Қазақы нақышта ашықхаттар жасайтын суретші, ақын Мариям Қосылғанмен сұхбат

Оқи отырыңыз

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам…» Бүгінгі кейіпкеріміз Марияммен сұхбаттасқаннан кейінгі ойыма оралған алғашқы сөз осы болды. Қайран қалмасыңа қоймайтын бірнеше себеп бар.

Біріншісі — Авиация академиясының механика мамандығын бітірген қыздың қылқаламын серік етіп суретшілікпен айналысып жүргені. Екіншіден, қазақылықтың иісі аңқып тұратын суреттерін ашықхаттарға айналдырып, өз кәсібін дөңгелетіп отырғаны. Оған қоса, ақындық өнерден де құр алақан емес.

Бойындағы сан өнерді дұрыс бағыттап, қарбалас заманда шығармашылығы мен шабытын жоғалтпаған Мариям Қосылғанмен өрбіген әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз: 

 

  • Ақындығыңыз бен суретшілік өнеріңіздің бар екенін білеміз. Алайда, адамның негізгі табыс көзі болмаса шығармашылықпен ғана күн көру мүмкін еместей көрінеді. Қазір қай салада жүрсіз? 

— Рақмет! Қазір сол сөз өнеріне байланысты копирайтинг саласында жұмыс істеймін. Одан бөлек өз ісім, авторлық ашықхаттарымды да қатар алып жүруге тырысып жүрмін. Себебі өз ойымда, егер адамның расымен бір миссиясы бар болса, менің миссиямның жай үлкен компанияға жұмыс істеу болғанын қаламас едім.

  • Қазір жасанды интеллектің дәурені дүрілдеп тұр. Бұл — шығармашылық адамдарының шарықтауына бөгет болуы мүмкін бе?

— Керісінше ЖИ дамыған сайын шығармашылық адамдардың қоғамға қаншалықты қажет екеніне көз жетіп жатқан сияқты. Себебі шын өнер ақылдан емес, жүректен шығатыны мәлім. Сондықтан жан тербейді, сондықтан жылатады, күлдіреді. ЖИ сезіне алатын деңгейге жеткенде, мүмкін, өнер адамдары артқа шегінер. Алайда оның болуы екіталай, себебі ЖИ тек қатаң алгоритмдерді қабылдайды, тек түсіндірме сөздерді ұғады. Алдымен ЖИ-ге сезімнің не екенін түсіндіріп беру керек. Ал сезімді нақты сөзбен жеткізу осыған дейінгі әлі бір адамның да қолынан келген емес.

  • Қазір поэзияға сұраныс артып келеді. Әдеби кештер өткізу жоспарыңызда бар ма?

— Әрине, кештер ұйымдастыру ойда бар. Алайда ересек өмірге қадам басып, өз қолың ауызыңа жеткенде, қарбалас тіршіліктің соңынан қуып кету заңдылық шығар. Мегаполистегі өмірдің де өз ережелері бар, көп дүниеге уақыт жетпей жатады, өкінішке қарай.

  • Шығармашылық адамдары қазір маркетингті, жеке брендті дамытуды, өз өнімін әдемі ұсынуды да білу керек. Себебі, медиа контент өте көп. Екеуін де қатар алып жүру қиындық келтірмей ме?

Қоғамдық желілерді шығармашылықпен бірге алып жүру өзім үшін өте қиын. Әр жасаған дүниеңді халыққа көрсете бергің келмейді. Себебі адам баласының ең үлкен критигі өз басында отырады. Ал ақын бола тұрып өлең көрсетпесең, суретші болып сурет көрсетпесең, оқырманға не қызығың қалады? Одан бөлек шығармашылық адамның жаны өзіне беймәлім, бір күні бір адам, ертең басқа адам. Бір ұстаған істі сол қалпында ұстап жүру өнер адамдары үшін қиындау сияқты.

  • Ақын әрі суретші ретінде кітап шығаруға қалай қарайсыз?

— Ондай ой бар, бірақ әзірге тек ой қалпында. Піскен жоқ.

  • Өзіңізге жақсы әсер қалдырған бір кітапты ұсына аласыз ба?

— Бір кітап детіндей кітап жоқ. Бір кітапта көңілді қозғалтатын бір жол, бір сөйлемі болса, соның өзі бір бақыт. Себебі әр адам өмірінің түрлі кезеңінде әр нәрсені әртүрлі ұғынады, сещінеді. Көбіне кітапты уақыт өткізу, миды шынықтыру, жаңа білім алу мақсатында оқисың да, соның арасында жүрекке тиер сөз кездестіріп, автордың жанын көріп қалғандай боласың, сосын өзіңмен де жаңаша танысасың. Мен көбіне хикаяға, оқиғаға қызықпаймын, сөз арасына жасырынған сезімге қызығамын. Сондықтан дәл қәзір ойға келген кітап жоқ. Бірақ әрдайым жылататын кітаптар бар, ол сопылық кітаптар.

  • Көптен бері өлеңдеріңізді бөліспей жүрсіз. Сиясы кеппеген бір туындыңызды оқығымыз келеді…

Мына күннен аман қалсаң болғаны
Солқылдаған жүрегіңді жұлмалап
Мына әлемнің ұқтырғандай жалғанын,
Сенің бала сезіміңе таңданып,
Ащы шындық жанарыңа тұр қарап.

Мына күннен аман қалсаң болғаны,
Мына күнді ұмыттырмас күйік бар,
Өрбіп кеткен өртке жанып, жанданып,
Ақырғы рет сау жүректі сүйіп қал.

Бүгін күннен аман қалсаң — батырсың,
Қансырайтын сенде жүрек жоқ енді,
Азулылар азуларын батырсын,
Ешбір азу ауыртпайды денеңді.
Ешбір қылыш турамайды жаныңды,
Енді сенің аудармайды кемеңді,
Енді сендік өшірмейді жалынды
Бір адамның сақтап жүрген мұздығы,
Бір адамның тастай ауыр сөздері
Жүрегіңе құламайды жүк болып,
Сезіміңді өлтірмейді жұт болып.
Біреулердің алауыртқан көздері
Маңдайыңа қадалмайды оқ болып,
Табаныңды күйдірмейді от болып.

Сау жер қалмай көңілдегі жарадан,
Басқа адам боп, айта алмаймын қалғанын,
Азат болып туылаласың жаңадан,
Ажал салып кетпесе игі қармағын,
Ең бастысы аман қалсаң болғаны…

***
Ай көрінді дегенде,
Сыздамай ма күйіктер?
Ауырмай ма сынықтар?
Көзге түспей биіктер,
Үнсіз емес тұнықтар…
Ай көрінді дегенде,
Ішіңдегі сезімдер,
Бір уыс боп жиналып,
Мөлт-мөлт етіп көзіңнен
Үзілгенде, қиналып,
Не ойладың, қалқам-ау?
Не ойладың, жарығым?

Бар мұңыңды бояусыз
Жеткізе алмай, қымсынып,
Саған ғана аяусыз,
Саған ғана тым суық
Ай көрінді дегенде
Кімді күттің, қарғам-ау?
Кімді күттің, қарағым?

Ай көрінді дегенде,
Тығып қойған жаның да
Жыртылғанда кеудеңде,
Бір адам жоқ жаныңда,
Бір дәрі жоқ емдеуге,
Ай көрінді дегенде,
Сейілтуге келген жоқ,
Ай жарығы түнекті,
Жұбатуға дәрмен жоқ
Кемсеңдеген жүректі.
Ай көрінді дегенде,
Тірі тұрған жүректі,
Тасып тұрған қуатты,
Түн келді де күл етті,
Түн келді де құлатты

Сұхбаттасқан: Айым Алтайқызы

Соңғы жарияланымдар

«Мазалап, қатты қышиды»: Сушиді сүйіп жейтін қазақстандықтың денесінде тері асты құрттары пайда болған

Алматылық Мариям есімді әйелдің күйеуі теңіз тағамдарын, соның ішінде сушиді сүйіп жейді. Алайда 1,5 ай бұрын шикі балықтың құрамындағы...

Ұқсас ақпараттар