Әтір тек жағымды иіс шығаруға арналған бұйым емес, адамның талғамынан хабар беретін сұлулықтың ажырамас бөлшегі болып отыр. Ал оның шығу тарихы тіптен қызық. Назарларыңызға иіссулар туралы 5 қызық деректі ұсынамыз.
-
Римде парфюмерия тарихы Юлий Цезарь есімімен байланыстырылады. Хош иісті қоспаларды сатып алуға тек ақсүйек адамдардың ғана қолы жететін. Олар өздерінің жай адам еместігін көрсету үшін әтірлерді төсек жаймаларынан бастап, шомылатын суына дейін себе беретін еді. Алайда, христиан дінінде байлардың әтір қолданудағы ақылға қонымсыз ысырапшылдығы қатты айыпталды.
-
Ислам мәдениеті, керісінше, хош иісті заттарды қолдануға шақырды. Араб ғалымы Әл-Кинди заманауи парфюмерияның атасы болып саналады. Ол өз еңбектерінде жүзге жуық парфюмерия, жақпамай рецептерімен бөлісті. Дәрігер Авиценна «дистилляция» әдісі арқылы гүлдерден майларды алу процесін түсіндіріп берді. Оның раушан гүлдерімен жасаған тәжірибелері нәзік хош иісі бар раушан суын дүниеге әкелді.
-
Жұпар иісті майлар мен спирт қосындысынан тұратын бүгінгі әтірге ұқсас иіссулар 14 ғасырда Венгрияда пайда болған. 1370 жылы Венгрия ханшасы Елизаветаға арнап әзірленген әтір кейіннен бүкіл Европаға аңыз болып, осы әдіспен жасалған иіссулар «Венгрлік су» деген атпен тез таралды.
-
Ренессанс дәуірінде ароматы бар сулар өндіру Италияда кең өріс алды. Кейіннен иіссулар Франция жерінде танымалдылыққа ие болды. Алайда, арулар иіссуларды денесіне емес, сөмке, қолғап сияқты акксесуаларға сеуіп алатын еді. Осылайша, нарықта «хош иісті қолғаптар» өндірісі пайда болды. Әтірлер жануар терісінен жасалған бұйымдардың жағымсыз иісін кетіру үшін қолданылды.
-
Кейіннен киім тігетін сәнгерлер өз өнімдерінің сатылымын арттыру үшін тігін цехына танымал парфюмерлерді алдырды. Олар көйлек тігілетін маталарға себуге арналған бірегей иіс ойлап табумен айналысты. Осылайша, әтірлер сән әлемінің алға жылжуына әсер етіп, сұранысқа ие бола бастады.