Дәстүрлі шара «Қала күнімен» тұспа-тұс келді. Сонымен қатар, биыл фестивальдің дәстүрлі түрде өтіп жатқанына 10 жыл толып отыр. Осыған орай, шараның ауқымы да кеңейіп, 50 жаңа кітаптың тұсауы бір күнде кесілді.
Әдебиетсүйер қауымның сүйікті іс-шарасына айналған думанға тек жазушылар ғана емес, өзге де өкілдері қатысты. Баспалар жаңа кітаптарын оқырманмен таныстырса, суретшілер мен мүсіншілер өнер туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Белгілі спикерлер әдебиет, қоғам туралы маңызды тақырыптарда сөз сөйледі.
Айтулы шарада ондаған шатырлар тігіліп, қаламгерлер мен әдебиет зерттеушілерінен сұхбат алынды. Оқырмандар сүйікті авторларымен қауышып, оларға сауалдарын қойып, қолтаңбасымен кітаптарын алу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ дәстүрлі «Ауылға кітап» науқаны да жалғасын тапты. Жобада кез келген адам кітапты Қазақстанның ауылдық кітапханаларына тапсыра алады. Kitap Fest «BAURZHAN foundation» қорының қолдауымен ұйымдастырылып келеді.