Әдебиетсүйер қауымның жадында Жүсіпбек Аймауытов қазақ қоғамының келбетін кестелеген қаламгер ретінде сақталған. Қазақ тарихында оның есімі Алашорда партиясының мүшесі, қайраткер ретінде алтын әріппен жазылған. Сонымен қатар, Жүсіпбек Аймауытов – қазақ топырағында тұңғыш болып ұлттық психология ғылымының негізін қалаған, төлтума еңбек жазған адам болды.
Ол 1926 жылы «Психология» атты 400 беттен тұратын көлемді еңбек жазып баспадан шығарады. Бұл еңбек – қазақ даласында еуропалық жантану ілімінің сілемін әкелген тұңғыш еңбек болып саналады. Бір жағынан ғылыми еңбек, екінші жағынан оқу құралы ретінде қолданылды.
Автордың ерекшелігі — ол еуропада кеңінен зерттеліп жатқан психология ғылымын оқып, оны қазақ тіліне аудара салған жоқ. Ол жантану ілімін қазақ халқының ұлттық көзқарасы мен дүниетаныма икемдеп жазуға, түсініксіз терминдерге балама сөз ойлап табуға тырысты. Шексіз-шетсіз күрделі ғылымды қарапайым тілмен таныстыра білді.
Қазақ жерінде Жүсіпбек Аймауытовқа дейін де психология ғылымымен айналысқан зиялылар болған. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ғұмар Қараш, Шәкәрім Құдайбердіұлы бұл салада біршама еңбек қалдыра алды. Тіпті, Шәкәрім атамыз психологияны қазақшалап, «Жан сыры» деп атап, оған ерекше мән берген. Ал Жүсіпбек Аймауытов болса, психологияға «Жан жүйесі» деп атау беріп, заманауи психологиялық ілімдерді зерделеген ғылыми еңбек жазды. Дәл осы ғылым кейін «жантану ілімі» деген атауға ие болып, бүгінгі күнге жетті. Тура мағынасында айтқанда психология – адамның ішкі жан дүниесін зерттейтін ғылым.
Ж.Аймауытов «адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан… Адам баласының ұрлық істеуі, өтірік айтуы, кісі тонауы, өлтіруі сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен» дейді. Ол тәрбиенің екі түрлі болатынын: дене тәрбиесі және жан тәрбиесі болып бөлінетіндігін атап көрсетеді.
«Адамның өзін тану, өз жолын табуы өте қиын. Бұл қиындық әсіресе, жастардың басында: олар тәжірибесіз, көңілді, ойы құбылмалы, толқымалы, сондықтан өзін сынай алмайды. Өмір жолдары сан тарау. Жастар тоқсан жолдың торабында, қай жолға түсерін білмей, дағдарды. Егер жазатайым теріс жолға түсіп кетсе, өмірі өкініші кетпейді» деп жазады кітапта.
Ж.Аймауытов «тәрбиенің негізгі мақсаты мінезді түзеу, адамшылыққа қызмет ету, адал еңбек ете білуге тәрбиелеу» деген қағиданы қуаттай келіп, «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек» – дейді.