Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден ішкі істер министріне депутаттық сауал жолдап, сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылыққа қатысты болмаса немесе қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, амнистия жасау туралы ұсыныс айтты.
«Ауыл» партиясы фракциясының атынан ҚР Ішкі істер министрлігіне сауал жолдаған депутат Қарақат Әбденнің айтуынша, биыл Конституциямыздың 30 жылдығын атап өтеміз. Онда отбасы және ана мен бала мемлекеттің қорғауында болады деп белгіленген. Яғни әйелдердің ана ретіндегі құқығын қорғауға мемлекет ерекше көңіл бөледі.
– Біздің еліміз қылмысқа қатысты саясатты гуманизациялау бағытын ұстанады. Сондықтан Ауыл партиясының фракциясы сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, ондай әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынады. Мұндай шара әлеуметтік әділдік орнатуға, отбасы құндылығының нығаюына және өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдердің дұрыс жолға түсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Көп жағдайда отбасыдағы бала тәрбиесі әйелдердің мойнында. Ана алақанның аясы- ақ шынардың саясы деген сөз бар, – деді депутат.
Ол келтірген мәліметтерге қарағанда, бүгінгі таңда 2336 әйел бас бостандығынан айырылған, олардың жартысы – аналар, оның ішінде 250-і көп балалы аналар. 1500-ден астам бала анасыз қалып, аналарымен қауышуды күтуде. 100-ге жуық сәби балалар үйіне жіберілген.
– Бұлар жай ғана цифрлар емес – бұл ойран болған отбасылар, бұзылған тағдырлар, ең сорақысы ана жылыуынан айырылған сәбилер. Ана махаббаты, ананың қамқорлығы — баланың дені сау болып өсуінің, психикалық және әлеуметтік дамуының бұлжымас негізі, – деді халық қалаулысы.
Осы орайда ол сотталған әйелдерге амнистияны қолдану үшін келесі критерилерді ұсынды:
– зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған әйелдер;
– жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар әйелдер;
– көп балалы әйелдер;
– алғаш сотталған әйелдер;
– жасы ұлғайған (60-тан асқан) әйелдер.
Ал ауыр қылмыс, аса ауыр қылмыс жасап, зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасап, сол үшін сотталған, қоғамға қауіп төндіретін әйелдерге амнистия жасалмайды.
Бұл мәселеде халықаралық тәжірибе жеткілікті. Мәселен, Қырғызстанда әйелдерге 1996 жылдан бері 3 рет амнистия жасалған. Өзбекстанда 2013 жылы амнистия жасалып, әйелдер мен кәмелетке толмағандар босатылды. Ресей Президенті 2023 жылы әйелдерге амнистия жасау туралы идеяны қолдады. АҚШ-тың кейбір штаттарында әртүрлі қылмыс жасап сотталған әйелдерге бір неше рет амнистия жасалды.
Жалпы, әйелдерге амнистия жасалса, еліміздің пенитенциарлық жүйесіне жүктеме азаяды; балалар үйлеріне түсетін жүк төмендейді; әлеуметтік шиеленіс азаяды; мемлекетіміздің адам құқықтары мен отбасыны қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды ұстанатынын растауға мүмкіндік туады.
– Аталған шара отбасылардың қауышуына, анасынан ажыраудың балаларға тигізетін салдарын азайтуға септігін тигізіп қана қоймай, қылмыстық саясатты ізгілендіру жолындағы маңызды қадамға айналады. Отбасы үшін, қоғам мен мемлекет үшін бұл шешімнің ұзақ мерзімді оң әсері болмақ. Сондықтан, әйелдер өз отбасылары мен балаларына оралуына мүмкіндік берейік. Баяндалғанның негізінде Ішкі істер министрлігін осы мәселе бойынша ресми позициясын ұсынуды сұраймын, – деді Қарақат Әбден.