Шырша — жаңа жылдың ең басты атрибуты. Ал оны айналу дәстүрінің 3000 жылдам астам тарихы бар.
Алғашында адамдар, орманда өсіп тұратын ағаштардың арасында шыршаның ғана мәңгі жасыл болып тұратынын байқаған. Жапырақтары қурамайтын, аязға төзімді осы ағаштың тылсым күші, ерекше қасиеті бар деп есептеген. Осыдан соң, оны мерекенің символы, үйге береке әкелуші деп санап, үй төрінен орын бергенге ұқсайды.
Көрші Ресей мемлекетінде бұл үрдіс сонау І Петр заманынан жалғасып келеді.
Ең қызығы, бұл дәстүр әлемге көне түркілер арқылы таралған деген мәлімет бар. Жазушы Мұрат Әжі «Қыпшақтар» атты еңбегінде шыршаны айнала ән салу көшпенділер дәуірінен келе жатқаны жайлы жазады. Шығармада бұл мереке жер шарының тура кіндігінде тіршілік ететін жер-судың құрметіне арналған. Ежелгі алтайлықтар шырша мерекесін желтоқсан айының аяғында күннің ұзарғанын тойлап атап өтетін болған. Содан тілеген тілектер қабыл боларына сенім білдіріп, оған түрлі-түсті шүберектер байлап айнала би билеген. Ендеше, шырша айналу мерекесін тұңғыш түркілер тойлаған болса Еуропа еліне бұл кейіннен келген дәстүр болуы ықтимал.