“Қызғанып жұмысқа шығармады…”Ғабит Мүсіреповтің әйелінің естелігінен

Оқи отырыңыз

Раиса Мұхамедиярованың өнер мен өмір арасындағы тартысы: 05 ноября 2019, 11:36 - новости на Tengrinews.kz

«Менің атым Қожа» фильміндегі Қожаның мұғалімі есіңізде болар. Ал Майқанованың рөлін сомдаған актриса Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі Раиса Мұхамедиярова жазушы Ғабит Мүсіреповтің жары болғанын білген бе едіңіз? Ұлы жазушы мен талантты актрисаның арасындағы драма 1962 жылдан басталады. Араға екі жыл салып, Ғабеңнің қырық жыл отасқан жары Құсни апай дүние салады. Жылға жетпей Ғабең төсек жаңғыртып, өзінен 37 жас кіші Раиса сұлумен шаңырақ көтереді.

Бірақ, екеуінің отбасылық ғұмыры баянды болды деу қиын. Оған арадағы жас айырмашылығы, Раиса апайдың өнерден қол үзгісі келмеуі, ал Ғабеңнің оған қарсы болуы ықпал еткен деп топшылауға болады. Кемеңгер жазушы өнерде озық болғанымен, отбасылық өмірде аса қызғаншақ болған екен. Бақ жұлдызы жаңа жанған келіншегін өнерден барынша алыс ұстауға тырысқан. 

Актриса Раиса Мұхамедиярова дүниеден өтті

Актриса отбасылық өмірі туралы өзі былай деп баяндайды: 

«Үйленгеннiң ертеңiне-ақ Ғабең: «Жұмысты тастайсың», – деген. Үндемей қоя салғанмын. Шынында да ол кезде қайдағы жұмыс. Айналасы екi жылда Гауһар, Гүлнәр атты қыздарым дүниеге келдi. Гүлнәрдi босанғанда тұңғышым әлi емшектен де шықпаған. Ғабең екеуін де қатты жақсы көрдi. Бiрақ Гауһар мен Гүлнәрдiң бiрi ұл болғанда ғой деп армандады. Өзiм де өкiнетiнмiн: «Бұрынғы әйелiнен үш қыз, менен екеу, құдай неге бiреуiн ұл етiп бермедi екен?» деп. Алдын-ала айта кетейiн, қыздарым жақсы боп өстi, екеуi де тұрмысқа шықты. Гауһар қыз туып, есiмiн Әсел қойды. Гүлнәр екi ұл туып, бiрiн әкесінің құрметiне Ғабит, бiрiн Мәди деп атады. Бір кем дүние, бірақ Ғабең ұл немерелерiн көрген жоқ. (Олар туғанда қайтыс болған еді).

Адам үйде отырудан жалығып, өз-өзiне жақпайды екен. Мен де кинодағы кездерiмдi аңсап, тұра сап, сонда қарай жүре бергiм кеп тұратын. Бiрақ, ендi ол жақтың ауылы алыс. Сәтi келсе, театр да жаман болмас едi. Ғабеңе соны айтсам, ер-тоқымын бауырына алып тулайды, көнбейдi. Сонда да бiр күні жастар театрына бардым. Директоры Гүлжаһан Жанысбаева қуана қарсы алды. «Қабылдаймыз» дедi. Үйге келіп, Ғабеңе айтып ем: «Иә, жалақысы қалай екен?» дедi. «150 сом». «Мен жарты сағатта 300 сом табамын. Не жетпейдi? Қолыңды жылы суға малып, үйде отырмайсың ба?». «Жоқ, мәселе ақшада емес, жұмыс керек, жұртпен араласуым керек». Ғабеңнiң түсi кiлт бұзылып, өңi құп-қу боп кеткен. Терiс бұрылды да, кабинетiне кiрiп кеттi. Содан мен жұмысқа шықтым. Ажырасуымыздың басты себебi сол, менiңше. Бұл 1969 жыл болатын.

Ғабеңдi о баста шын сүйiп, құлай берiлгенiм ақиқат. Менiң басты кiнәм Ғабеңдi тыңдамай, театрда жұмыс iстегенiм болса, оны мойындаймын. Сахнада сан алуан рөлдер ойнап, жаным жай тапқанын да жасырмаймын. Көңiлiм өстi, өзiмдi адам секiлдi сезiндiм. Бірақ, Ғабең сөйлеуден қалып, нiлдей бұзылып жүрді. Ешқайда бiрге бармаймыз, бiрге жүрмеймiз. Бұрын бильярдқа ерітушi едi, оны да доғарды. Не iстерiмдi бiлмей, сенделiп қаламын. Күнiм күн емес. Жұмыстан соң үйге қарай басқым келмейдi. Екi гүлiм үшiн ғана сүйретiлiп әрең ораламын. Байқаймын, Ғабеңнiң берi қарайтын түрi жоқ. Сөйтiп болар iс болды. Түйiн шешiлдi.»

Осылайша Гүлнар мен Гауһар деген қыздарды өсіріп отырған ерлі-зайыптылардың жолы екіге айырылды. Жазушымен айрылысқанын естіген таныстары, жұмыстастары, беделді тұлғалардың бәрі актрисадан теріс айналған. Осылайша, атағы дүркіреп тұрған Ғабит Мүсіреповтан айрылысу оған оңайға соқпады. Кейіннен жазушы актрисаның үйлі болып, қызметке орналасуына көмектескен көрінеді. Алайда, екеуінің тағдыр жолы осыдан соң қайта түйіспеді. Раиса анамыз өнер жолын таңдады. Ғабит Мүсірепов басқа аруға үйленді.

Ғабит Мүсірепов Раиса Мұхамедиярова туралы: «Егер менен өміріңізде шын бақыт, шын сүю, шын адал жан болды ма деп сұраса, мен «иә» деп жауап берер едім. Ондай адам менің Раечкам ғана еді», — деп жазған. Алашқа қызмет еткен айбынды азаматты “абьюзер” деп айыптаудан аулақпыз. Алайда, қаламгердің көзсіз қызғанышы отбасын құрдымға апарған тәрізді. Сіз қалай ойлайсыз?

Естелікті Зәкір Асабаев жазып алған. Дерек Әсет Ақмолданың инстаграм парвқшасынан алынды. 

 

 

Соңғы жарияланымдар

«Олардың жасында үш қыздың анасы едім”: Гүлнұр Мамасарипова «Кәрі қыз» фильмі арқылы қоғамға үндеу жасады

Танымал кинопродюсер, сценарист Гүлнұр Мамасарипова су жаңа кино туындысына қатысты Stan.kz тілшісіне аз-кем ойын бөлісті. Фото: https://www.instagram.com/gulnur_mamasaripova/ Күні кеше продюсердің "Кәрі қыз" атты фильмі көрерменге...

Ұқсас ақпараттар

Яндекс.Метрика