Қадір Мырза Әлінің “Ақын ана” деген өлеңі бар.
“Сыр арнасын басқанменен қой тастар,
Сәйгүлік боп көңіл шіркін ойқастар.
Күні бойы қазан-ошақ босатпай,
Түні бойы ұйықтатпайды ұйқастар” — деп жырлайды ақын.
Бұл өлең жолдарында әйел заты отбасы мен ұрпағын өнерінен биік қойып, талантын тұншықтыруға мәжбүр болғаны айтылған. Әрине, бұл тек ақын қыздарға қатысты емес. Қазақ қыздарының еншісіне кеш тиген өнердің бірі — жазушылық.
Қазақ қоғамында қыздарды оқуға беру өткен ғасырдың басында ғана басталғанын ескерсек, жазушы қыздардың саусақпен санарлық болуы заңды. Бірақ, сол сөз өнерін биікке көтерген санаулы қаракөздердің өзі дұрыс насихатталмай келеді.
Қазақ мектептеріне арнап оқулық жазған ғалым, «Қазақ», «Айқап», «Бірлік туы», «Жаңа мектеп» секілді басылымдарда жұмыс істеген Назипа Құлжанова, «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» басылымдарына мақала жазған Аққағаз Досжановадан басқа кімді білеміз?
Кез келгеннің уысына оңай түсе қоймайтын прозаға алғаш болып қалам тербеген — Сара Мыңжасарова деген жазушы қызымыз болған. Ол 1924 жылы 29 қазанда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Қара Шоқат деген жерде туған. Ақтөбедегі мұғалімдер институтында оқыған. 1952 жылы республикалық екі жылдық партия мектебінің аудармашылар бөлімін бітірген.
С.Мыңжасарованың прозалық шығармалары: суреттемелері, очерктері, әңгімелері, проблемалық мақалалары 1953 жылдан бастап Талдықорған облыстық «Сталиншіл», «Семиреченская правда» газеттерінде жариялана бастады.
1959 жылы Вьетнам көркем әдебиетінің алғашқы прозалық шығармасы, Нгумен Ванның «Буйвол» повесі Сара Рахманқызының аударуымен сол кездегі жалғыз кітап шығаратын «Қазмембаспасынан» жарық көреді. 1959-1970 жылдар арасында аудармаға ерекше ден қояды.
Ал қазақ қызы жазған алғашқы роман — “Қыр қыздары” деп аталады. Бұған дейін журналистік қызметпен және аударма ісімен ғана айналысып жүрген Сара қыз өзінің тырнақалды туындысын жариялауға жүрексінеді. Алайда, Ахмет Жұбановтың берген бағасынан кейін әдебиетке қорықпай қадам басуға жігерлене түседі.
«Сара, қарағым, мен өмірімде түнгі сағат төртке дейін ешкімнің шығармасын оқыған емеспін, ал сенің қолжазбаңды оқып шықтым. Қолыңнан жазу келмейді десе, еш адамға сенбе, жаза бер” — деп, А.Жұбанов алғашқы оқырманы, жерлесі, жанашыр ағасы ретінде батасын берген екен.
Осылайша, “Қыр қыздары” романы 1970 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көреді. Одан бөлек, “Әйел бақыты” және “Төзім шеңбері” деген көлемді шығармалары тағы бар. Белгілі сыншылар Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғалиев және басқалар кезінде Сара Мыңжасарованың әдебиеттегі қолтаңбасын жоғары бағалаған.
Өзі отыз жеті жасында жесір қалып, ердің де, елдің де жүгін арқалаумен ғұмырын еңбекке арнады. Оның аударма, публицистика саласына қосқан үлесін былай қойғанда, повесттерінің өзі бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазақ қыздарының арасынан тұңғыш роман жазған қарлығашымыздың есімін кейінгі буын біліп жүргені дұрыс.
Айым Алтайқызы