Тергеу органдары Ақтауда аман қалған екі әйелдің жеке басын анықтау бойынша жұмыс жүргізді. Бірі Әзербайжан азаматшасы делінсе, екінші зардап шегушінің жеке басы әзірге белгісіз, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Соңғы мәліметтер бойынша, Маңғыстау облыстық ауруханасында 27 аман қалған адам бар. Олардың 15-і — Әзербайжан азаматтары, 8 — Ресей Федерациясының, 3 — Қырғызстанның азаматтары, 1 адамның жеке басы белгісіз.
«11 науқас жалпы реанимация орталығында, 13 — травматология бөлімінде, 2 — нейрохирургия бөлімінде, 1 — хирургия бөлімінде жатыр. Пациенттер әртүрлі жарақаттармен түсті, негізінен көп жарақат алғандар (жабық ми жарақаты, ми шайқалуы, жабық кеуде жарақаты, травматикалық шок 1-2 дәрежесі). Реанимация бөлімінде жатқан 11 пациенттің 3-еуі ауыр тұрақты жағдайда, 7-еуі ауыр жағдайда және 1 науқас өте ауыр, тұрақсыз жағдайда. Барлық зардап шегушіге қабылдау кезінде қажетті зерттеулер жүргізіліп, жағдайы тұрақталғаннан кейін профильдер бойынша госпитализацияланды. Бір науқасқа шұғыл түрде лапаротомия жасалып, тоқ ішектің мезентериясындағы жыртылғанды тігу және іш қуысына операця жасалды», — деп хабарлады МОБ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, санитарлық авиация арқылы Астанадан Ақтауға Ұлттық жедел медициналық көмек үйлестіру орталығы мен жетекші республикалық орталықтардың жоғары білікті мамандары, сондай-ақ Ресейдің Денсаулық сақтау және Төтенше жағдайлар министрліктерінің арнайы ұшағы мен Әзербайжанның санитарлық авиация бригадасы келгені атап өтілді.