Бүркіт баптаған бойжеткен

Оқи отырыңыз
Аяжан - қазақ халқының ежелден келе жатқан саятшылық өнерін, ұлттық спортымызды дәріптеп жүрген жас құсбегі. Спорттың бұл түрімен елімізде санаулы ғана қыздар айналысатынын айта кету керек. Себебі, жыртқыш құспен бірге жабайы табиғаттың қатал заңына бағыну  - асқан қайсарлықты, ептілікті талап етеді. Аңшылыққа шығатын құстың салмағы 10 келіге дейін барады. Талдырмаш қыз сондай салмақтағы құсты бір қолымен-ақ көтеріп жүр. Одан бөлек, құсбегі болам деген адамға  табиғатты түсінетін, ауа-райын тани алатын, жан-жануардар тірішілігін бақылай алатын қырағылық та керек. 
Бүгін біз ұлы даланың аяулы өнерімен айналысатын Аяжан Даниярқызымен сұхбаттастық.

— Ең алдымен, оқырмандарға  түсіндіріп өтсең. «Құсбегілік» деген не?

— Құсбегілік бүркіт, ителгі, қаршыға, сияқты жыртқыш құстарды қолға үйретіп, аңға, құсқа салатын саятшылық өнердің бір тармағы. Оның ішінде бүркітшілік — қазақ, қырғыз халықтарының дәстүрлі ежелден келе жатқан үлкен төл өнері ретінде саналады. Қазақ халқының арасында бұл өнердің тамаша шеберлері кең дәріптеледі.

Құсбегілік — қазақ ұлтының қанына сіңген көне дәстүр. Көшпенділер өмірінен берік орын алған үлкен өнер.

— Өнерің жайлы білдік, енді өзің жайлы білейік. Қай жердің тумасысың, құсбегілікті алғаш кімнен үйрендің?

Жасым 20-да. Алматы қаласының тумасымын. Құсбегілік өнерімен айналысып жүргеніме 2 жылдай уақыт болып қалды. Жалпы, бұл бізде атадан қалған қасиетті мұра десем қате айтқаным болмас, себебі ежелгі заманнан сал-серіліктің айқын белгісіне айналған ұлттық өнеріміздің қазіргі таңда спорт ретінде дамып жатқаны қатты қуантады. Менің ойымша, өзіміздің ұлттық спортқа жастар қызықса, кәсіби түрде айналысуға тырысса, көп жетістікке жетер едік. Себебі, бұл біздің қанымызда бар өнер.

Мен құсбегілік өнеріне өте кездейсоқ келіп қалдым. Алғашында, «Сұлтансері» этно-өнер орталығының әлеуметтік желілерде жариялаған садақшы қыздар кастингіне барған болатынмын. Солайша 456 қыздың арасынан кастингтен өтіп, алғашқы 6 ай көлемінде кәсіби түрде садақ атумен айналыстым, уақыт өте ұстазым Сұлтансері Бекетұлының құсбегілікпен айналысып жүргенін байқап, басында қолғабыс болып, кейіннен осы жолды да қатар алып жүре бастадым. Бұл істен әр адам өзіне көп пайдалы зат түйеді деп ойлаймын. Ең алдымен,  бүркіт — адамға сабырлы болуды үйретеді, оны баптау кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Бүркітті баптай отырып адам өзін де сабырға келтіреді. Оған қоса,  таза ауада көп жүруге тура келеді, менің ойымша бұл да қазіргі заман дерті смартфондардан аулақ болуға бір себеп. Жалпы деректерге сүйенетін болсақ, осы құсбегілік өнерімен айналысқан адамдар көп жасаған, себебі уақыт келе егде жастағы адамдардың өмірінің бөлшегі бола отыра денсаулығын нығайтады.

— Жыртқыш құсты қолға үйрету үшін, жуасыту үшін қандай әдістер қолданылады? Өзіңнің бүркітіңді қанша уақыт баулыдың?

Бүркіттер үйренуге бейім келеді яғни терминде дрессировка деп аталады, сонымен қатар барлығымыз білетіндей бүркіттер күн сәулесіне тіке қарай алатын жалғыз құс болып саналады, оған қоса қасиетті туымызда да бейнеленгеніне қарап отырып, халқымыздың бұл ерекше құсты қаншалықты қадірлейтіні түсінікті деп ойлаймын. Бүркіт құсын мен киелі деп атар едім, олар да тірі жан ғой сол себепті шығар көп жағдайда әлемдегі неше түрлі қауіп қатерлерден сақтап қалғым келеді.

Қазіргі уақытқа дейін баптап үлгерген 2 қыраным бар. Біреуі қазір түлекте отыр, ал екіншісі жарысқа толықтай дайын. Бүркіт қолға алынған уақытынан бастап ең алдымен адамдарға бауыр бастырамыз, кейіннен шуға үйреткен абзал, сол кезде бүркіт көп адам бар ортада мәселен жарыс, турнирлерде жатырқап қалмайды.

Кейіннен оларды қолдан тойдырып ет береміз, солай уақыт өте жаттығуларды бастаймыз. Ең бірінші бірнеше метр жерден бастап қолдан қолға шақырып үйретеміз, кейіннен бұл ара-қашықтықты ұлғайта отырып 1 шақырымға дейін ұзартамыз.

Бүркітті дұрыс баптау үшін адамға менталды тұрғыда өте мықты болу керек. Бүркіт бапталуына қатысты барлық ерекшеліктермен танысып өткен жөн. Менің ойымша, бұл жағдайда бүркіттің дұрыс бапталуы ең алдымен ұстазға байланысты, ал бұл тұрғыда мен лоторея жеңіп алдым десем де болады. Менің ұстазым Сұлтансері Бекетұлы атышулы Бекет Есентаев атамыздың ұлы, әкесінің серілік өнерін жалғастырушы ретінде осы өнерге көп күшін салуда.

— Садақшы, құсбегі болам  деген іні-қарындастарың бірінші неден бастау керек?

Ең алдымен сіздерге өз таңдауларыңызға берік болуды және болашақта еліміздің аманатын көтере алатындай азамат болуды тілеймін. Ал құсбегілік пен дәстүрлі садақ ату спорт түрлеріне келетін болсақ адамға сабырлылық пен шыдамдылық қажет және ең бастысы — ынта.

— Болашақта өзің оқып жатқан мамандықпен бірге осы өнерді алып жүру жоспарыңда бар ма?

Мен  Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Зерттеу университетінде 3-курс студентімін, мамандығым компьютерлік ғылымдар, қарапайым тілмен айтқанда IT маманы. Болашақта екі саланы да бірдей алып жүру жоспарымда бар, себебі екеуін ұштастыру қиынға соғады деп ойламаймын.

— Қазір қала көшелерінен сенің суреттеріңді жиі байқап жүрмін. Модель болуға ұсыныстар жиі түсе ме?

Модель болуға ұсыныстар көп түседі. Дегенмен, менің таңдаған бағытым ұлттық спорт түрін дамыту болғандықтан, ұсыныстарды қабылдамаймын. Ал егер ұлттық спортқа қатысы бар жобалар болып жатса, онда қуана-қуана келісемін.

— Сұхбаттасқаныңа көп рахмет. Өзіңе де, өнеріңе де тек сәттілік тілейміз!

Сұхбатты дайындаған: Айым Алтайқызы

Соңғы жарияланымдар

«Мазалап, қатты қышиды»: Сушиді сүйіп жейтін қазақстандықтың денесінде тері асты құрттары пайда болған

Алматылық Мариям есімді әйелдің күйеуі теңіз тағамдарын, соның ішінде сушиді сүйіп жейді. Алайда 1,5 ай бұрын шикі балықтың құрамындағы...

Ұқсас ақпараттар