Ол әдебиетке кездейсоқ келген жоқ. Бала күнінен жанының да, тәнінің де шипасы — жазу болды. Әуелі Құдай, одан соң қаламның құдіретімен ауыр дертті де жеңіп шықты. 25 жасына дейін «Бәйшешек», «Қарлығаш» атты екі көлемді кітабы жарық көрді. Біз бүгін қарашадайынан қаламды серік еткен Жәмиля Бахтиярқызымен сұхбаттастық.
“Бәйшешекті” оқығандар бұл сұрақтың жауабын біледі. Дегенмен, өз аузыңнан тағы бір естісек. Әдебиет әлеміне келуіңе кім немесе қандай жағдай себеп болды?
— Әдебиет деген алып планета ғой. Бұл әлемге қадам басудың өзі оңай емес. Екінші кітабымның таныстырылымында Дулат Исабеков атамыз: «Әдебиетке кірер есік бар, шығар есік жоқ» деп айтқаны есімде. Демек, әдебиет мәңгілік әлем. Осыған дейін мен «әдебиетке ауыр жолмен, сынақ арқылы келдім» деп айтушы едім. Есейе келе түсінгенім, әдебиет деген өте тұнық, саф дүние. Және ол «ауыр» деген сөзді қабылдамайтын да сияқты. Оқырман бұл сұрақтың жауабын біледі дедіңіз.. Бірақ бұл жолы мен басқаша жауап бергім келеді. Ақиқатын айтқанда, мені әдебиетке алып келген сезім! Дәл осы әдебиет сияқты тұнық, таза, саф сезім еді…
— Кейде жастар аға буынның сынынан қорқып қолынан келетін істі жасамауы мүмкін. “Кітап жазуға ерте”, “әлі жаспын” деген сияқты ойлар келеді. Жас автор ретінде айтар кеңесің бар ма?
— Меніңше, жастық шақ – жазу үшін ең керемет кезең. Себебі жас жүректің өмірді қабылдауы өзгеше болады. Есейе келе ақылың көбірек іске қосылып, жүрегін тыңдайтындар азаятын сияқты. Сондықтан, жас буынға: “уақыттарың барда жаза беріңдер” дер едім! Қазір әдебеитке жаңа леп қажет. Қорықпай, өз жаңалықтарын алып келсе, керемет болушы еді.
— Қазақстанда жазушы болғысы келетін жастар қай мамандыққа түсу керек екенін білмейді. Сөйтіп, көбіне журфакқа тапсырып жатады. Бірақ бұл екі саланың айырмашылығы жер мен көктей. Өмірін жазуға арнаймын деген жастар қандай мамандық таңдауы керек деп ойлайсың?
— Жазушылық — мамандық емес қой. Бұл жан мен жүректің, талант пен тағдырдың тоғысу нәтижесінде пайда болатын нәсіп. Құдайдың нәсібі. Ал жастарға қазіргі заманға қажет мамандықты игеріңдер дер едім. Әрине, жазушылық та көп уақыт пен энергияны талап етеді. Дегенмен, өмірде қажет болар, қолымнан келер деген мамандықты оқып алса жақсы. Біз толассыз ақпарат легінде, жаңалық күн санап емес, секунд санап өзгеретін заманда өмір сүріп жатырмыз. Болашақта “нанымды осымен таба аламын ау” деген мамандықты таңдаса деп ойлаймын. Бірақ бұл ойым қоғамдық стереотиптен туды. Мәселен, Еуропа елдерінде “жазу өнері” сияқты мамандықтар бар. Нағыз “жазушы болам” деген жастар сонда барып оқиды екен. Өкінішке қарай, біздің оқу жүйесінде шығармашылық мамандықтарға салғырт қарайтын сияқты… Сондықтан жазушылықты да “мамандық” көретіндер аз. Өз басымнан өткен соң, мен де солардың қатарына қосылдым.
— ”Бәйшешегің” жақында түрік тіліне аударылыпты. Енді жазар кітабыңның іргетасы қаланды ма? Әлде ізденісте жүрсің бе?
— Иә, “Бәйшешек” атты алғашқы шығарма өткен жылы түрік тіліне аударылды, басқа да тілдерге жәймен аударылып жатыр. Ал шығармашылық жаңалықтарыма келер болсам, әзірге ізденіс үстіндемін. Өзіме жақын “сентементалды проза” жанрында бір шығарма жазуға ниеттеніп жүрмін. Оның сюжеті әзірге құпия болып қалсын.
— Жақында ғана оқып әсерінен айыға алмай жүрген кітабың болса, бөлісе отырсаң.
— Жұмысыма байланысты соңғы үш айда “психологияға” қатысты көп кітап оқыдым. Түсінгенім – елімізде әйел мен ер адамның қарым-қатынасы жайлы, бала тәрбиесі төңірегінде біраз кітап жазылыпты. Психологиядағы бет алысымыз жаман емес. Жақында Санжар Керімбайдың бастамасымен “Отбасы хрестоматиясы” сериясымен шыққан “Махаббаттың мәні” атты кітабын оқыдым. Махаббатты әдемі ғылыми, психологиялық бағытты талдап беретін керемет туынды.
— Қонақкәде болсын! Бір өлеңіңді оқырманмен бөліссең.
— Жұмақ көрдім, өңім емес, түсімде,
Тылсым үнің, жұмсақ демің есімде.
Тыныштыққа тұнып сенбі кешінде,
Кеудем толды ұмытылмас сезімге.
Толқындарын санап маңғаз мұхиттың,
Ұмытыппын қанша екенін уақыттың.
Сезіндірген ең биігін бақыттың,
Сен екенсің, дауысыңнан соны ұқтым.
Бір сәт емес, мың ғасырым өткендей,
Сұлу бағым тағдырымды өпкендей,
Көздерімнің мұңлы жасы кепкендей,
Дұғам болса Жаратқанға жеткендей.
Ішімнен тек оянбауды тіледім,
Жанымда ғой жалғанда жалғыз тірегім,
Ай, жыл өтер, орындалар білемін:
Түсім емес, өңімдегі тілегім…
Әңгімелескен: Айым Алтайқызы