Қазақ кино өнерінің төлқұжатына айналған «Қыз Жібек» фильмінің тұсауы 1970 жылы кесілген болатын. Аңызға айналған фильмді алдымен “Аққу» деп атау жоспарда болған деседі.
Алматыдағы «Сувенир» фабрикасы құйылған күмістен және жылтыратылған темірден актерлердің киіміне арналған жүздеген зергерлік бұйымдар жасапты. Жеке адамдардың қолынан ер-тұрман, сауыт-сайман, киіз үй жиһаздары және басқа да сатуда жоқ кілем, текемет, сырмақ секілді заттарды сатып алу үшін 10 мың сомға дейін ақша жұмсауға рұқсат етілді.
Фильмнің бас суретшісі Гүлфайруз Ысмайылова киноны көркем безендіру үшін мың жарымнан астам эскиз жасаған екен. Костюмерлер командасы камзолдар мен қыздардың көйлектеріне жүздеген моншақтарды қолмен тігеді. Сондай-ақ, Исмаилова Жібектің барлық киімдерін өз қиялынан тудырып, жеке өзі тігіп шыққан. Суретші фильмде Жібектің анасы Айкөз рөлін сомдап шықты.
Режиссерлер ұзақ уақыт бойы басты рөлге қыз іздеп, лайықты адам таппай қиналған. Басты рөл Алматыдағы №66 мектептің 10-сынып оқушысы Меруерт Өтекешоваға бұйырды. Киноның сценариін жазған Ғабит Мүсірепов Жібектің рөлін жұбайына арнап жазып, кейін көркемдік кеңеспен ақылдаса келе бұл райынан айныған деседі.Раиса Мұхамедиярова бұл туралы:
«Біз Сұлтан Қожықовпен «Қыз Жібектің» сценариін жазатын болдық», — деді маған. «Мен түсемін бе?» деп сұрағанымда, «Түсесің», — деді маған. Мені актерлік сынамаға шақыратын күнді күтіп жүрдім. Артынша сынаманың біткенін естіп, жан дүниемде іштей дискомфорт пайда болды. Мені сатып кеткендей сезім болды. Ал мен сатқындықты жек көремін. Осыдан кейін арамыз жылымай-ақ қойды»…
Фильмде көрсетілген аққулар Бішкек хайуанаттар бағынан арнайы әкелінген.Фильм үшін арнайы қырғыз елінен әкелінген аққулар сценарий бойынша билеуі керек тұсында талапқа бағынбай, жоспардың быт-шытын шығарып, жұмысты алға бастырмай қойыпты. Әсіресе операторлардың қырағы камерасы өздеріне қарай бұрылғанда, сезімтал тіршілік иесі ырыққа көнбей, түсірілім тобын біраз әбігерге салғаны және бар.
Аққудың биін таспалау үшін режиссерлер екі тәулік бойы тапжылмай күтіп отырды дейді фильмнің басы-қасында жүргендер. Сонда шығармашылық топты бұл тығырықтан алып шыққан «Аққу» күйі екен. Осылайша, билеген аққулар көрінісін кеш батып бара жатқанда түсіріп үлгерген.