Жапон халқы тілдерін сақтау үшін күріш егеді екен…

Оқи отырыңыз

Ұлт ұстазы Ахаң: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады» дейді. Біз мұны көбінесе сөздік қорымызға кейінірек енген «мемлекеттік тіл» төңірегінде қолданып жүрміз. Асылында, Ахмет атамыздың айтпағы бұдан өзге. Бұл мәселені Жапониядағы мынадай бір жағдаймен салыстыра айтқанда түсініктірек болар.

Жапондар тілін сақтау үшін күріш егеді

 Жапония жері тар, табиғаты да сонша қолайлы ел емес екені әмбеге аян ғой. Екі аралы «өлгелі» жер жағынан жағдайлары тіптен қиындай түскен. Осыған байланысты олар күрішті өздері екпей-ақ, сырттан экспорттап алғаны өте тиімді болмақ екен. Алайда, сырттан күріш алуға кететін қаржыдан он есе көп ақша шығарып, шығынға бата отырып күрішті өздері егуге шешім қабылдаған. Оны егетін, қарайтын адамдарға да жоғары айлық төлеп әуре-сарсаңға түсіп отыр. Неге? Бір қарағанда, сонша ақшаны бекерден бекер желге шашып, күріш егіп ерігіп, ойнап отырғандай сезілген жапондардың қайғысы басқа екен. Мәселе тілге, тіл ділге, ділі ұлттық болмысына әсер етіп, жапондар күріш екпей бұлай кете берсе ұлт жоғалмақ екен. Өйткені жапондардың жетпіс-сексен пайыз сөзі күрішпен байланысты болып шыққан. Егер жапондардың санасынан бұл сөздер, осы сөздер беретін ұғымдар жоғалса, жапон да жоғалмақ. Әлемге ортақ техникалық тілдер ұлттық болмысын, дара ерекшеліктерін жойып тынбақ. Мына жанталастық соның алдын алу. Жапондардың жетпіс-сексен пайыз сөзі күрішпен байланысты болса, біздің жетпіс-сексен пайыз сөз көшпенді өмірмен, төрт түлік малмен байланысты ғой, мұндай мәселе бізде жоқ па?

Бұл күнде көптеген мақал-мәтел, тұрақты сөз тіркестерін әңгіме арасына қыстырып жібергенімізбен ары қарай оның мағынасын тарқатып бере алмаймыз. Кейде тіпті алғашқы мазмұнынан мүлде алшақ мағынада қолданамыз. Неге? Біз де көшпелі дәуірден отырықшылыққа ауысқалы сол кездегі кейбір заттарға байланысты қалыптасқан атаулардың өзін ұмыта бастадық. Қазақтың ол дәуірін неше буын ұрпақ көрген жоқ. Содан кейін де ол атауға байланысты кей мақал-мәтелдің, тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын түсінбейміз. Мысалы, «Сөз тапқанға қолқа жоқ» дейміз. Мағынасы қандай? Оны түсіну үшін ең алдымен «қолқа» деп нені айтатынымызды білу міндет. Қазақстанның «Уикипедия» ашық энциклопедиясындағы мәлімет бойынша: «Қолқа — омыртқалардың қан айналыс жүйесіндегі ең ірі артерия қан тамыры». Жарайды делік. Ендеше, мұның «сөз тапқанға» қандай қатысы бар? «Қолқа сала келдім», «қолқалап болмаған соң…» деп келетін тіркестердің ше? Дәл мына анықтама бойынша бұларды қанша қолқаласақ та, бір-біріне жуықтата алмаймыз. Демек, «қолқа» деп аталатын екінші бір зат бар. Иә, аталарымыз тағы нені «қолқа» деп атады? Түйеге жүк арту үшін 7-8 құлаш екі арқан керек. Сол екі арқанды қосақтап, кесілген жеңдей қуыс киізден өткізеді. Сол қуыс киізді «қолқа» дейді. Қолқа арқанның тең ортасында болып, жүк артқан кезде түйенің дәл төсіне келеді. Яғни, түйенің төсіне арқан батпас үшін жасалынған зат. Бір қызығы, бұл киіздің сыртқы формасы анау ағзадағы қолқамен ұқсас. Сол үшін де осы қуыс киізге ағзадағы қолқаның атауын берсе керек. Міне, біздің мақал-мәтелдеріміздегі «қолқа» сөзі осы затқа байланысты. Себебі, түйеге жүк арту үшін оны шөгеру керек, шөгеру үшін арқанның бір жағын шумақтап алып қолқаны төс тұсына келтіре, түйенің мінер жағынан қамшылар жағына өткізе лақтырамыз. Түйені қазақ осылай қолқа салып шөгереді. Енді үйретілмеген асау тайлақ болмаса, жүк артылған түйе атаулы иесі қолқа салғанда өзіне жүк артатынын біледі, өздігінен шөгеді. Тіпті кейде бала-шаға бұйдасынан сілкілеп шөгере алмай тұрған түйенің төсіне үлкендер келіп қолқаны сала қойғанда екі тізесі еріксіз бүгіліп, «бық» етіп шөге қалатынын өз көзімізбен талай көргенбіз. Ал 2007 жыл «Арыс» баспасынан шыққан «Диалектологиялық сөздіктің» 453-бетінде «Түйеге жүк артқанда арқанның дәл төске келетін жеріне кигізетін киіз» деп қолқа туралы қысқа болса да анық жазылыпты.

 

Қолқа сала келген қазақ пен өтініп тұрған қазақ

 Енді түсінікті болар, «Қолқа салып кеп отырмын» деген «Жүк артқалы келіп отырмын, салмақ салғалы келіп отырмын» дегенді білдіреді. Қолқа — қалаудың, біреуді көмекке шақырудың, қазіргі тілмен айтқанда, өтініш айтудың ұшар басы, қазақ біреуден бір нәрсе сұраудағы сөзінің шегі. Қазақта «өтінемін» деген сөз жоқ-тұғын. Бұл өте жалынышты хал. Аталарымыз бір-бірін ондай күйге түсіргісі келмейді. «Айналайын, қолқа сала кеп отырмын» дейді ақсақал. Шарасыздығын айтты, бірақ мүсәпір, аянышты, жалынышты күйге түсіп айтқан жоқ. Себебі, бұл сөз оның қадірін сақтап, белгілі дәрежеде тепе-теңдікті ұстап тұр. Ал, қолқа салынып қойды, қолқа салынған адам қайтпек? Оны қазақ құдды алып қашып әкелген келіннің алдына көлденең жатып алып «кетсең, мені аттап кет» деген енедей сезінеді. Сондықтан қолқаны аттап кету деген үлкен әбестік. Мінеки, мұның арғы жағында қазақтың бір-бірімен қарым-қатынасының, болмысының қандай болғанынан хабар беретін үлкен ақпарат бұғып жатыр. Енді қолқаны аттауға болмайтынын білдік. Орындай алмаса, орындауға мүмкіндігі болмаса ше? Сондықтан «маған қолқа сала көрмеңіздерші», «қолқалай көрмеңіздерші» деген сөздер жиі айтылады. Ал салынып қойған қолқадан мыңнан бір адам ғана құтылады. Аттап емес, сөз тауып құтылады. Сол кезде қолқа сала келген адамның өзі оған риза болып қолқасын кейін тартып алмақ. Өйткені, «Сөз тапқанға қолқа жоқ». Қалай, ә?! Бұл — шығар жол. Аталарымыз мұны да ескерген екен. Қолқа салып сұрап тұрған дүниесін берсең де бересің, бермесең де бересің, шақырған жеріне барсаң да барасың, бармасаң да барасың демейді, көкейге қонымды, қызықты да тапқыр жауапсөз айтсаң қолқасын қайтып алуы керек һәм реніш болмауы тиіс. Міне, бұл сөз ғана емес, бұл — біз көп айта беретін, таңдай қаға беретін, тереңіне жете алмай тамсана беретін аталар болмысының бір ғана көрінісі.

«Сөз қадірі» Ұларбек Нұрғалымұлы

 

Соңғы жарияланымдар

«Мазалап, қатты қышиды»: Сушиді сүйіп жейтін қазақстандықтың денесінде тері асты құрттары пайда болған

Алматылық Мариям есімді әйелдің күйеуі теңіз тағамдарын, соның ішінде сушиді сүйіп жейді. Алайда 1,5 ай бұрын шикі балықтың құрамындағы...

Ұқсас ақпараттар