Сыр

 

Түніменен ауырды

Түбі босап тістерім.

Тауыстым бар сабырды,

Білмеді апам не істерін.

 

Айтып жатты атама

«Не болды екен?»—дегенін.

Белгісіз-ау апама

Тәттіні көп жегенім.

 

Апам неге жылады?

Көзім түсті апамның

Көзіндегі жасына.

«Белгісі ме қапаның?»—

Деп келдім мен қасына.

Сұрамақпын, білмекпін

Жанына не батқанын.

Байқамаппын, көрмеппін

Пияз турап жатқанын.

 

Сый

 

Құрап бүгін бастарын,

Келіп еді достарым.

Жинап алып ұл-қызды,

Кірпіштен үй тұрғыздық.

Жалған емес,

Бұл анық:

Қабырғасын сыладық.

Терезеге, есікке

Қалдырып ек тесік те.

Алайда оған сыймадық,

Ақ күшікке сыйладық.

 

Асып-сасып

 

Бүгін қатты ұйықтаппын,

Бір кез шошып ояндым.

Сағат сегіз боп қапты,

Қар басыпты үй алдын.

Татқам да жоқ тамақтан,

Асып-сасып киіндім.

Кешіктім деп сабақтан,

Өз-өзімнен күйіндім.

Біраз жер бар мектепке,

Біздің одан үй алыс…

Аптығыппын мен текке,

Жетіп келсем — демалыс!

 

Батырлық

 

Батырлығым ұстады,

Шықтым терек басына.

Сонау орта тұстағы

Жеттім ұя қасына.

 

Тұнық аспан төбемде

Тәрізді бір айна алды.

Қарап едім төменге,

Басым қатты айналды.

 

Мейлі, қалай ұқсаң да,

Мұнымды ерлік демеспін.

Шығуын бір шықсам да,

Түсе алатын емеспін.

 

Арман

 

Жеңешемнің баяғы

Жаратпаймын тарлығын.

Шкафқа сап қояды

Қант-секердің барлығын.

Балалық тез өтсе екен,

Шығар едім ұшпаққа.

Бойым өсіп жетсе екен,

Ең болмаса,

Шкафқа!

 

Еліктеу

 

Сыйласаңыз адамды,

Сыйлаңыздар атамды.

Тал шашы жоқ, содан ба,

Үлкен ғалым атанды.

Сұрамай-ақ жасымды,

Көрші менің басымды.

Мен де ғалым болсам деп,

Алдырып ем шашымды!

 

«Сүйікті» пән

 

Түртіп қалдым Майқанды,

Майқан маған қарады.

— Әй, сен осы қай пәнді

Сүйесің?— деп сұрадым.

— Білгендерге пән-мәннің

Барлығы да тәуір-ау!—

Деді Майқан,— Ал менің

Сүйер «пәнім»— қоңырау!

 

Ұқпаймын

 

Қоралар қалады қаңырап,

Ертемен қой өріп кетеді.

Момақан қозылар маңырап,

Үндері көш жерге жетеді.

Білмеймін, өздері тоңа ма,

Жазда да қалың тон киеді.

Мен қалың кимеймін,

Сонда да

Мені апам «Қозым!»— деп сүйеді.

 

Асығыста

 

Қыртыс-қыртыс ұйпалақ,

Киіп алдым жейдемді.

Омырауын сипалап,

Таба алмадым түймемді.

 

Бірін таппай түйменің

Босқа пісіп-күйіппін.

Асығыста жейдемнің

Теріс жағын киіппін.

 

Жануарлар туралы

 

Түйеқұс

 

Қиын оны көлік деу,

Қом артып, жүк тиемес.

Түйеге жүр еліктеп,

Бірақ та ол түйе емес.

 

Болса дағы санатта,

Құстың ісін істемес.

Бар құйрық та, қанат та,

Ұшатын да құс емес.

 

Әрі түйе, әрі құс

Болам деп, бос шатылған:

Ақырында ол байғұс

Түйеқұс деп аталған.

 

Ара

 

Қызғалдақтың қасына

Қойып едім қондырмай,

Бізін сұғып басыма,

Шақты ара оңдырмай.

Енді тимен оған мен,

Ісіп кетті бас, шекем.

Балы тәтті болғанмен,

Тілі өзінің ащы екен!

 

Бұзау мен Тоқты

 

Бұзауға қарны ашқан соң Тоқты келіп,

— Шөбіңнен бір жейтіндей берші!— деді.

Ал Бұзау өтірікті соқты келіп,

— Сұраған сенен бұрын көрші,— деді.

— Япыр-ай, қандай сараң шырақ едің,

Бұлай деп ойласамшы!— деді Тоқты,—

Әшейін сынайын деп сұрап едім,

Берсең де алғым келіп тұрған жоқ-ты!

 

Жираф пен Піл

 

— Ұзын менің бойым да,

Ұзын менің мойным да!—

Деді Жираф бір Пілге,—

Әлі өсу бар ойымда.

— Өсіп, досым, бір айда,

Маған десең, жет Айға!

Бірақ жерге жетпейтін

Сол мойыннан не пайда?!

 

 

Өтірік өлеңдер

 

Тышқанбаев Мысық

 

Ұлды болды бір Тышқан,

Қуантты бұл пақырды.

Той жасап ол, туысқан,

Тумаларын шақырды.

Шаңын сүртіп ұқыптап,

Жалтыратты ол үйді.

Келушілер құттықтап,

Ортаға алды сәбиді.

Не бір жайсаң қасқалар

Мақтасты да пысық деп,

Пысу үшін басқалар

Ат қойды оған Мысық деп! 

 

«Суретші»

 

Бір бала дүкеннен керекті

Бояулар, қағаздар алыпты.

Бекіре, арыстан, үйректің —

Бәрінің суретін салыпты.

Білмейді дей ме екен халықты,

Қоянды аң депті қауіпті.

Аспанға ұшырып балықты,

Жүздіріп қойыпты тауықты.