«Хабар» арнасынан көрсетілетін «Оян!»бағдарламасының «Қазақшаңыз қалай?» айдарында «Осознанность» деген сөздің аудармасы туралы сюжет ұсынылды. Алайда, бағдарлама жүргізушісінің айтқан тұжырымы түгелдей аудармашы, тіл маманы Назгүл Қожабектің зерттеуіне сүйеніп жасалған. Жүргізуші бұл сөздің қазақшасы — «түйсік, түйсіну» деп аударылатынын айтады. «Түйсік» сөзін кейде «интуиция», кейде «инстинк» сөзінің баламасы ретінде қолданып жүрміз. Ал, «осознанность» сөзін — саналы деп жаңылыстық. Мысалға, «осознанное отцовство» деген сөз «саналы әке болу» деп аударылмайды. Дұрысы —  түйсініп әке болу…

 

Назгүл Қожабек сюжет материалындағы ойлар оның авторлық құқығына қол сұға отырып жасалғанын айтып, дерекккөз сілтемесін бөліспеген арна редакторларына ескерту жасады. Аудармашының ескертеуінен соң, «Хабар» арнасының ұжымы сюжет мәтінін жазған ғалымның атын қосып, парақшаларына түзету енгізді.

«Соңғы кезде тілімізде калька сөздер көбейіп кеткені өтірік емес. Мысалы, қазір еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін жатқа білетін — «осознанность» сөзінің қазақша аудармасын білесіз бе? Тілшіміз — Азиза Насимолланың, тіл маманы, қоғам белсендісі — Назгүл Қожабектің зерттеуіне сүйене отырып жасаған сюжетіне зер салыңыз. Сюжеттегі ақпарат Назгүл Қожабектің «Калькасыз қазақ тілі» парақшасынан алынды» — деп түзеді арна қызметкерлері.

Осыған дейін, «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» бағдарламасы қоғамдық резонанс тудырып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйел мен оның күйеуін эфирде татуластырмақ болғаны үшін сынға қалған болатын. Сценарист, редактор Перизат Мырзахмет: «Рейтинг үшін арзан әдіске бару, жаны жаралы әйелді, балаларды қорлау — еліміздегі журналистиканың айқын бейнесі.» — деп пікір білдірген болатын.