Қазақстанда сатып алушылар тауар мен қызметті қолма-қол ақшамен немесе төлем картасы арқылы төлей алады. Бұл жағдайда сатушының тек қолма-қол төлем қабылдауы – заңсыз.
Қазақстанда азаматтардың мобильді аударымдары тексеріле бастады. Бұған қарамастан клиенттерден карта немесе QR төлемін қабылдаудан бас тартып, қолма-қол ақшаға толығымен ауысып жатқан жеке кәсіпкерлер бар. Бұл жағдайға Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің назарына ілікті.
Ведомстводағылар қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдаудан бас тарту заңсыз екенін айтады. «Себебі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған.
Кәсіпкерлердің картамен төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, ал қайталап заң бұзғаны үшін 157 280 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген», — дейді мамандар. Ведомство өкілдері қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдаудан бас тарту фактілері анықталған жағдайда мемлекеттік кірістер органдарына хабарлау қажет екенін еске салды. Ол үшін eOtinish арқылы міндетті растайтын құжаттар қосымшасы мен қолма-қол өтініш-шағым беру керек. Тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде кәсіпкерлер де сатып алушыға фискалдық түбіртек беруге міндетті. Фискалдық түбіртекті беруден бас тартқан жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделеді.