Бүгінгі таңда педофилия қоғамдағы үлкен проблемалардың біріне айналған. Елімізде кішкентай балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткендер аз емес. Осы орайда, балалардың жыныстық тәрбиесі бойынша сарапшы, ата-аналарға арналған алғашқы қазақтілді Aruacademy платформасының негізін қалаушы Ару Сағи қоғамдағы жалпы педофилдерді қалай тану керектігі бойынша ата-аналарға құнды пікірлерін бөлісті.
Педофилді қалай танимыз?
Балалардың жыныстық тәрбиесі мен сауатына қатысты пікірлерімен танылған, «Тұлға тәрбиелеу — оп-оңай» кітабының авторы Ару Сағи педофилдер көбіне балаға жақын жандардың арасынан шығатынын айтты. «Педофилдер «көзін» жақын айналасына салады, яғни, олар өзіне таныс емес балаға онша көп жақындай бермейді. Былайша айтқанда, педофилдердің құрбандары жақын маңнан табылып жатады. Оқиғаның сексен пайызында нағашысы, жездесі, көршісі, әкесінің досы немесе ағасы, әкесі зорлық көрсететінін байқап жүрміз. Олар сырттан келмейді, сондықтан, қылмыскерді «алыстан» іздемеген жөн. Бүгінде мұны ғалымдар да, психологтар да растап отыр. Олар баланың сеніміне кіру үшін түрлі әрекеттерге барады. Жылы-жылы сөйлейді, қамқорлық танытқандай болады. Сөйтіп, сенімге ие бола бастайды. Бұл мақсатта сыйлық беруден басталатын түрлі әдіс-тәсілдерді де қолданады. Мұны эмоционалдық байланыс орнату дейді психология ғылымы. Басында басталған мұндай «игі істер» соңында арам ойға ұласады.
Баламызды ондай азғындықтан қалай сақтаймыз?
Қазақта «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөз бар. Бірақ мен мұнымен жүз пайыз келіспеймін. Керісінше, қазіргідей ақпарат заманында қызбен де, ұлмен ашық сөйлесу керек. Ата-ана мен баланың арасында айтылмайтындай сыр, жабық тақырыптар болмауға тиіс. Қызды да, ұлды да тия бергеннен еш пайда жоқ. Өйткені, жасаймын деген бала ата-анасының көзін ала бере жамандыққа баруы мүмкін. Бұл жердегі басты міндет – ата-ана мен баланың арасында дұрыс, сенімді, кез-келген мәселені ашық айта алатын қарым-қатынас орнату», — дейді сарапшы.
Осындай жағдайға тап болған ата-ана не істеу керек?
Маманның айтуынша, көп жағдайда елімізде құрбанды кінәлау белгілері де жиі кездеседі. «Елде орын алған, әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатқан бір оқиғадан мысал келтіре кетсем. Жуырда Алматыда болған оралдық шаштараздың оқиғасы. Яғни, қалада шаштараз болып жұмыс істейтін ер адам кішкентай қыздарға мессенджер арқылы хат жазған. Жігіттің әйелі көріп, оның бұл ісін желіде әшкере етті. Әлеуметтік желіде күйеуінің жазбаларын жария етті. Ер адам хат жазған қыздардың бірінің анасы жігіттің әйелінің үстінен арыз жазған. Комментарийлерге кіріп көрдім. «Кіп-кішкентай қыз, оған жігіт не керек, отбасылы жігіттің басын айналдырып жүр», — деп сөгушілер көп. Осы тұста, Victim Blaming деген ұғым бар. Ағылшын тілінен аударғанда «құрбанды кінәлау» деген мағынаны білдіреді. Бұл жерде «құрбан» кім болып отыр? Кішкентай қыз немесе ұл. Ал біздің қоғамда көп жағдайда дәл осы кішкентай балаларды қоғам жерден алып, жерге салып жатады. Демек, қоғам құрбанды кінәлағандықтан, қыздың анасы ана жігітпен бірігіп, оның әйелінің үстінен арыз жазып отыр. Неге олай жасады? Қоғам қызын кінәлағасын қызына, отбасына жаман ат келмесін деген ниетпен барып отыр бұл қадамға. «Менің қызым оғаш ештеңе істеген жоқ. Олар әншейін аға мен қарындастай», — дейді. Бұл әрекеттен мен қорғаныс рефлексін де байқаймын. «Менің інім солай жасап жүр екен, менің ағам сөйтеді екен» деген хаттар маған көп келеді. Маман ретінде айтарым, қылмысты жасыру дұрыс емес.
Заң бойынша қылмысты жасыруға болмайды. Осындай жағдай орын алғанда, біз жауып, жасырмай, қоғамға айтуға міндеттіміз. Қылмысқа біз қолымызбен, тілімізбен, ең болмағанда жүрегімізбен қарсы тұруымыз керек. Олай болмаған жағдайда, біз де қылмыскерлер қатарындамыз», — дейді маман. Ару Сағи қылмысты жасырудың қамқорлыққа жатпайтынына баса назар аударып отыр.
«Қылмысты жасыру — қамқорлық емес. Жақында Атырауда болған бір оқиға мені қатты ойлантты. Туыстары қоғамның кінәлауынан қорқып, зорланған қызды зорлықшыға тұрмысқа берген. Ата-анасы мен туыстары бұл оқиға бетімізге салық болады деп түсінсе керек. Өкінішке қарай, мұндай оқиға еліміздің біршама өңірінде кездеседі. Біздің қоғамды ірітіп, шірітіп жатқан аса күрделі мәселелердің бірі. Бұл — ата-ананың қамқорлығы емес, керісінше қатыгездігі, білімсіздігі, топастығы. Шынымен де балаңызға жаныңыз ашыса, осы оқиғада жігітті айыптау керек. Қайталап айтамын, кішкентай қызды емес, жігітті. Әрине, қызыңызбен сөйлесуіңіз керек. Қызыңызбен де, ұлыңызбен де ашық сөйлесіңіз, олар әлі кішкентай, кәмелеттік жасқа жетпеген. Олардың қателесуге құқығы бар. Бұл жерде жауапкершілік толықтай он сегізден асқан ересек адамда», — дейді Ару Сағи.