атанып жатады. Олардың бірақ нарықтағы қызметтері жайлы білмеймін. Біздің нарықта сценаристердің тоқсан пайызы «Жайдарманнан» шыққан. Одан бөлек қателеспесем Алматыдағы Тұран университетінде кино факультет бар, бәлки сонда да сценаристика, драматургия сынды салаларды үйрететін шығар. Негізінде Қазақстанда жеке шеберлердің курстары әлдеқайда тиімді деп есептеймін. Олар туралы тек өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларынан ғана біле аламыз. Көбі орыс тілінде. Қазақшада тек Жандос Құсайыновты ғана білем. Арасында өзім де өткізіп тұрам. Тұрақты түрде ешкім ондай білім берумен айналысып жүрген жоқ секілді. Қуаныш Бейсековтың ‘“Шам“ өнер мектебінде сценарий жазу курсы бар білем.
Мен 2018 жылы Анара Жунусова деген кісінің драматургия, сценаристика туралы сабақтарына қатысқам. Сол уақытта Salem social media тегін оқытып сол жерде жақсы нәтиже көрсеткендерді жобаларына автор ретінде алып қалып жатты. Мен де бағымды сынап көрейін деп дәрістеріне қатыстым. Алайда ешқандай сценарийім өтпеді. Сосын 2020 жылы өз бетімше осы саладағы барлық іскерлік әдебиетті оқып тастадым. 2022 жылы Epicentrum компаниясының сценарий жазу воркшоп форматындағы сабақтарына қатыстым. Жалпы оқығаным осы ғана.
— Фильм, жарнама, бағадарлама… Барлығы қоғамға өте ауқымды әсер етеді. Соған қарамастан, біз комедия, шоулардан әлі де болса тұрпайы әзілдер, теріс үгіт насихат белгілерін байқап жатамыз. Өз тәжірибеңізде жазған мәтініңіз үшін ұялған кездер болды ма?
Кино саласы, медиа саласы арқылы көп идеяны сатып жіберуге болады. Сондықтан бұл жердегі әрбір сценарийіңе мұқият болуың керек. Комедиядағы, көңіл көтеретін шоулардағы тұрпайы әзілдерге келетін болсақ, оған ештеңе айта алмаймын. Себебі өзім де сондай қателіктер жасап жүрмін. Әзіл көңілді қаншалықты көтере алатын болса, соншалықты түсіре алады. Әзіл жазуда мен өзім мынау нәрсені ұстанам — ол әзіл күлкілі болу керек әрі ешкімді ренжітпеу керек.
«Әрине әрбір маманның өзі ұялатын жұмыстары болады деп ойлаймын. Мен нақты осы әзіліме ұяламын деп айта алмаймын бірақ кринж сезімі пайда болатын бірнеше жобаларым бар. Соның біреуін айтып кетейін ол “Біздің Дорама“ деген хиттв арнасының ютюб парақшасына шыққан веб сериал. Соның сценарийін жазғам. Сол үшін ұяламын деп айта алмаймын бірақ сол жобаға қарап “бұдан да жақсы жазуға болушы еді ғоой“ деген ой келеді»
— «21 ғасыр — ақпарат дәуірі” деп жатамыз. Сол ақпараттардың арасында қазақша контенттің сапасы, деңгейі туралы не айта аласыз?
Өзімді позитивті адам деп есептеймін. Сондықтан мен болып жатқан барлық тенденциялардың оң нәтижесі боларына сенем. Қазақ тілді контенттің сапасы да, деңгейі де әлдеқайда көтерілгенін айта аламын. Музыка саласында да, кино саласында ұлғайып, кеңейіп жатырмыз. Біздің интернет әлемімізде ешкімнен көшірмеген төл туындыларымыз қазір көп. Сондықтан қазақ тілді контенттің қазіргі күйіне толық көңілім толады.
— Ата-аналарға пайдалы “Ордаген” жобасының авторысыз. Бұл жоба ата-аналарға, балаларға не береді? Қазіргі таңда қандай дүниелер дайындап жатырсыздар?
Мен қазір бұл жобадан алыстап кеттім. Алайда, балалар контентіне көңіл бөлуді, негізіг жұмысыммен қатар алып жүруді тоқтатқан емеспін. Былтырдан бері “Bala media“ балаларды өнерге баулу орталығымен қысқа видеороликтер жазып, соларды түсірдік. 2025 жылы Ақарыс бауырымның бастамасымен, продюсерлігімен мультсериалымыз жарық көреді. Жақында ғана ертегі кітаптың сценарийін аяқтадым. Келер айдың басында шығады. Ол өніммен сол кезде танысарсыздар.
— Балалар — мультфильм, қарттар — сериал көреді. Ересектердің бірі — кітапқа, бірі — подкасттарға жүгінеді. Қазақстанда жасөсірімдер, жеткіншектерге арналған не бар?
Сіз өте ауқымды мәселенің басын аштыңыз. Расында бізде ең қатты ақсап тұрған категория бұл — жасөспірімдік контент. Кезінде nickelodeon арнасы мультфильмдерден бөлек орта сынып оқушыларына арналған сериалдар көптеп көрсететін. Сол себепті өз бәсекелестерінен аудитория бойынша алда болатын. Міне осы жарқын мысал бола алады ғой. Алайда ешкімнің бұл алаңға кіруге ынтасы жоқ. Себебін өзім де білмеймін. Бәлкім қазіргі контент өндірушілер оның ішінде кино мамандары комерциялы сәтті болуын қалайды. Ересектерге арналған контент Балалар мен жасөспірімдер контентінен сәттірек, табыстырақ болғанынан шығар деп топшыладым.
— Сценарист, әлбетте көп оқып, ізденеді. Сүйікті автор немесе кітаптарыңыз бар ма?
Өз саласына қатысты әдебиетті әркім өзі тауып оқиды деп ойлаймын. Өзім Пауло Коэльоның шығармаларын көбірек оқыған екенмін. Демек ол кісінің туындыларына артығырақ сенімім бар. Қазір оқып жатқаным Таласбек Әсемқұлов пен Серікбол Қондыбай.