Қыдыр ата, қайдасың? (балаларға арналған әңгіме)

Оқи отырыңыз

***

           Әділет бүгін тағы бір нәрсе ойлап тапты. Бұл жолы ұшырсаң қолыңа қайтып келетін қағаз ұшақты сынап көрмекші. Осы өнертабысына «Әділет-10» деген ат берді. Бұл — он жасар Әділеттің ойлап тапқаны деген белгі. Қағаз ұшағының сыртына қызыл сиямен осылай деп жазып қойғысы келді. Бірақ, қызыл сия  әпкесінде ғана бар. Ол ас үйде жүргенде білдірмей бөлмесіне кіріп қызыл сияны алып кету керек. Бірақ бұл сіз ойлағандай оңай шаруа емес. Әсел әпкесінің затын алғаннан гөрі, Әділетке аспандағы айды алу оңай шығар? Заттарына жолап кетсең болды «баукеспе ұры» атанасың. Ал, пісіріп тұрған құймағын не бәлішін сұрасаң:

— Бәрін пісіріп болған соң жейсің. Әдемілеп тарелкаға салып дастарханға қоймаймын ба? – деп ұрысады.

Қыздардың осындай құбылғыш, қыңыр мінезін Әділет түсінбей-ақ қойды.  Құймақты қазір жедің не, әдемілеп орап қойғанда жедің не бәрібір емес пе? Тмақтың баратын жері – асқазан. Ал, бір екі қарындашты алып кеткенде тұрған не бар?  Әйтеуір, аралары он жас болса да Әсел мен Әділеттің сөзге келіп қалатын, бір-бірін арыздайтын кездері жиі болады.

Әділеттің ойынша тек әпкесінің емес, қыз балалардың кейбір мінезін түсіну мүмкін емес. Мәселен, өзі сабақты жақсы оқиды. Тіпті биыл «Жас өнертапқыштар» сайысына қатысып өз ауылында бірінші орын алды. Ал сыныбында өзіне бәсекелес бола алатын Нұрайым деген қыз ғана бар. Үлгерімі керемет. Тақпақты мәнерлеп оқығаны қандай?! Жалпы, Нұрайым Әділетке ұнайды. Бірақ, ол қыз Әділетті онша жақсы көрмейді. Артық қалам, артық парақ сұраса аузын томпайтып, ернін шүртитіп шыға келеді. Ал, анау сотқар Ерасылға қалай көмектеседі десеңші… Сабағын орындап, қалам-дәптерімен де бөліседі. Сонда ақ жидесіне сия тамып жүретін, екі шекесінен тер сорғалап дәлізде жүгіріп ойнайтын Ерасылды неге жақсы көреді? Неге тәртібі де, сабағы да түзу Әділетке мән бермейді? Айта берсе Әділеттің қыздардан көңілі қалған кезі көп.

Әпкесін аңдып жүріп ақыры қызыл сияны алуға келді. Қаламды табу қиын болған жоқ. Бір бума дәптердің үстінде тұр. Қалам алып жатып Әділеттің көзі үстел үстінде жатқан аппақ конвертке түсті. Конверттің қақ ортасында «Әселіме» деген жазу бар. Көрмейін десең конверт  — әдемі, ал жазу — айқыш-ұйқыш. Әріптер бір-біріне сүйкеніп әрең тұр. Адамның атын бас әріппен жазуды хат жолдаған кісі білмейтін секілді. «Осы жазуды мен жазайыншы, әпкем сазайымды тартқызатын еді» деп ойлады Әділет.

Ойланып тұратын уақыт жоқ. Қаламды алып бұл көрші бөлмеге зытты.  Ұшағының қанатына «Ә» деп атын жазып бастағаны сол еді арғы бөлмеден «Менің қаламым қайда кеткен?» деген қаһарлы дауыс естілді. Мүмкін Әсел бұл сөзді ақырын айтқан да  шығар. Бірақ, ұрлық үстінде ұсталатынын сезген Әделетке бұл дауыстың ұнамағаны анық. Көп ұзамай көрші бөлмеге Әселдің өзі де келді. Ештеңені сұрап, іздеп әуре болған жоқ. Бірден әңгімеге көшті:

 

— Әділет, біріншіден біреудің затын рұқсатсыз алуға болмайды. Екіншіден, басқа зат құрып қалғандай менің дәптер тексеретін қызыл сиямды неге аласың? Үшіншіден, менің бөлмеме кіріп-шыға берме деп қашанғы айтамын? Қысқасы, қайтар қаламымды. Әйтпесе, атама айтып беремін.

Әділетте басқа таңдау қалған жоқ. Қаламды қайтарды. Әпкесі ақыл айтып жатқанда оған қарсы сөз табу мүмкін емес. Оның үстіне, Әсел жай ғана әпке емес, биылдан бастап мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен беретін мұғалімі.

—    Әдепсіз! Осы қаламмен дәптеріңе қонжитып екі қоймасам ба?!

Әсел қаламын алып жөніне кетті.

  • Керек еді сенің қаламың. Екі қоймақ түгілі диктантымнан қате тауып ал бірінші. Қазір мектепте екі деген баға жоқ та ғой…

Әділет, әлбетте, бұл сөздерді ішінен айтты.

Әділетке оқушының қатесін қызыл сиямен түзету деген дәстүр ұнамайтын. Өзі жазу-сызудан көп қате жібермейді. Бірақ, кейбір есептерден қате жібергенде мұғалімнің сенде өші бардай дәптеріңді сызатыны жаман. Әсіресе, үлгерімі нашар оқушылардың дәптері тексеруден емес, қанды қырғыннан келген секілді. Олар қызыл бояудың арасындағы қатесін түземек түгілі, бетін ашқысы келмейді. Мұғалімдер одан да жасыл сиямен дұрыс жауабын жазып қойсын. Көңіл-күйің де түспейді. Қатеңді де көресің.

Жалпы, мектепте де, үйде де Әділеттің наразы тұстары көп. Әсіресе, қатарлас балалармен талғамы сәйкес келе бермейді. Үзілісте сыныптастарының ойынына да көп қосылмайды. Ойыннан гөрі оқуды тәуір көргеннен емес. Ойнағанды жақсы көрмейтін бала болушы ма еді? Тек бұл қатарлы балалардың ойыны онша жақсы емес. Мысалы, сыныбындағы Тоқтар қаламның түтікшесіне қағаз салып, тақтаға бұрылып тұрған мұғалімге атқылайды. Не деген әдепсіздік? Бұлай ойнағанша, үндемей сабақ оқығаны артық. Ал, Құмар деген бала рогаткамен құстарды атып ойнайды. «Рогатканы өзім жасадым, мен нағыз мергенмін. Әкем мені өзімен аңшылыққа апарады. Біз киік атып аламыз!» деп мақтанады. Сонда Әділет  ойлайды: «Біріншіден, рогатканы жасау соншалықты қиын емес. Ол артық білімді де, шеберлікті де талап етпейді. Екіншіден, қорғансыз қараторғайлардың жерге құлап жатқанын көріп қалай қуануға болады? Ал, әкеммен киік аулаймын дегені қай сасқаны? Атамның «Киік деген – киелі жануар. Оны атқан адамды қарғыс атады» деп айтқаны қайда?»

Осындай ерсі ойындардан бойын аулақ саламын деп Әділет доссыз қалатын болды. Көбіне, өзі оңаша ойнайды. Ойнағанда да бірәнәрсе құрастырып, ойлап тауып жүреді. Мысалы, былтыр атасының түнде далаға шығатынын байқаған ол қызық нәрсе ойлап тапты. Кәдімгі атасы сүйеніп жүретін таяққа фонарик орнатып берді. Енді атасы түнде ештеңеге шалынбай, айналасын көріп жүретін болды.

Әшім ақсақалдың сонда қуанғанын көрсеңіздер:

— Әй, ақырзаманның балалары-ай! Ойлап таппайтындарың жоқ. Көп жасағыр. Өркеннің өссін! Талабыңа нұр жаусын! Бір атаңның ғана емес, бар адамның игіліне жарайтын саналы азамат бол!

Атасының осы батасынан кейін өзінің де бірнәрсе құрастыруға деген әуестігі арта түсті. Гараждан үнемі керек емес заттарды, құрал саймандарды іздеп жүретін болды. Атасы алмағайып заманды бастан кешкен адам. Жоқшылықты көп көрген. Сондықтан, ұнның қапшығынан бастап, ұсақ шегеге дейін гаражға жинай береді.

Бір күні Әділет гараждан үрлемелі қайықтың пластик ескектерін тауып алды. Ескектердің сабы сынған екен. Ал қайықтың өзі жоқ. Атасынан әлгілерді жалынып жүріп сұрап алды. Одан кейін ескектің екі пластик ұшын екі  галоштың басына орнатып қойды. Сүңгуірлердің аяқ киіміне ұқсайтын бірнәрсе жасап шықты. Енді үйден қораға баратын жолда қарды аяқпен-ақ күреп тастауға болады. Жүрген сайын қар ескектің басына толып қалады, ал сен жиналған қарды бір шетке ысырып отырсаң болғаны. Әділеттің бұл тапқырлығына тіпті Әсел әпкесі де таң қалды. Сабағына керек анау-мынау көрнекіліктер жасауды Әділетке тапсыратын болды.

Сонымен, «Ә» деген таңбасы бар ұшақ сынақ алаңына қарай аттанды. Қағаз ұшақ қайтып қолына қона ма, жоқ па тексеру керек.  Алдымен есіктің алдында ұшағын ұшырып көрді. Қайтып ұшып келмеген соң биігірек жер іздеді. Одан кейін желдің бағытына қарай ұшырып көрді. Бәрібір, ұшақ артына бұрылмайтын болып шықты.  Енді, Әділетте жаңа мақсат пайда болды. Қайтсе де ұшқан жеріне қайтып оралатын қағаз ұшақ ойлап табуға бекінді.

Сірә, адам баласында арман-мақсат деген таусылған ба? Бір қалауың орындалса, екінші қалауың дайын тұрады. Әділет бұрын велосипедім болса арманым болмас  еді деп ойлайтын. Қайдағы? Велосипед алған күннің ертесі велоспортшылар киетін каскам болса деді, ол оңайлықпен табылмаған соң жаңа спорт аяқ киімі керек дегенді шығарды. Қыс түсіп, қар қалыңдағанда оның да қызығы таусылды. Велосипед тек шешесі дүкенге жұмсағанда ғана гараждан шығады. Басқа уақытта көлігімен шаруасы жоқ.

Ал бүгін ерекше ұшақ ойлап табу деген жаңа арманы пайда болды. Осылай жаңа өнертабысымен әуре болып тұрғанда аулаға бір ерекше көлік мінген бейтаныс адам келді. Гүрілдіген мотор дауысын естіп Әділет трактор келді деп ойлаған. Қараса, ойыншық мәшинеге ұқсайтын біркісілік көлік екен. Ішінде бұрын ауылдан көрмеген біреу отыр.

 

— Ассалаумағалейкум…

 

Ауыл баласының бұлжымас әдетімен ол бейтаныс кісіге қолын беріп амандасты.

  • Уәлейкімсалам. Үйде кім бар балақай?
  • А-а…Атам мешітке кеткен. Әкем жұмыста. Мамам мен әпкем тамақ істеп жатыр. Сізге кім керек еді?

Жасы отызға келе қоймаған жігіт кібіртіктеп:

  • Маған ба. Мен әлгі… Қашарым жоғалып кетіп еді. Соны көрмедіңіздер ме деп сұрайын дегем.

Әділет ешқандай бөтен сиыр көрмегенін айтты. Әңгіме осымен бітті. Бейтаныс кісі көлігін қайта оталдырып кетуге ыңғайланды. Бірақ, Әділеттің екі көзі — көлікте. Бұрын ауылдан мұндайды көрген емес. Дөңгелектерінің үлкендігін айтсаңшы. Өзі көріп жүрген мультфильмдегі трансформерлер секілді.

 

— Қызығып тұрсың ба, інім? Отырып көресің бе?

Әділеттің екі көзі жайнап кетті. Әлгі кісі орнынан тұрып рөлге Әділетті отырғызды.

— Бұл –«квадрацикл» деп аталады. Анау-мынау машинаңнан мықты.

Осындай квадрацикл алып  ауылдың шаңын бір бұрқыратып өтсе ғой шіркін. Әділетті «оқымысты», «академик» деп мазақ қылатын балалардың аузына құм құйылатын еді. Қасына Нұрайымды да отырғызып алса қандай жарасымды?!  Әсіресе, сотқар балалардың қызғанышын ояту үшін бұдан асқан амал керек емес.

Бұл бақытты мезет ұзаққа созылған жоқ. Квадрацикл велосипед емес қой. Айдап көруге әлі кішкентай.

 

  • Атың кім болады бауырым?
  • Әділет
  • О, жақсы екен. Мен Серік деген ағаң болам.

Әділет квадрациклдің иесіне анықтап қарады. Сөйлегені жылы болғанымен, жүзі суықтау адам секілді. Әділетке иесінен гөрі, көлігі ұнап тұр.

  • Ал, сиырым жоқ болса мен жүрейін.

Бейтаныс кісі осылай деп қоштасып кетті. Қар бетінде квадрациклдің дөңгелектері үлкен ізін қалдырып барады. Тек қар бетінде емес, Әділеттің көңілінде де жаңа арман ізін қалдырып бара жатқан секілді.

***

Екінші тоқсан аяқталуға жақын. Мектепте сабақтан гөрі, жаңа жылдық мерекеге дайындық жұмыстары көп өтетін болды. Еңбек сабағында сыныпты безендіргіштер жасалса, дене шынықтыру сабағынан сұранып, оқушылар биге дайындалып жүр. Балалардың бәріне жаңа жылдың өзі емес, оған дейінгі осы қарбалас ұнайтын тәрізді. Бір күні қазақ тілі сабағынан Әсел апайлары қызық тапсырма берді:

  • Балалар, жаңа жыл жақындап қалды. Қиын тапсырма беріп мерекелік көңіл-күйлеріңді бұзбай-ақ қояйын. Бәріңіз «Аяз атаға хат» жазып маған келесі сабақта өткізіңіздер. Не армандайсыңдар, қандай қалауларың бар, бәрін жазуға болады. Ішінде келер шақ тұлғасында тұрған етістіктердің астын сызамыз. Ең бастысы, қатесіз жазамыз. Осы тапсырманы орындағандарыңа қарай тоқсандық бағаларыңды қоямын. Сұрақтарыңыз бар ма?
  • Апай, егер мен Аяз атаға сенбесем ше?

Әділеттің сұрағына сынып ду күлді. Тек Әсел әпкесі ғана күлген жоқ:

  • Аяз атаға сенбесең Қыдыр атаға жаз. Әйтеуір келер шақтағы етістіктерді қолданып, бір хат жазып өткізесің. Мағжан атамыз «Мен жастарға сенемін!» демеп пе еді?! Сендер де әр нәрсені сылтауратпай, тапсырманы орындайсыңдар деп сенем…

 

Әділет бұл сұрақты тапсырмадан қашу үшін қойған жоқ. Ол да осы жасына дейін Аяз атаға талай хат жазған. Бірақ, оларда жазылған ешбір арманы орындалған емес. Сондықтан, биыл өз-өзін алдап хат жолдағысы келмеді.

Әділет үйге келе салып, сырт киімін шешпестен атасына барды.

  • Ата, Қыдыр ата деген кім?
  • Оны қайдан естіп жүрсің, балам?
  • Бүгін әпкем бізге Аяз атаға хат жазыңдар деген тапсырма берді. Мен жазбаймын деп едім, «онда, Қыдыр атаға жаз» деп жауап берді.

Әшім ақсақал оқып отырған  газетін бүктеп үстелге қойды. Көзілдірігін асықпай шешіп қорабына салды. Суаланған көзін беторамалмен сүртіп сосын барып жауап берді.

  • Біздің бала кезімізде Қыдыр ата келеді дегенді көп естуші едік. Өзім бірақ көзіммен көрдім деп айта алмаймын. Үлкендердің айтуынша, жүрген жеріне ырыс, құт, бақ, береке дарытатын қасиеті бар адам көрінеді. Әсіресе, наурыз айы келгенде, Ұлыстың ұлы күні ел-жерді аралайды деп естігем. Өзіміз Қыдыр ата осы шығар деп аппақ сақалы бар қарияның бәрімен амандасып шығатын едік. Қазақта «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген мақал бар. Бізді үйге келген адамның бәріне қонақжайлылық таныту керек деп үйретті.
  • Қыдыр атаға хат жазсам тілегімді орындай ма?

Атасы еріксіз жымиып:

  • Енді апайларың хат жазу керек десе Қыдыр атаға жазғанның, тілегіңді айтқанның айыбы жоқ. Бірақ, есіңде болсын. «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» деген бар. Хатты жазып болған соң осы тілегім орындалса екен деп Құдайдан сұра! Шын жүрегіңмен Құдайдан сұрай білсең, ол пендесіне қайырлысын нәсіп етеді.

Әділет атасына рахмет айтып бөлмесіне кетті. Күні бойы интернеттен Қыдыр ата туралы мәліметтер іздеді. Ол туралы жазылған кітаптарды ақтарды.  Енді, танымайтын адамға хат жолдай алмайды ғой. Сол түні бір шым-шытырық түс көрді. Бұғыларға мінген Аяз ата мен бура мінген Қыдыр ата аспанда ұшып жүр екен. Аяз ата қызыл шапан киіпті. Қыдыр ата киген ақ шапанның қазақша оюы бар екен. Екеуінің де сақалдары жерге жетеді. Аспанда Әділет қолдан жасаған қағаз ұшақтар да қатарласып ұшып жүр.

  • Сіздердің қайсыларыңыз менің арманымды орындайсыздар? — деп сұрайды Әділет аспаннан көзін алмай.

«Хау-хау-хау» деп күледі Аяз ата. «Еее» деп күрсінеді Қыдыр баба.

  • «Біз балалар жақсылыққа сенсін, жақсы бала болып, жақсы нәрселер армандап үйренсін деп ойлап табылған кейіпкерлерміз» — деп жауап берді Аяз ата.
  • «Мені халық жаны қатты қиналған кезде ойлап тапты. Жаугершілік заманда, ауру-сырқау, аштық, жұт көбейгенде біреу келіп елді жарылқаса екен деп үміттенді. Осылайша Ұлыстың ұлы күні мені күтетін болды» — деп тіл қатты Қыдыр ата.
  • Сонда сіздер қиялдан туған кейіпкер ғанасыздар ма? Шын өмірде жоқсыздар ма?
  • Дұрыс айтасың, балам. Бірақ өзіңдей балалардың бізге сенгенін көріп Құдай екеумізге жан бітірді. Енді біз шынайы тілектерді Құдайға жеткізумен айналысамыз. Сондықтан, жақсы тілектерің болса сұрай бер.

Әділет қай тілегінен бастарын білмей абдырап қалды.

  • Мен… Маған. Менің тілегім…

Осылай деп армандарын айта бергенде ұйқысынан оянып кетті. Сабаққа баратын уақыт болыпты. Тағы жата тұрып түстің жалғасын көргісі келді. Бірақ, жуынып-киініп қазір шықпаса кешігіп қалады. Әділет күні бойы осы түстің әсерінен шыға алмай жүрді. Сабақтан келген соң Қыдыр атаға хат жазуға кірісті:

        Құрметті Қыдыр ата! Мен сіздің кім екеніңізді бұрын білмеген едім. Бүгін түсімде көрдім. Мен сізді атам сияқты мейірмді, көпті көрген қария деп елестетемін. Менің армандарым көп. Сізге соның бірнешеуін айтып көрейін. Ал қалған қиын армандарымды атам Алла Тағала орындайды деп айтты. Ең бірінші арманым — ұшырған адамға қайтып келетін қағаз ұшақ ойлап тапқым келеді. Одан кейін өзімнің үлкен бөлмем болса екен деп армандаймын. Үшінші тілегім — өткен жолы үйге келген Серік ағайдың квадрацикліне отырып, ауылды аралағым келеді.

     Негізі менің басқа да үлкен армандарым бар. Бұл хатты менің әпкем тексеретін болғандықтан, мен бәрін айта алмаймын. Оның үстіне, кейбір армандарым орындалу үшін мен көп оқып, ақылды болып өсуім керек. Мысалы, мен болашақта халыққа керек дүниелерді ойлап табатын ғалым болғым келеді. Ауылдағылар малын өріске айдағанда үйде отырып бақылай алатын құрылғы ойлап тапсам деймін. Сонда ешкімнің сиыры жоғалмайтын еді. Одан кейін атам ұзақ өмір сүрсе деген арманым да бар. Мен сіздің осы заманда бар-жоғыңызды білмеймін. Егер, бар болсаңыз  Аяз ата сияқты хатымды жауапсыз қалдырмауыңызды сұраймын. Мейрам құтты болсын!

 

                                                                                   Құрметпен: Әшім Әділет

Ақ параққа жазылған хатты бүктеп конвертке салды. Конверттің сыртына сурет салып, бояп та қойды. Хат дайын.

Кешкі асты ішіп болған соң Әділет бірден ұйықтап қалғысы келді. Солай жасаса бүгін үзіліп қалған түсті жалғастырып көруім мүмкін деп ойлады. Бірақ, көпке дейін ұйқысы келген жоқ. Ұйқысы келмеген кезде атасы таспиығын санап, күбірлеп жатады. Өзі де солай жасайын десе атасы не деп айтатынын, тастарды неге санайтынын білмейді. Атасынан не істеп жатырсыз деп сұраса:

  • «Сендердің тілеулеріңді тілеп жатырмын» — деп қысқа қайырады.

Әділет те босқа жатпай хаттағы тілектердің орындалуын Құдайдан сұрап жатайын деп шешті. Бірақ, бұрын одан ештеңе сұрамаған соң не деу керек екенін білмеді. Сосын атасы сияқты алақанын жайып:

«Құрметті, бізді жаратқан Құдай! Атам мен мамам мені «Құдай бере салған» деп еркелетеді. Соған қарағанда сіз мені танитын болуыңыз керек. Сізден сұрарым менің хатта жазылған тілектерім орындалса екен. Мен жақсы бала болуға сізге уәде беремін.»  Әділет осылай деп айтты да алақанымен бетін сипады. Атасы бата бергенде де солай жасайды. Біраз ойға шомып жатты да ұйықтап кетті. Бірақ, бұл түні ешқандай түс көрген жоқ.

***

Күндер тез жылжып хатты өткізетін уақыт келіп жетті. Әсел апай оқушылардың түрлі конвертке салған хаттарын жинап алып:

  • Жарайсыңдар, бәрің де орындап келген екенсіңдер. Мен осы хаттарды тексеріп шыққанша шуламай отыра тұрыңдар.

Осылай деп мұғалім хаттарды тексеруге кірісті. Кезек Әділеттің хатына жетті. Біраз үнсіздіктен соң:

  • Әділет, сен Серік деген ағайыңды қайдан танисың? – деді мұғалім.
  • Өткен жолы сиырын іздеп біздің аулаға келген. Сол кезде көрдім.
  • Ааа, қызық екен.

Әсел өзінің қойған тосын сұрағына өзі ұялып қалды.

  • Балалар, Әділет шынымен Аяз атаға емес Қыдыр атаға хат жазыпты.

Балалар «Қыдыр ата деген кім?», «Қыдыр ата деген қыдырып жүретін адам ба?» «Ол да тілекті орындай ма сонда?» деп жамырап кетті.

  • Шуламаңдар, балалар. Оны Әділеттің өзінен сұрайық.

Әділет тақтаға шығып Қыдыр ата туралы бар білгендерін айтып берді. Сыныптастары сұрақ қойып, естіген қызық әңгімелерін ортаға салды. Әйтеуір, сол күні қазақ тілі сабағы ерекше болып өтті.

Ертең жаңа жыл. Әділеттің ата-анасы осы жаңа жылға былтырғыдан да қызу дайындық үстінде. Шешесі мен әпкесі тәттінің неше түрлісін пісіріп жүр. Қонақ үйге үлкен стол қойылып, дастархан жасалған. Атасы гаражын жинап, әкесі қар күреп, бәрі тынымсыз жүгіріп жүр. Әділет болса кәмпиттің түр-түрін жеп мәз. Ертең үйге туысқандар келіп, жылдағыдай солардың балаларымен ойнаймыз деп ойлады.

Бірақ, ертеңгі күні күтпеген жағдай орын алды. Түске таман үйге неше түрлі танымайтын адамдар келді. Бәрі де қонақ үйдегі мол дастархан басына жайғасты. Ең төрге атасымен құралпы, ақ сақалы, оюлы шапаны бар үлкен кісі отырды.  Қонақтардың арасында квадрациклы бар Серік ағай да жүр екен. Әділетке қарап көзін қысып қояды. Үлкендер ұзақ сөйлесті. Ет желініп, шай ішілді. Атасы үйге келген ақсақалға «Құдеке, құдеке» деп сөйлейді. Әділет «әр үйді аралап жүрген Қыдыр ата осы емес пе екен?» деп те ойлады.

Бүгін Әсел әпкесі де әдемі болып киініп алған. Шашын екіге өріп ұшына шашбау тағып қойыпты. Әншейінде ұрыса беретін әпкесі бүгін  мейірімді.  Қайта-қайта күліп бұның басынан сипай береді.

  • «Енді менің бөлмемді сен алсаң болады. Тіпті, ішіне зертхана ашып алсаң да мейлің…»

«Әпкем шын айтып тұр ма? Менің хатқа жазған тілегім орындалып кетті ме?» деп Әділет аң-таң. Үйге келген қарияның Қыдыр ата деп ойлауға тағы бір себеп табылды. Қызық мұнымен біткен жоқ. Серік есімді ағай Әділетті қасына шақырып алып былай деді:

  • Далада менің квадрациклым тұр. Қаласаң бүгін ауылды аралатып келейін. Рульді өзің ұстайсың.

Әділеттің Құдайдан да, Қыдырдан да сұрап жүргені осы емес пе?  Осыны ести салып Әділеттің ойында ешқандай күмән қалмады. «Төрде отырған Қыдыр атаның өзі» деп ойлады. Әйтпесе, хатта жазған тілектері қалай орындалып жатыр? Өз бөлмем болса деп тіледі, ол — орындалды. Квадрациклге мінсем деді, ол да бүгін  орындалады. Атам ұзақ өмір сүрсе деп тіледі. Ал төрде отырған кісінің екі сөзінің бірі «сіз аман болыңыз, аман болайық!» Басқа орындалмаған не қалды? Өзі қолыңа қайтып келетін қағаз ұшақ қана жоқ. «Жақсы бала болсам бұл тілегім де сөзсіз орындалады.» Қыдыр атаны көзімен көргеніне және оның басқа емес дәл осы үйге келгеніне Әділет әрине қуанды. Кенет, бөлмеге сызылып Әсел әпкесі келді. Келген қонақтардың бәрі әпкесіне бұрылды. Төрдегі ақсақал орынан тұрып сөз бастады:

  • Ал, құрметті Әшім ақсақалдың әулеті. Бүгін сіздерге құдайы қонақ болып келуіміз тегіннен емес. Оны өздеріңіз де түсінген шығарсыздар.

Әділет тағы бір тілегім орындалатын болды деп тағатсыздана күтіп отыр.

  • Біздерде ұл, сіздерде қыз бар дегендей… Немерем Серік осы үйдің жайқалып тұрған гүлін ұнатқан екен. Әсел қыздарыңызға сырға салып, екі жастың бір бүтін болуына рұқсат сұрай келдік.

Әділет өз құлағына өзі сенбей таң қалып отыр. Ызадан көз алды жасқа толып кетті. «Мына атай не деп кетті? Сонда бұлар әпкемді алып кетуге келген болды ғой» Жұрт жамырай шуласып, басын изеп жатыр. Ортада тұрған Әселдің құлағына сырға, басына үкі тағылды. Енді үлкендерден бата сұралып жатқанда Әділет шыдамай орнынан атып тұрды да:

  • Қыдыр ата, қайдасың? Мен тілегімді қайтып алайын. Маған әпкемнің бөлмесі де, мына ағайдың квадрациклі де керек емес. Тіпті, ұшақ та сұрамаймын. Тек әпкем үйден кетпесін. Маған бұрынғыдай ұрыса берсін. Тек кетпесін.

Баласының оқыс қылығын көріп шешесі бетін шымшып «Қой, қойлап» жатыр. Оған қарайтын Әділет жоқ:

  • Төрде отырған ата Қыдыр ата емес екен. Қыдыр ата, сен қайдасың?

Осылай бір сөзді қайталап Әділет бөлмесіне кіріп кетті. Қонақтар кеткенше төсегінен тұрмады. Жастықты умаждап ұзақ жылады. «Қыдыр ата, қайдасың?», «Әпкем үйден кетпесін…» Осы сөздерді тоқтамай қайталай берді, қайталай берді. Әпкесі шынымен кеткен жоқ. Бір қорапша ұстаған күйі, имене басып Әділеттің жанына келді.

 

  • Мынау саған.

Әділет әдемілеп оралған қорапқа бір қарады да тырп етпестен жата берді.

  • Серік ағайыңды мен қалада оқып жүргеннен танимын. Өзі осы ауылда кәсібі, жұмысы бар. Жақсы адам. Сені де жақсы көреді. Бұл үйден кететінімді саған айтпағаным үшін кешірші. Мен екі көшеден кейінгі үйге келін боламын. Саған жиі келіп тұрамын. Сосын, мектепте де мұғалімің болып қала беремін.
  • Оның жазуы жаман ғой. Қай жерін ұнаттың? Әлде квадрациклі үшін жақсы көріп қалдың ба?

Әсел інісін сүйемелдеп тұрғызып қатты құшақтады.

  • Ой тентек. Әпкесін қызғанған түріңнен сенің. Жазуы жаман болса да жан-дүниесі жақсы ғой. Міне, саған сыйлық беріп жіберді.

Әділет қорапты ашып көрді. Ішінде қып-қызыл жаңа ұшақ бар екен. Жүзіне күлкі ұялайын деді.

  • Сен хатыңда ұшақ керек деп жазыпсың. Бұл — пультпен басқарылатын ұшақ. Қанша алысқа ұшырсаң да өзіңе қайтып келеді. Жездең қаладан әкелді.

Арада ай өтіп әпкесі ұзатылды. Өзі айтқандай екі көшеден кейінгі үйге келін болды. Әділет күнде сабаққа Серік жездесінің квадрациклімен барып жүр. Оған Нұрайым да, басқа балалар  да қызығып қарайтын сияқты. Бірақ, бұл оқиға көпке дейін ұмытылған жоқ. Әділет үйдегілерден бір нәрсе сұраса үлкендер «Қыдыр атаңнан сұра!» деп қалжыңға айналдыратын болып алды. Ал, Әділет барлық тілегін ұйықтар алдында Құдайдан сұрайды. Өйткені, тілекті кімнен сұрасаң да қабыл ететін сол емес пе?!

Авторы: Айым Алтайқызы 

 

 

 

 

Соңғы жарияланымдар

«Мазалап, қатты қышиды»: Сушиді сүйіп жейтін қазақстандықтың денесінде тері асты құрттары пайда болған

Алматылық Мариям есімді әйелдің күйеуі теңіз тағамдарын, соның ішінде сушиді сүйіп жейді. Алайда 1,5 ай бұрын шикі балықтың құрамындағы...

Ұқсас ақпараттар