Сиам егіздерінің шешесі Бекторы аталуында да автор барынша символ жағынан ойын қалтқұсыз жеткізуге тырысты. Неге Ғазиза, Жайна есімі емес, Бекторы деген сұрақты шығарманы оқып бітіргенше қоя бердім. Бұның да бір сыры бар. Ал қара қарғаның ролін алсақ, неге «қара» қарға? Оның қаралығын қоя тұралық, қарғаның қарқылдауын жаман ырымға балайтын халық үшін бұл бір сынық па? Ала жіптің де айтары бар. Үміт сыйлаған, шешенің көзі ретінде бағаланған, тіпті өлім құштырған да ала жіп. Ала жіптің мағынасы баршамызға аян. Романда осындай символикалық тұстар жетерлік. Оқырманды жалықтырмай, соңына дейін оқуына әсер етеді.
Абыл мен Қабылды қара қарғадан бөлек іздеген Құйын. Атының өзі «құйын» деп тағдырын сипаттап бергендей. Біздің қоғамда құйындай құйтырқы әрекет жасап, өз мәртебесін өсіру үшін өзгелерді өшіретіндер бар. Мақсат Мәлік осы орайда саяси оқиғаларды келістіре жазған. Әкімге жағынған, министрлікке бағынған, түбі құрдымға жығылған қу тіршілік. Атақ деген дақпыртқа жету жолында ар мен намысты ысырып, билікке ұмтылған, сол тұста қаражат жеуді ойлаған жоғарыдағыларға үміт арта аламыз ба? Сайлау кезі партияның шашбауын көтеріп, мерейін өсіріп, халықты алдаған адамдар қалай жер басып өмір сүреді екен?
Бекторы. Бейкүнә Бекторы. Ауылдағы әке-шешесінің тұла бойы тұңғышы, үміті, бауырларының қамқоршысы. Қазақ отбасында қызға үлкен үміт артады. Бәлкім, басқа ұлтта да солай шығар. Бірақ бізде жауапкершілік жүгі тым ауыр. Бекторы табиғатынан тәрбиелі қыз еді ғой. Сол 1986 жылғы оқиға. Алаңдағы жастар. Көрші апаға берген уәдесін ұмытып, қоғамның қысымынан шыдамы таусылған студенттер. Сол күні көрші апаны тыңдағанда ғой деп тіледім. Бірақ не боларын, кейін қандай зардабын тартатын болжап білген ешкім жоқ. Сол түнгі үш еркектің иттігі қазіргі қоғамда да қыздардың өмірі қыл үстінде екенін көрсетті. Бәрінен бұрын қызыл дипломын құшақтап ауылына кеткенде оң жақтан аяғы ауыр деп кеудесінен итерген, мүлдем хабарсыз кеткен сүйікті жеңгесінен көңілім қалды. Әйелді әйел түсінеді ғой. Осы жерде автор әкенің ролін, оның абыройы қалай төгілгенін сипаттап жазады. Өте ауыр.
Сиам егіздерінің тағдырын сипаттау арқылы қоғамның ерекшелігі бар балаларға деген қарым-қатынасын көрсетті. Қорқу мен үрку, кейін цирктегі өнер көрсету мақсаты, кейін саяси тұрғыдан араластыру. Осы орайда цирктегі жануарлардың жай-күйі жақсы сипатталған. Дәрігердің ғылыми зерттеуі, оның таңданысы, тіпті ақтық демінен үзілгенде жанында болуы да бар. Дүниеге келгенде алғаш көрген және солай бақилық болғанына куәгер өзі. Автор дәрігер образы арқылы бір үміт сыйлай алды. Бірақ… Бәрі де кеш.
Адал жүргісі келетін Абылды да, қызық көргісі келетін Қабылды да жазғыра алмайсын. Бұл шығармадағы сиам егіздерінің тағдыры ғана емес, бұл әр адамның ішіндегі арпалысы. Әр адамның ішінде бір Абыл мен бір Қабыл бар. Ортақ жүрек. Сондықтан Ерлан Жүніс ақын жырлағандай «Жүрегімізді сақтайық!»