Абайдың тұлғасын ашу арқылы қазақ халқының болмысын бейнелеген заңғар жазушы Мұхтар Әуезов ақын өміріне қанық болып қоймай, оны өз көзімен көрген. Жазушы Абайды көрген күнін ерекше тебіреніспен, үлкен қуанышпен әңгімелейтін көрінеді.
Кейде тапсырма орындамай, ұстазын ренжітіп алған шәкірттері Мұхаңның ашулы кезінде «Ағай, Абайды өз көзіңізбен көрдіңіз бе?» – деп тұтқиылдан сұрақ қойып, әңгімені басқа арнаға бұра қояды екен. Бұл туралы шәкірттерінің бірі, абыз жазушы Әбіш Кекілбаев былай деп жазады: «Мұхаңның жүзі жылып қоя берді. Қалтасынан көлдей шәйі орамал суырып, ұлан-ғайыр маңдайын бір сипап өтті. «Көргенім бар… Төрттемін ғой деймін. Бөріліде отыратынбыз. Анам мені алып Жидебайға барды. Сыйласатын шаңырақтардың бір-біріне сыбаға апаратыны бар. Біз де сөйттік. Бөтен ауылды жатырқадым білем, үйге қайтқым келді. Анама қайта-қайта қыңқылдай бердім. Төр жағымыздағы құндыз сақалы омырауына төгілген, көзі нұрлы, тақиялы кісі маған бұрылып: «Ауылыңа барасың ғой, балам, анаңның мазасын ала берме!» дегені. Дауысы жұмсақ. Шырайы жылы. Бірақ мен анамның бауырына бұрынғыдан бетер тығыла түстім. Сөйтсем, әлгі кісі Абай екен». Бұл Мұхаңның өз есінде қалғаны.