Ыбырай Алтынсарин – қазақ жеріндегі феминизмнің атасы. Дәл осы феминизмнің төңірегінде үлкен дау-дамайлар болып жатқан бүгінгі күні біз ұлы ағартушының үлкен еңбегін естен шығарғандаймыз. Қаншама жылдан бері қыз баласына көрсетіліп келе жатқан кедергілерге Ыбырай Алтынсарин бірден қарсы тұрып, тұңғыш рет 1887 жылы Ырғыз қаласында қыздарға арнап мектеп ашты. Бұл Ы.Алтынсариннің ХІХ ғасырда қазақ өлкесінде жасаған үлкен гендерлік революциясы еді.
Білім және феминизм
Феминизм – кез келген салада әйелдер мен ерлер құқығының тең болуы. Алайда осы тақырыпқа келгенде екі жақты пікір пайда болатыны жасырын емес. Бірінші топ әйел адамның бостандығын көтергісі келсе, екінші топ әйелдер еркектерден бір саты төмен тұру керек деген пікірді ұстанады. Ал Ыбырай Алтынсарин әйелдер мен еркектер тең дәрежеде білім алатын болса, алдағы уақытта олардың арасында ешқандай келеңсіздіктердің болмайтынын ескерген. Себебі білім – дүниетанымның кеңеюіне жол ашатын басты құндылық.
Алашорда және феминистік бағыт
Қалай десек те Ыбырай Алтынсарин – қазақ өлкесіндегі гендерлік саясаттың негізін салған ұлы ағартушы. Сонымен қатар ол ашқан мектепте Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Сералин, Спандияр Көбеев сынды Алаш арыстары оқыған. Ал Алаш Орданың бағдарламасындағы басты міндеттердің бірі – әйел теңсіздігін қорғау болатын. Демек Ыбырай Алтынсарин өзі ұстанған феминистік бағытты шәкірттерінің де санасына сіңдірген деп тұжырым жасауға болады.
«Қалың мал», «Бақытсыз Жамал», «Қамар сұлу», «Шұғаның белгісі» сияқты еңбектердің жазылу идеясына мән беріп қарайықшы. Барлығында да — арманына жетпей қор болған қазақ қызының тағдыры суреттелген. Қаламгерлер бір ауыздан бұл тақырыпты неге көтерді? Олар осы көркем шығармалар арқылы қараңғы халықты, ескірген салтты, ессіз ғұрыпты сынға алды. Қызды адам қатарына қоспаудың соңы орны томас өкінішке алып келетінін жеткізді.
Шәкірттерінің санасына осы ойды салуға ықпал еткен, қазақ даласында алғаш рет қыздарға арнап мектеп ашқан Ыбырай Алтынсариннің еңбегі ерен. Ыбырай Алтынсариннің анасы Аймен де көкірегі ояу, сауатты, халық жырларын жатқа білетін адам болған деседі. Ыбырайдың қыз балаларды оқытуға күш салуы — анасынан алған тәрбиесі деуге толық негіз бар.