Таңертең қораз не деп айғайлайды? (ертегі)

Оқи отырыңыз

Ерте, ерте, ертеде жер бетіндегі құс атаулының бәрі бірдей ұша алмайтын болыпты. Көк жүзінде қалықтау тек құстар патшасы Самұрықтың ғана қолынан келеді екен. Бір күні Самұрық жер жүзіне жақсы хабар таратады:

  • Егер, қандай да бір құс ұшу қабілетіне ие болғысы келсе, ертең алтын күннің арайы жерге түскенде бәйтеректің жанына келсін!

Осыны естіген барша қанаты бар тірішілік иелері таң атар-атпастан бәйтеректің жанына жиналыпты. Уәде еткендей алтын күннің арайы жерге түскенде самұрық құс та жерге түсіп, келген құстың бәріне ұшатын қабілет сыйлапты.

Алайда, тауықтар мен қораздар ғана осы салтанатты жиынға ұйықтап қалған екен.

Мейірімді құс келесі күні тағы да жақсы жаңалықпен бөліседі:

  • Уа, құстар. Кешегі жиынға келгені бар, келмегені бар, ертең тағы да көкжиектен күн сәулесі көрінгенде бәйтеректің қасына жиналыңдар. Мен әрқайсыңа бір-бір өнерден үлестіріп берейін, — депті.

Осыны естігіен құстар тағы да түн ауып, күн шығар шықпастан айтылған жерге келіп алыпты. Бұлбұл – ән айтатын қабілет сұрапты, пингвиндер жақсы жүзетін өнер тілепті, түйеқұс қатты жүгірсем деген қалауын айтыпты, тотықұс адам тілінде сөйлейтін қасиетке ие болсам депті. Осылайша, құстардың бәрі өздері қалаған өнерге ие болпты.

Осындай игілікті шарадан қораздар мен тауықтар ұйықтап, құр қалып қойған екен.

Кең жүректі Самұрық құстарға үшінші мүмкіндік беріпті. «Ертең, таңғы жұлдыз шолпан көрінгенде бәйтеректің жанына келіп, ұша алатын қасиетке ие болғысы келгендер кезекке тұрсын!» деп жариялапты. Мұны естіген шыбын-шіркей, көбелек пен инелік, қоңыздар мен шегірткелер түгел жиналыпты. Осылайша, ерте тұрған еңбектерін елеп, құс болып жаратылмаған жәндіктерге де ұшу қабілетін үлестіріп беріпті. Бірақ, әтеш пен тауық бұл сыйға да ие бола алмай, ұйықтап қалыпты.

Кейін қораз жан-жағындағы құстардың көкте қалай қалықтап жүргенін көріп қатты қынжылады. Бір емес, екі емес, үш мүмкіндікті де пайдалана алмай, Самұрықтың шақырған жеріне ұйықтап қалғанына өкініпті. Содан бастап,  жер бетіндегі қораз бен тауық атаулының бәрі қанаты бола тұра ұша алмай қала беріпті.

Таңғы уақытытың берекесінен құр қалғанын түсінген қораз, жер бетіне алтын күннің арайы түсер-түспестен оянып «Құр қалғаным-ай! Қап әттеген-ай!» деп өкінішітен айғайлайтын болыпты. Бірақ, қанша ерте тұрып, қатты айғайға салса да, жер бетіне Самұрық құс қайта келмепті деседі.

Ертегі авторы: Айым Алтайқызы 

Соңғы жарияланымдар

«Мазалап, қатты қышиды»: Сушиді сүйіп жейтін қазақстандықтың денесінде тері асты құрттары пайда болған

Алматылық Мариям есімді әйелдің күйеуі теңіз тағамдарын, соның ішінде сушиді сүйіп жейді. Алайда 1,5 ай бұрын шикі балықтың құрамындағы...

Ұқсас ақпараттар