Қазақ халқы «Қырықтың бірі — Қыдыр» немесе «Құтты қонақ келсе қой егіз табады» деп үйге мейманның келуін жақсылыққа балаған. Алайда қонақтың бала тәрбиесіне де тигізетін оң әсері бар екен. Бұл туралы Айнұр Тұрсынбаева өз парақшасында жазба қалдырды:
Жалпы қонақ шақыру дегеннің өзі бір медитация ғой. Яғни демалыс… Қонақ күтуді қиындатудың қажеті жоқ. Ыстық бауырсақ, ет болса жетеді…
Қонақ көп келетін үйдің қазаны құтты, дастарханы берекелі болады. Қонақ көп келген сайын ризық асып-төгіліп молынан келеді. Қонақты көп шақыратын үйдің адамдары ерекше сыйлы болады. Келіндері кең, еркектері еркін. Балалары көпшіл, өскенде елдің алдында еркін сөйлейтін, топ бастайтын тұлғалар сондай қонақжай үйлерде қалыптасады екен… Ешқандай қонақ жаман сөз айтпайды, ақ тілегін арнап сол үйге бата беріп кетеді. Яғни, үйіңізге береке кіргенін қаласаңыз, балаңыздың мықты тұлға болып қалыптасқанын қаласаңыз қонақты көп шақырыңыз. Және ешқашан қонақтың қолын бос қайтармаңыз. Қымбат сыйлық іздеп тыраштанбай, жай кәмпит берсеңіз де болады. Яғни миыңызға «мен берушімін» деген сигнал барса болғаны. Аптаның әр жексенбісінде бірге туған бауырлардың бірге отырып тамақ жеуі — үлкен өнеге. Мұндай бауырлардың арасы — мықты, Алланың ерекше құрметіне бөленеді. Ол жерде береке де, бірлік те болады. Техниканың көкесі осы! — деп жазды айтыскер ақын.