Иракта парламент депутаттары мемлекеттің жеке мәртебесі туралы заңға түзетулер енгізді. Сарапшылардың пікірінше бұл өзгеріс елдегі әйелдер құқықтарының қорғалуына нұқсан келтіреді.
Apnews.com жазғандай, Ирак парламенті осы аптаның сейсенбісінде үш заң қабылдады, оның ішінде «Елдің жеке мәртебесі туралы» заңға түзетулер енгізілген.
Түзетулер ислам соттарына отбасылық мәселелерде, соның ішінде неке, ажырасу және мұрагерлік мәселелерінде көбірек өкілеттік береді. Белсенділердің айтуынша, бұл Ирактың 1959 жылы қабылданған «Жеке мәртебе туралы» заңына нұқсан келтіреді.
Қазіргі уақытта Ирак заңдарына сай некеге тұрудың ең төменгі жасы 18 деп белгіленген. Сейсенбіде қабылданған өзгерістер діни қызметкерлерге некеге қатысты мәселелерде өз алдына шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Ал бұл елдің аумағында көптеген шиит діни көсемдері ұстанатын Джафари мектебінің іліміне сай қыздарды ерте жаста немесе 9 жастан бастап күйеуге беруге рұқсат етілген.