25 желтоқсан Әзербайжан әуе компаниясының Embraer 190 жолаушы ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ Бакуден Грозныйға бет алған. Бірақ ресми дерек бойынша, Грозныйда қалың тұман болғандықтан, Ақтауға жөнелтілген. Бірақ Ақтау әуежайына жете алмай қала маңындағы жазыққа бауырлай құлаған.
Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Баку — Грозный ұшағының апатқа ұшырауының себептері әлі белгісіз екенін айтты. Бұл туралы Азертадж мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады.
«БАҚ пен әлеуметтік желілерде ұшақ апатының сәттері бар, сондықтан оны кез келген адам көре алады. Алайда апаттың себептері бізге белгісіз. Әр түрлі нұсқалары бар. Бұл туралы айтуға әлі ерте деп ойлаймын. Мәселе толығымен зерттелуі керек», — деді Ильхам Әлиев.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, әуе кемесі ауа-райына байланысты бағытын өзгертті, Ақтау әуежайына бағыт алды. Апат қону кезінде болды. Республика Президенті ұшақ апатын «Әзірбайжан халқының басына түскен үлкен трагедия»деп атады.
Апат себебіне қатысты бірнеше нұсқа айтылды. Бір нұсқа бойынша, апатқа ұшақ пен құстар тобының соқтығысуы себеп болған. Тағы бір БАҚ бортта оттегі багы жарылғанын хабарлады. Embraer Ақтау әуежайына 3 минуттан аз уақыт қалғанда рульді басқара алмай, апатқа ұшырады.
Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінше, бортта 69 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған:
- 42 Әзербайжан азаматы;
- 16 Ресей азаматы;
- 6 Қазақстан азаматы;
- 3 Қырғызстан азаматы;
- Ұлты белгісіз екі әйел, біреуі шамамен 32 жаста, екіншісі шамамен 40 жаста.
Кейінгі мәліметтер бойынша, 29 адам аман қалған. Олар Әзербайжан, Ресей және Қырғызстан азаматтары.
Айта кетейік, алғашқы хабарлар 11:20-да келіп түскен, сол кезде Бакуден Грозныйға бағыт алған ұшақ Ақтауға жедел қону үшін сұраныс жасағаны туралы айтылды.
Грозный әуежайының баспасөз қызметі мәліметіне сәйкес, ұшақтың бағытын өзгертуге қалың тұман себеп болған. Ұшақ алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға қайта бағытталған.