Бірде Бауыржан Момышұлынан бір журналист:
- Сіз қай академияны бітіріп едіңіз? – деген сұрақ қояды.
- Мен «халық» академиясын бітіріп едім – депті Бауыржан атамыз.
- Ондай да академия бар ма еді? – деп журналист таң қалады.
- Мені адам етіп, атымды шығарған – көпшілік. Мені кейбіреулер ұялмай-қызармай «батыр» дейді. Шынында мен батыр емеспін. Біреуден жығылып, біреуді жығып жүргендердің бірімін. Мені жаратқан көпшілік – жауынгерлер қоғамы. Менің академиям – халқым деп отырғаным сол, — депті.
***
Бірде Бауыржан Момышұлының баласы Бақытжан телефонмен сөйлесіп, әлдекімдерге айғайлап жатыпты.
Осыны естіп қалған әкесі:
- Сен бүгін кімдермен қатты-қатты сөйлестің?
- Ой, адамдар ғой. Үндемеген сайын төбеме шығып алды.
- Оған адамдар кінәлі емес. Шығуға ыңғайлы, мінгенге жайдақ, көрінгенге тапталған сенің төбең кінәлі, — депті Бауыржан Момышұлы.
***
Бірде Бауыржан атамыздан бір кісі «Өзіңізді көпшілікке тыңдата, сыйлата білудегі тәжірибеңізбен бөліссеңіз», деп сұрапты. Сонда,Момышұлы былай деп жауап беріпті:
— Сұрағың ақылды сұрақ. Бірінші, өзіңнің кім екеніңді тануың керек. Сен кімсің? Кімдердің алдында сөйлейсің? Қандай ортаны тамсандырып, таң қалдыра аласың? Оған өрең жете ме? Қазақта «Арыстан айға шауып мертігіпті» деген бір жақсы мақал бар. Бұл қабілеті жоқ адамдар кез келген нәрсеге ұрынып, күлкі, мазақ боп жатады дегенді білдіреді.
Мысалы, мен бұрын, ақылым бар кезде, яғни жастау шағымда қандай ортада сөйлеймін, тыңдаушылардың білім дәрежесі, мәдениеті, тәжірибесі, сана-сезімі менен қанша ілгері, қанша кейін деп бәрін зерттейтінмін. Әскерилердің, зиялылардың, студенттердің, егінші-диқандардың, не малшылардың, тағы басқаларының ортасында қандай мәселеге баса көңіл бөлгенім жөн деп ойланатынмын.
Ең бастысы – мінезіңе білімің, біліміңе мінезің сәйкес келу керек. Екіншіден, қандай аудитория болмасын, қандай ортада сөйлемегін, адамдарды өзіңнің ең жақын, жанашыр адамыңдай сезінуің қажет. Сонда ғана жұртты тамсандырып, таң қалдыра аласың.
***
Маған баяғыда бір студент «Сіз кімнен өнеге аласыз?» деп сұрақ қойды. Мен:
— «Қорқақтардан, қаңғыбастардан, маскүнемдерден, өмірде қателескен, жолы болмаған жандардан өнеге алам», — деп жауап бергем. Әлгі студент таң қалып
— Мұныңыз қалай? Өнегені жақсы адамдардан алу керек емес пе? — деді қайта сұрақ қойып.
— «Қорқақтар да, қаңғыбастар мен маскүнемдер де дүниеге мен сияқты, сен сияқты пәк күйінде келген. Кейін олар өмірдің қиыншылығымен күресе алмады. Содан тасқа соғылған шөлмекке ұқсап быт — шыты шықты. «Жақсылық ағаш басында, жамандық аяқ астында» деген қазақта аталы сөз бар. Ең оңай нәрсе — жамандық, оған жету үшін көп ойланудың, көп күш жұмсаудың қажеті шамалы. Жаман жолға түсу де оңай. Олар сол оңай жолмен кетті. Мен адаспас үшін олардың қателіктерінен де өнеге алам», -деген едім.
***
Мектепті жапқызбау үшін қазақ ата-аналарға баласын қазақ мектепке беруге үгіттеп жаз бойы үй-үйді жаяу аралап, есік қағып, қол жинаумен әбден қалжыраған Шона ақсақал (қазірде Алматыдағы осы мектепке жазушы, сатирик Шона Смаханұлының аты берілген) орталық паркте Бауыржан Момышұлына кездейсоқ жолығып қалыпты:
- Ассалаумағалейкум, Бауке!
- Уағалейкумассалам! О,Қазақтың «Ұлы» адамы екенсің ғой. Кел бері!
Баукең «Ұлы» деген сөзге салмақ сала айтыпты. Шона түсінбей сасқалақтап қалады. Баукең оған:
— Иә, бүгін Қазақстанда екеуіміз ғана Ұлы адамдармыз. Мен Момышұлы, сен Смаханұлы. Басқалардың бәрі «овтар» мен «евтер»-деген екен.
***
Бауыржан Момышұлы атамыздан бір кісі сұрапты:
— Бауке айтыңызшы өзі, жер бетінде ең батыр адам кім? -деп.
Сонда батыр атамыз ойланбастан:
— Жер бетіндегі ең батыр адам… ол — қыз, — депті. Оның мәнісін сұрағанда былай деп жауап беріпті:
— Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді, — деген екен…
***
Бірде Әзілхан Нұршайықов Бауыржан атамыздан «Қазір елде сіздің құрметіңізге қойылған Бауыржан есімді балалар көп. Соларға қандай тілек айтар едіңіз?» деп сұрапты. Аталарың сонда:
- «Маған білеміз деген жігіттер «Қазақстанда он үш мыңдай Бауыржан бар екен», — деп хабарлады. Мен әзілдеп, оларға: «Менің атым орыстың Иванындай болып бара жатыр екен ғой», — дедім. Бұл әзілім, әрине. Ал мен ол цифрдың анықтығын білмеймін. Білетінім – мен қазіргі Бауыржандардың ішінде бірінші нөмірлі Бауыржанмын. Міне, мен алпысқа келдім. Мені сыйлап, қадірлеп, сәбилеріне менің атымды қойған ата-аналарға, олардың туған-туысқандарына шын ниетпен алғыс айтамын. Ал Бауыржандарға айтарым: Азамат боп өсіңдер, қарақтарым! Қатарларыңнан кем болмаңдар. Бірің болмаса бірің менен асып кетсеңдер, оған ешқандай дауым жоқ. Барлық Бауыржанға, барлық балдырғандарға ақ ниетпен батамды беремін!», – деген екен.
Жинақтаған: Айым Алтайқызы