Hertfordshire Press Awards — он жылдан астам тарихы бар әдеби премия.
Бұл сыйлық ең мықты әдеби шығармаларды сараптап, үш жылда бір рет табысталады. Hertfordshire Press Awards әдеби сыйлығы Еуразиялық Шығармашылық гильдияның (ECG London) қолдауымен құрылды және 2013 жылдан бастап осы аттас баспаның авторларына олардың еңбегі мен халықаралық мәдени мұраға қосқан үлесінің көрсеткіші ретінде беріледі.
Биылғы әдеби сайысқа жас қазақ авторы қатысып, Әлихан Жақсылықтың «Нотр Дамда құлшылық жасау керек пе?» атты кітабы «Сыншылар таңдауы» номинациясын жеңіп алды.
Әлихан Жақсылық 1998 жылы 1 қаңтарда Ойыл ауданының Саралжын ауылында дүниеге келген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің түлегі.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2019 жылы «Алты құрлық», 2021 жылы «Төрт Мұхит» атты хикаяттар жинағы, 2023 жылы «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» атты романы жарыққа шықты.
Амангелді Кеңшілікұлы жас автордың туындысы туралы:
«Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» туындысын бір демде оқып шықтым. Әлихан шығармашылығына Кафка туындыларының қатты әсер еткенін байқағандай болдым. Ақылға қонбайтын абсурдтық дүниелерді өмірдегі шын болып жатқан оқиғадай суреттей білу – жазушыдан үлкен шеберлікті талап етеді. Әлиханның жеңіл емес, өнердегі осындай ауыр жолды таңдағаны мені қатты қуантты»
А.Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай өткен «Ұлы Дала» шығармашылық байқауында проза номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. 2023 жылы «Жетісу көктемі» әдеби байқауында К.Тоқаев атындағы жүлдеге ие болды. Бірқатар туындылары қырғыз, түрік, орыс, ағылшын тілдеріне аударылған.
Көптеген анимациялық сериалдардың авторы. «Балапан» арнасынан көрсетілетін «Ұшақтар», «Ырысты ыдыстар», «Ақылды көжектер» және «Қаһарман» секілді онға жуық анимациялық фильмге сценарий жазған.
Жас жазушы шығармашылығының басты тақырыптарының бірі — адам құқықтары, рухани еркіндік, қоғамдағы әділеттілік. Төменде беріліп отырған «Крестен түсіру» атты әңгімесімен ол ІV республикалық «Таласбек сыйлығы-2023» шығармашылық байқауының лауреаты атанған.