Өзбекстанда мемлекеттік бағдарлама жобасында 2027 жылдан бастап пластик пакеттерге тыйым салатынын мәлімдеді. Үкімет пластик қаптамадағы тауарларды өндірушілер мен импорттаушыларды арнайы жинауға, қайта өңдеу пункттерін құруға міндеттеу жоспарламақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025-2027 жылдарға арналған пластикпен ластануды азайту жөніндегі Ұлттық бағдарламаның жобасын әзірлеу ұсынылып отыр. Бағдарламаға сәйкес 2027 жылдан бастап пластик пакеттерді өндіру, импорттау және қолдануға тыйым салу, сондай-ақ экологиялық қауіпсіз (биоыдырайтын) пакеттерді пайдалануды ынталандыру ұсынылды.
Сонымен қатар пластикалық бұйымдар құрамындағы зиянды химиялық заттарды шектеу және қайта өңделген пластикті қолдану коэффициенттерін енгізу жоспарланып отыр. Жобаны 2025 жылдың қыркүйегіне дейін әзірлеп, қараша айына дейін министрлер кабинетіне енгізу қарастырылған.
Президент жарлығының жобасына сәйкес 2025 жылдың 1 қарашасына дейін пластик қаптамадағы тауарларды өндірушілер мен импорттаушыларды келесі шараларға міндеттейтін заң жобасын әзірлеу жоспарланып отыр:
- Қаптаманы қайтару жүйесін ұйымдастыру – тұтынушылар пайдаланылған пластикалық қаптаманы қайта тапсыра алуы керек;
- Пластик жинау және қайта өңдеу үшін арнайы пункттер құрып, жабдықтар орнату;
- Пластик қаптамаға утилизациялық алымды төлеуге арналған кеңейтілген міндеттемелер енгізу.
Қазір әлемдегі 100-ден астам мемлекетте бір реттік пластик пакеттерге толық немесе ішінара тыйым салынған. 2010-2019 жылдар аралығында пластиктен біртіндеп бас тартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар саны үш есеге артқан. 2027 жылдан бастап Қырғызстанда да полимер пленкадан жасалған пакеттер мен пластикалық бұйымдарды өндіруге, сатуға және тегін беруге тыйым салу жоспарланған.