Қазақ тіліне 5000-нан астам сөз қосқан сөзжасам шебері

Оқи отырыңыз

Көп тілден түйіп ой – сезім,
Төл тілдің аршып көл көзін:
Төлдетіп ана тілімді,
Бес мың сөз қостым мен де өзім.
Ісләм Жарылғапов.

  • Тіл де адам сияқты. Ол өз заманына бейімделіп, өсіп, өзгеріп отырады. Сол сияқты біздің өмірімізде күн сайын түрлі заттар, ұғымдар, терминдер мен атаулар пайда болып жатыр. Ал, сол жаңашылдықтардың бәріне ана тілінде атау беру — өте күрделі мәселе. Мысалы, «телефон», «компьютер», «флешка», «дрон» сияқты өркениет жетістіктеріне қазақша атау беру мүмкін емес. Алайда, басқа салаға қатысты көптеген сөздерді өз тілімізге лайықтап, аударуға болады. Міне, осындай маңызды жұмыспен тілтанушылар, лингвист ғалымдар, аудармашылар айналысады.

    Сөзжасамның шебері

    Қазақ тілінде өте әдемі сөздер көп. Олардың ішінде басқа тілден енген сөздердің сәтті аудармалары қаншама?! Мысалы, балмұздақ, аялдама, зейнетақы, мерейтой, жанкүйер, баспана сияқты ұғымдарды қазақшалап, тілдік қолданысымызға енгізген – Ісләм Жарылғапов есімді ғалым болатын. Ол қазақ тіліне басқа тілден енген ұғымдарды біздің салт-санамызға икемдеп,  сан мыңдаған сөз жасап, қоржынымызға қосты. Солардың арасында бірден қолданысқа сіңіп, халыққа кең таралған аулармаларды ұсынамыз:

    * Гонорар – Қаламақы
    * Телевизор — Теледидар
    * Ракета – Зымыран
    * Космонавт — Ғарышкер
    * Председатель – Төраға
    * Деятель – Қайраткер
    * Лектор – Дәріскер
    * Робот – Құлтемір
    * Статья – Баб
    * Таблица – Кесте
    * Детсад – Бөбекжай
    * Девиз – Ұран
    * Издатель – Баспагер
    * Читатель – Оқырман
    * Пляж – Жағажай
    * Спектакль – Қойылым
    * Санаторий — Шипажай
    Ісләм Жарылғапов | Әдебиет порталы
    Сәтті аударма қалай жасалады?

    Басқа тілген енген сөзді қалай бар, солай аудара салу дұрыс емес. Ондай аударма «калька» деп аталады. Сөзбе-сөз аударған кезде ұғымдар мен атаулардың мағынасы өзгермегенімен, айтылуы, естілуі, қабылдануы тартымсыз, оғаш болады. Мысалы, «балкон» деген сөзді «қылтима» деп айтқымыз келмейді. Ал, Ісләм Жарылғапов өзі ойлап тапқан сөзжасамдарында тіліміздің ерекшеліктерін, ұғымның мәнін ескере отырып өте шебер аудармалар жасаған. Осындай сөздік қорымызға жарасып кеткен атауларды жасау үшін адамға тапқырлық, асқан сауаттылық керек екені айтпаса да түсінікті. ​Мәселен, қазақ тілінде зейнет деген сөз бар, тіпті «Бейнет, бейнет түбі – зейнет» деп жатамыз. Сондай-ақ біреудің ақысын жеуге болмайды деген ұғымды әйгілеп тұрған «ақы» сөзін алыңыз. Міне, осы «зейнет» пен «ақы» сөзін біріктіру арқылы «зейнетақы» деген керемет термин сөз жасалды.
    Ісләм Жарылғапов жасаған аудармалар тек Қазақстанда ғана емес, түркі тілдес көптеген халықтардың да сөздік қорында қолданылып жүр.
    Кезiнде жазушы, драматург Асқар Сүлейменов Iсләм Жарылғаповтың көркем сөз зергерлiгi туралы «Жақсыдан сөз шығады жан секiлдi, тамырдан атқылаған қан секiлдi» деп бағалаған екен.

    Балалық шағы

    Ісләм Жарылғапов Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында Талды Манақа өзені бойындағы Көктал түбінде, Тұтқышбай ауылында көшпенді орта шаруа Жарылғаптың шаңырағында дүниеге келген. Ол жеті жасқа келгенде анасы Шахиза дүние салады. Елге алапат аштық қырғынын әкелген 1932 жылы Ісләм Жарылғапов әлі бұғанасы қата қоймаған он төрт жасар жасөспірім болатын. Кәмпеске кезінде қолда бар малы мен астығынан жұрдай халықтың аштықтан қынадай қырылғанын өз көзімен көрді. Ісләм Жарылғаповтың әкесі Жарылғап сауаттылығымен, имандылығымен, білім мен өнерге, еңбекке құштарлығымен елге сыйлы азамат болыпты. Сондай әкенің тәрбиесін көрген, бала Ісләм елге қызмет ететін адал адам болып өсті.

    Еңбек жолы

    Ісләм Жарылғапов – тек аудармашы ғана емес, жазушы да, журналист те болған. Еңбек жолын мұғалім болып бастаған. «Жазушы», «Қазақстан» баспаларының аға редакторы, редакция меңгерушісі, Мәдениет министрлігінің алқа мүшесі, Өнер басқармасының бастығы, Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің бас редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағында көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, аударма кеңесінің төрағасы секілді қызметтер атқарған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қаламгер саналы ғұмырын қазақ тілін байытуға жұмсады. Көркем әдебиет саласында М.Горький, М.Шолохов, А.Герцен, Л.Толстой, А. Пушкин, Ф.Ниязи, Ә.Несин, У — Ян, К.Цеткин, В.Бердаль, И — Р. Бехер, т.б. жазушылардың әр жанрдағы шығармаларын қазақшалаған. «Үздік мұғалім», «Үздік мәдениет қызметкері», «Үздік баспасөз қызметкері» атақтарының иегері 1991 жылы өмірден өтті.

    Отбасы

    Құдай қосқан қосағы Бибіғайша екеуі Есет, Нұрлан атты екі ұл, Қарашаш, Жанар, Нұрғайша атты үш қыз сүйді. Есет ерте шетінеді. Нұрлан автомеханик болды, 1996 жылы қайтқан оның артында төрт баласы қалды. Қызы Қарашаш Алматыдағы шет ел тілі институтында ұстаз. Екінші қызы Жанар жан-жақты қабілетімен, дарындылығымен, іскерлігімен елге ерте танылды. Қазір Сирияда тұрады, бала-шағалы. Ісләм ағаның Кенже қызы Нұрғайша, күйеу баласы Амантұрлы әкесінің аманатын орындап, ісін жалғастыруда.

    Термин аудару – күрделі жұмыс!

    Ғабит Мүсірепов тілімізге қосылып жатқан терминдер туралы: «Тіліміздің қорында бар сөздерге жаңа мағына беру жолындағы табыстарымызға мен Ісләм Жарылғаповтың көрермен, оқырман, аялдама деп қосқандарын орынды да орнықты көремін. Мен бұдан жеті-сегіз жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде «Асқындырып алмайық, достар!» деген мақаламды жариялап едім, ол мақаламда жоғары төменнен, аға жазушылар мен жас жазушылардан ана тіліне жасалып жүрген жәбірлер жайында болатын. Егер ана тіліміз үлкен талаптарды көтере алмайтын, өспеген олақ тіл болса, бұл мақаланы жазбаған болар едім. Жоқ, бұл бай тіл! Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады!» деп баға берген екен.
Соңғы жарияланымдар

«Мазалап, қатты қышиды»: Сушиді сүйіп жейтін қазақстандықтың денесінде тері асты құрттары пайда болған

Алматылық Мариям есімді әйелдің күйеуі теңіз тағамдарын, соның ішінде сушиді сүйіп жейді. Алайда 1,5 ай бұрын шикі балықтың құрамындағы...

Ұқсас ақпараттар