Осылайша, бұл өнімнің бағасы кейінгі 5 жылда бірден 2 еседей қымбаттап отыр.
Елімізде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, темекі өнімдерін бөлшек саудада сатудың ең төменгі бағасы тағы күрт көтерілді. Мысалы, 2020 жылғы 1 қазаннан бастап фильтрлі, фильтрсіз 20 тал сигаретке және папиростарға, яғни, 1 қорабына 470 теңге ең төменгі бөлшек сауда бағасы белгіленген болатын.
Енді биылдан бастап ең төменгі баға 870 теңгеге дейін көтеріліп отыр.
Бұл туралы Қаржы министрлігінің кеден мен салыққа жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, бұл жаңашылдық Қаржы министрінің 2022 жылғы 22 ақпандағы «Фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы» №196 бұйрығына сәйкес, өмірге жолдама алды.
Еліміздің бас қаржыгері Ерұлан Жамаубаев болып тұрған тұста қабылданған бұл бұйрыққа Қаржы министрі Мәди Такиев 2024 жылғы 4 шілдеде №419 бұйрығымен өзгеріс енгізді. Ол былтырғы 15 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
«Темекі өнімдерінің өндірілуі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңының 5-бабы 2-1) тармақшасына сәйкес бұйырамын. 20 (жиырма) фильтрлі, фильтрсіз сигаретке, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға:
- 2024 жылғы 15 шілдеден бастап 2024 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін 820 теңге;
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 870 теңге мөлшерінде ең төменгі бөлшек сауда бағалары бекітілсін», – делінген жаңарған бұйрықта.
«Ең төменгі шегінің көтерілуі сөзсіз, темекі бұйымдарының бөлшек саудадағы бағасының қымбаттауына әкеледі. Жалпы, ең төменгі бөлшек сауда бағаларын енгізудегі басты мақсат – халық арасында темекіні тұтынуды азайту және шылым шегудің адамдар денсаулығына теріс әсерін төмендету болып табылады», – деп түсіндірді Мемкірістер ведомствосының сарапшылары.