«Талантты адам — барлық жағынан талантты» деген тәмсіл рас сияқты. Себебі, өнерлі адамдардың өміріне үңілсе қалсақ, олардың көп іске икемді болғанын байқамыз. Біз шығармаларын сүйіп оқитын жазушылардың қандай хоббилері болғанын білесіз бе? Білсеңіз, таң қалатыныңыз сөзсіз…

 

 

Абай Құнанбайұлы

Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының «Биікте» тарауында Абайдың тоғызқұмалақ ойынын ерекше жақсы көргені туралы үзінділер көп кездеседі. Ол тоғызқұмалақтың шебер ойыншысы ғана емес, жарыстардың ұйымдастырушысы әрі демеушісі ретінде танылыпты. Ал Абайдың немере інісі Әрхам Ысқақов тоғызқұмалақ мектебін дамытып, алдыңғы үрдісті жалғастырған. «…Абайдың кейбір қыстарда, үйде отырып қалғанда әдейі шақырып алып, жиырма күн, бір айдан табан аудармай ойнап қалатын кісілерінің бірі – Мақыштың Смағұлы, не Марқабай болса, тағы бірі осы Көрпебай. Ішінде Абай да бар, осы үш-төрт ойыншы осы атыраптағы басқа ойыншылардан озып, ағалап шыққан және өзара бәсекелесі күшті ойыншылар.»

Мұхтар Әуезов

Ахмет Әуезов өзінің 1967 жылы жарық көрген «Бала Мұхтар» атты кітабында Мұхтар Әуезовтың бала кезінен футбол ойынына әуес болғанын жазады. Жазушының футбол әлеміне қалдырған ізін зерттеген Өмірзақ Сұлтанов өзінің «Мұхтар Әуезов және спорт өнері» кітабында біраз қызықты тарихи фактілерді келтіреді. Ол қазақ даласында тұңғыш құрылған «ЯРЫШ» (татар тілінен аударғанда «жарыс») футбол клубының белді мүшесі болған. Футбол командасы кейін ерікті спорт қоғамына айналып, «Ярыш» қабырға газетін шығарған. Газеттегі футбол, спорт мәселесі ғана емес, оларға арналған әзіл-сықақ, сын-сатиралар да жарияланды. Мұндағы барлық материалдарды жас Мұхтар жазған.

Бауыржан Момышұлы

Ауылда өскен әр жігіт атқа мінуді біледі. Алайда, Бауыржан Момышұлының атқа жай мініп қоймай, ат үстінде қылышпен ойын көрсетуде асқан ептілік танытқан екен. Оның ат құлағында ойнайтын қабілетіне тәнті жұрт бала кезінде оған «Шаңтимес» деген лақап ат қойған.

Бәукең бір сөзінде: «Арнайы соңына түскен жоқпын, бірақ қазір елге ұялмай көрсетуге болатындай жиырмадан аса қолтумам бар» деп айтқан. Ол бос уақытында сурет те салған, ою да ойған. Оған бұл өнер әкесі Момыналыдан дарыған деседі. Ол кісі ел білетін зергер болған.

Бауыржан Момышұлы «Автопортрет»

 

Олжас Сүлейменов

Өзінің саналы ғұмырын жыр жазуға, әдебиетті зерттеуге, қоғамдық-саяси түйткілдерді шешуге арнап келе жатқан Олжас Сүлейменовтың мамандығы инженер-геолог екенін білесіз бе? Қаламгердің спорт әлеміне қосқан үлесі де орасан зор. Қазақстан шахмат федерациясы 1992 жылы құрылған. Федерацияның бірінші басшысы ақын, жазушы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов болды. Ол 1977-1995 жылдар аралығында Қазақстан шахматшылары қауымдастығының төрағасы болып қызмет атқарған.

Бұл тізімді жалғастырсақ, балалар ақыны Мұзафар Әлімбаевтың хоббиі – сөзжұмбақ және сканворд құрау және шешу, әлем халықтарының мақал-мәтелдерін жинау және оларды қазақ тіліне аудару болған екен. Жауынгер-жазушы Әзілхан Нұршайықов бос уақытында cурет, жақсы кітаптар жинаған. Қадыр Мырза Әлінің хоббиі –кітап, қалам, бәкі, төсбелгі жинау болса, жазушы-аудармашы Герольд Бельгер шахмат ойнауды жақсы көрген, классик жазушы Ғабит Мүсірепов неше алуан таяқ жинаған. Қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаев оттықтан (зажигалка) топтама жинапты. Ал, сіздің хоббиіңіз қандай?

Айым Алтайқызы