Әр ата-ана өз баласының ұғымтал, құймақұлақ болып өсіп, шебер сөйлейтін шешен болып ер жеткенін қалайды. Алайда, балаларды смартфон тәрбиелеп жатқан цифрлық қоғамда бүлдіршіндердің тілінің шығуы проблемаға айналып отыр. Бала қай жастан бастап былдырлап сөйлеп, қай кезеңде сауатты сөйлем құрастыруды білуі керек?

Осы сұрақтардың жауабын білу үшін біз Алматы қаласындағы «Анық Сөйле» логопедиялық орталығының қызметкері Әсел Асанқызымен сұхбаттасқан едік.

Қалыпты жағдайда балалар неше жастан бастап сөйлей бастайды?

Бала бір күнде сөйлеп кетпейді. Дегенмен, үш жасында сөйлемдер құрай алып, ойын толық жеткізу өте жақсы деңгей болып саналады. Бала 8-9 айында гуілдеп, дыбыстап, 1 жасында кемінде 10-15, екі жасында 300 сөзді анық айтуы керек.
Баласының тілі кеш шығып жатқанын байқаған ата-ана не істеу керек?

Мұндай жағдайда ата-ана бірден мамандарға жүгінгені дұрыс. Балалар анық сөйлемесе, сөз айтудың орнына ымдаса, немесе қалағанын тек жылау арқылы орындатса бір тексерістен өтіп алғанның еш артығы жоқ. Арнайы мамандарға тек мылқау, тіл кемістігімен туылған балалар ғана бару керек деген қатып қалған қағида жоқ. Өз жасына байланысты сөздік қоры аз болса да логопед-дефектологтарға апарып көрсетіңіздер. Барлық сөзді білетін, бірақ кейбір дыбыстарға тілі келмейтін балаларды да ерте жасынан маманға барып, дұрыс сөйлеуге баулып жібермесе, өсе келе бұл кемшілік оның бойында комплекстер тудырып, тұйықтыққа әкелуі мүмкін. Балаңыз жақсы сөйлеп, көш бастар азамат болсын десеңіз бүгінгі сөз саптауына мән беріңіздер.

Тілі ерте шықса да, өсе келе кейбір әріптерді анық айта алмайтын балалар көп. Оның себебі неде?
Сөйлеу тіліндегі деффектілерге бір ғана нәрсе себеп болмайды. Біріншісі – физиологиялық себеп. Мұны анықтау үшін маман баланың жақ сүйегі, ауыз қуысы, тісінде немесе тілінде қандай ақау барын тексереді. Одан кейін – генетикалық себеп. Өйткені ДНҚ арқылы әке-шешеден берілуі мүмкін. Одан кейінгі себеп – психологиялық факторлар. Бала сұрақ қойғанда, «мазамды алма!» деп ұрысып тастасаңыз немесе бала бір нәрседен қатты шошынып қалса соның бірі болмаса бірі баланың кекештеніп қалуына әсер етеді. Сондықтан, әр баланың проблемасының түбірі әр түрлі жағдайдан бастау алады. Тіпті, анасының құрсаңында жатқан сәтінде бала қажетті дәрумендерді алмаса, анасының көңіл күйі дұрыс болмаған болса, бәрі де сөйлеу дағдысының кешеуілдеуіне себепші болуы мүмкін.
Баланың дұрыс сөйлей алмауына жейтін тамағының да әсері бар екен. Сол рас па?
Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін нәрсе деп ойлаймын. Себебі, тағам – біздің ағзамыздың тірегі. Жейтін затымыз сапалы, құнарлы болса жан-дүниеміз де жайлылықты сезінеді. Сол сияқты, балалардың миы жақсы дамуы үшін дәруменге бай тағамдар беруіміз керек. Одан бөлек, қазіргі ата-аналар балаларына жеміс-жейдек, кашалардың бәрін блендерден өткізіп береді. Балалар шайнау деген қабілеттерін іске қоспай, йогурт, сұйық смузи ішіп өсіп жатыр. Сүйек мүжіп, құрт тістеп, қатқан нанды кеміретін бала жоқтың қасы, Содан да болар ауыздағы бұлшық еттер жаттықпай, әріптерді анық айту да қиындай түседі. Қазақата «балаңды аясаң, аяма!» деген сөз бар. Соны тамақтандыру кезінде де ескеріп, баланың қатты тамақтарды шайнап, жұта алмағанын аузынан шығарып өзі әрекет етуіне мүмкіндік жасасаңыздар екен.
Өсіп жатқан баланың миына көп ақуыз керек. Ми қалыпты дамымаса ол сөйлеу тілінің кешеуілдеуіне әсер етеді. Сондықтан, балаға құнарлы тағамдар беріңіздер.
Сөйлеудің кешеуілдеуін уақытында емдемесе не болады?
Сөйлеудің кешеуілдегенін ата-ана дер кезінде байқамай, емдемесе ол кезде ЗРР деген диагноз қойылады. Яғни, орысшасы — Задержка речевого расстройства. Егер дер кезінде маманға жүгінбей, өзі сөйлеп кетеді деп ойлап жүре берсе, ол кезде диагноз қоюға тура келеді. Себебі өз жасында баланың сөйлеу тілі дамымай, сөздік қоры аз болса ол нормаға жатпайды. Әр кезеңде, әр жаста белгілі бір норматив бар ол физикалық жағынан да, сөйлеу тілі жағынан да нормативке сәйкес келмесе баламен ұзақ уақыт жұмыс жасау керек болып табылады.
Баласының таңдайы тақылдап тұрғанын қалайтын ата-анаға айтар кеңесіңіз бар ма?
Отыз екі тісінен ойлы сөз шығып, отыз рулы елді аузына қарататын сөз тапқыш бала өсіру оңай емес. Ол үшін ата-ана баламен көп уақыт өткізуге ерінбеу керек. Баламен қыдырып жүргенде оның сезімерін, көңіл-күйін, белгілі бір тақырып туралы пікірін сұрап қойыңыз. Сонда, бала өз ойының маңызды екенін сезініп, іштей сұрақтарға дайындалып жүреді. Одан кейін, балаға тақпақ жаттатып, ертегі айтып беріп, жұмбақ жасырып ана тіліне жан-жүрегін жақын қылып өсіріңіздер. Жүктілік кезеңінен бастап өз-өзіңізге күтім жасаңыз, жатырдағы баламен сөйлесіңіз, әңгімелесініз. Баламен дұрыс қарым-қатынас құрып үйренініз, баланы тыңдай білініз. Үй жағдайында көп дамытушылық ойындар ойнатқызып, сөздік қорын байытыңыз. Көптеген ата-аналар өздерінің бала кезімен салыстырып, «бізге ешкім сөйлеуді үйреткен жоқ», «біздің кезімізде логопед деген болған жоқ» деп баламен уақыт өткізуден қашады. Алайда, қазір балалар күні бойы далада ойын ойнап емес, төрт қабырғаның ішінде өсіп жатыр. Сондықтан, олардың жақсы дамып, жетілуіне сіздер де үлес қосыңыздар…

Сұхбатты дайындаған: Айым Алтайқызы