Мақтаншақтар
(ертегі)
Ертеде бір кісінің ауласында үй жануарлары жиналып, «кім мықты?» деген сұраққа жауап іздеп дауласып қалыпты. Әңгімені әуелі күшік бастады:
— Сендердің бәрің менен әлсізсіңдер. Қожайын мені мына сендерге қарауыл болсын, ұрылардан сақтасын, үйді күзетсін деп асыраған. Мен — үй-жайды қорғайтын нағыз батыр жануармын. Менің ата-бабаларым қасқыр болған. Мен — бөрінің ұрпағымын!
Осыны естіген мысық:
— Сен қорқау қасқырдың ұрпағы болсаң, менің бабам барыс болған. Ал жер бетінде ең айбатты жануар барыс екенін бәрі біледі. Сондықтан, батыр да, қайсар да менмін.
Екеуіне қарап әтеш сөйледі:
— Бірің — барыстың, бірің — қасқырдың ұрпағы екенсіңдер. Онда менің арғы атам айдаһар болған десем сенбейсіңдер-ау. Заман өзгеріп кішірейіп қалғанымыз болмаса, бабамның күші менің қанымда әлі бар. Сондықтан, ең батыр жануар менмін.
Құлыншақ айтты:
— Менің әкем ешкімге дес бермейтін бәйгенің тұлпары болған. Атам көкпарда жүлде бермес нағыз сәйгүлік болған. Арғы атам жауға қарсы тұрған батырдың арғымағы болған. Ендеше ең батыр, ең мықты жануар менмін!
Осы кезде үйден ұзын таяғын ұстап алған кішкентай бала жүгіріп шықты. Таяғын олай да, бұлай да сермеп, сотқар бала жануарлар жиынының қақ ортасына келе қалды.
Алдымен әтеш «Кукарику қашыңдар!» — деді. Күшік қыңсылап үйшігіне кіріп кетті. Мысық мияулап шатырға қашты. Құлыншақ кісінеп енесінің бауырына тығылды. Жаңа ғана ата-бабасының мықтылығымен мақтанып тұрған жануарлардың ішінде ең батыры кім екені белгісіз күйінде қалды.
Күншіл кене
Ерте, ерте, ертеде бір кішкентай кене болыпты. Кішкентай кене өсе келе өзіне әдемі үй саламын деп бау-бақшадан лайықты жер іздейді. Жер іздеп жүріп басқа жәндіктердің үйлерін көреді. Алдымен оның көзіне түскен аралар болды.
Аралар таң атқаннан кеш батқанға дейін гүлдерден тозаң жинап, одан бал жасап тыным таппайды екен. Өздеріне зәулім үй салып, бүкіл әулетімен сонда тұратын араларды көрген кене ойлады:
— Осылай да өмір сүруге бола ма екен!? Құжынаған көп ара. Мен болсам өзіме бұдан да кең сарай салар едім. Ішіне кім көрінгенді кіргізбес едім. Үлкен үйде рахаттанып бір өзім тұрар едім.
Алайда аралар топталып өмір сүрмесе көп бал жинап, тіршіліктерін жалғастыра алмайтынын кене ойлап басын қатырған жоқ.
Одан кейін кене құмырсқалардың өмірін бақылап көрді. Жер қазып, илеу салып олар да тынбай еңбек етеді екен.
— Осы құмырсқаларға таң қалам. Өздерінен екі-үш есе ауып жүкті көтеруді біледі. Күш-қуаттары мол. Бірақ неге жаман жертөледе өмір сүреді?! Қаншама жұмысшы құр тамақ таси бермей, биік бір үй салмай ма? Мен бұлай жер астында өмір сүріп қор болғанша, әдемі үй соғар едім.
Алайда, құмырсқалардың илеуі азық сақтауға, қыстап шығуға, балаларын өсіруге ең қолайлы мекен екенін кене білген жоқ. Кененің көзіне келесі болып өрмекші түсті. Кене олардың өмірінен бір кемшілік тауып алды:
— Осы жәндіктердің ішіндегі өрмекшідей ақымағы жоқ шығар. Жіп-жіңішке үлбіреген жіптен үй салғаны қай сасқаны? Бұл өмірге бір рет келген соң жарқыраған әдемі жерде тұрмай ма? Мен өрмекші сияқты үнемі шаң мен тозаңның ортасында, қуыс-мүйісті паналап жүрмес едім.
Бірақ, күншіл кене өрмекшілер өрмегі арқылы азығын аулап, өзін осы жіптің көмегімен асырайтынын ескерген жоқ.
Әйтеуір, кене құрттардың да, қоңыздардың да өмірінен бір кемшілік тауып алатынды шығарды. «Мен болсам бүйтер едім, мен болсам сөйтер едім» деп бәрін күндеп өзін ғана керемет санады.
Сөйтіп жүргенде, күн суытып, бау-бақшаны алғашқы қар басып қалды. Барлық жәндіктер өздерінің үйлеріне тығылды. Кене болса қатты тоңып, үй-күйсіз қаңғып қалды. Сол сәт әркімді күндеп күнін босқа өткізгенше бір үй салып алмағанына өкінді.
Амалының жоқтығынан ол бақшаның жанында байлаулы жатқан иттің жүніне жабысып алды. Иттің денесіне жылынып, ыстық қанға тойып, әрең дегенде аман қалыпты. Осылайша, күншіл кене әлі күнге дейін үй салмай, әркімнің денесіне жабысып өмір сүріп келеді екен.
Ең бақытты адам
Ерте, ерте, ертеде бір патша қатты құлазып, күйзеліске түсіпті. Патшаның көңілін көтеру үшін уәзірлері мен нөкерлері неше түрлі ойын-сауық жасатыпты. Аңшылыққа да апарыпты. Бірақ осылардың ешбіріне патшаның іші жылымапты. Сөйтіп, патша «Маған жер бетіндегі ең бақытты адамды тауып келіңдер! Оны бақытты етіп жүрген нәрсесін тартып алып берідер!» деп әмір береді. Билеушінің тапсырмасын сарай қызметшілері бұлжытпай орындап «Ең бақытты адамды» іздеуге шығады.
Ең бірініші сарай қызметкерлері байлығы патшадан да асқан дәулетті адамның үйіне келеді. Алтынмен апталған алып үйдің қақпасынан кіре салып, таң қалады. Байдың ауласында мәрмәрдан ойылған мүсіндер, жұпар шашқан гүлдер тіпті сөйлейтін құсқа дейін бар екен. Ал, жердің беті түгел гауһар таспен көмкерілген.
— Байеке, сізді дүниедегі ең бақытты адам деп келдік. Бақытыңыздың сырымен бөлісіңізші, — дейді қызметші.
Сонда бай:
— Менің бай екенім рас. Осындағы барлық затқа адал термен жеттім. Ағайынға да көмектестім. Мектеп те салдым. Көрер жарығым көп қалмады. Ал, балаларыма дұрыс тәрбие бермедім. Қасымда қалар ешкімім жоқ. Жалғызбын. Ең бақытты адам – ұзақ жасап, ұрпағының қызығын көрген адам.
Осыны естіген сарай қызметкерлері сол өлкедегі жасы үлкен қарияға баруды ұйғарады. Қарияға барып, амандасып, жөндерін айтқан соң:
- Ақсақал, айтыңызшы. Жасыңыз жүзден асып кеткелі көп болды. Ұрпағыңыздың қызығын көрдіңіз. Ел сізді сыйлайды. Өзіңізді «ең бақытты адам» деп санайсыз ба?
- Еее, шырақтарым. Жасым ұзақ болса да, көрген қуанышым қысқа болды. Бала кезімде әке-шешемнен айырылып, жетім өсіп едім. Балалық шағым әркімнің босағасында өтті. Ол кезде бақыттың не екенін білмедім. Жігіттік шағымда сүйіп қосылған жарым бар еді. Балалы-шағалы болғаннан кейін кемпірімнен де айырылдым. Енді міне, отырсам тұра алмаймын. Тұрсам отыра алмаймын. Шөлдесем су әкел деп айта беруге бала-шағадан ұялам. Келіндеріме масыл болып кір қоңымды жуғызғанға тағы намыстанам. Өткен-кеткенді әңгімелесейін десем құрдастарымынң бәрі қайтыс болған. Қартайып, қуатың қайтқан соң қадіріңді кетірмей, қара жердің қойнына кете қойғанымда ғой деп өкінем. Алланың берген жасын жасап жүргенім болмаса, мен «ең бақытты адам» емеспін.
Сарай қызметкерлері ақсақалмен қоштасып шығып енді дені ең сау адамның үйін іздеп табады. Сарай қызметкерлерінің сұрағын естіп ол күліп жібереді.
- Апыр-ай. Менің сау екенім рас. Бірақ, одан бақыт көріп жүргенім жоқ. Бәрінен мықтымын деп әлсіздерге тиістім. Төбелесқұмар болдым. Енді ақылымның жоқтығынан әркімнің қара жұмысын істеп қана күн көріп жүрмін. Қара күшіме ғана сенбей, білім алуым керек еді деп өкінем. Сондықтан, ең бақытты адам – білімді адам деп ойлаймын.
Қызметшілер ең білімді адамға да барады. Ең досы көп адамға да барады. Ең көп саяхаттайтын адамға да барады. Бәрінің де өз басына жететін ғана бақыты бар екенін көреді. Бірақ, ешкім өзін «ең бақытты адаммын» деп айта алмайтынын естіп қапа болып қайтады.
Қайтып бара жатып біреудің әндетіп жұмыс істеп жүргенін көреді. Сонда да, қалжың үшін «Біз әлемді кезіп іздеп жүрген ең бақытты адам сен емессің бе осы?!» деп сұрап кекетіп күледі. Сонда жұмысшы «Иә, ең бақытты адам менмін. Оны қайдан білдіңдер?» дейді қымсынбай. «Олай болса айтшы, сені не нәрсе бақытты етеді?» Жұмысшы ойланбастан қолындағы күрегін көрсетеді.
Сарай қызметкерлері дереу әлгі адамды патшаға ертіп апарады.
- «Аса мәртебелі, әмірші. Біз бақытты адамды таптық!»
Патша жұмысшыдан қайталап сұрайды.
- Сен ең бақытты адамсың ба?
- Иә, әміршім.
- Сені не бақытты етеді?
- Қолымдағы күрегім.
Патша мысқылдап күледі:
- Ей, пақыр. Мені ойын-сауық, билік, байлық, сұлу қыздар, қымбат бұйымдар, ешбірі бақытты ете алмаған. Ал, сен қарапайым күректі бақытым деп отырсың. Сен мені ақымақ көресің бе?
- Жоқ, патша. Мен сізді ақымақ көрем деген жоқпын. Шыным осы. Мен осы күрекпен құдық та қазамын. Қанша шөлді қазып бұлақ шығардым. Қанша сусаған адамның таңдайын жібіттім. Осы күрекпен адал еңбек етіп отбасымды асырап отырмын. Тапқан ақшамның артылғанын ата-анама беремін. Одан артылғанына қонақ шақырамын, қыдырамын. Одан артылғанын садақаға беремін. Осы бір күректің арқасында ішкенім – алдымда, ішпегенім – артымда. Ал, сіз басыңыздағы баққа, астыңыздағы таққа өз еңбеңізбен жеткен жоқсыз. Ол сізге әулетіңізден мұра болып қалды. Сондықтан, ештеңенің қадіріне жете алмай жүрсіз.
Патша жұмысшының сөзіне қайран қалып:
- Мен саған осы патшалықты түгел тарту етейін. Күрегіңді маған бер. Екеуміз орнымызды ауыстырайықшы – деп өтініпті.
Сонда жұмысшы:
- Сіз әлі де ештеңені түсінбеген екенсіз. Мәселе, күректе емес, жүректе ғой, — деп кете барыпты.
Авторы: Айым Алтайқызы