Мақал мен мәтелдің не айырмашылығы бар?

Оқи отырыңыз

Мақал да, мәтел де — халық ауыз әдебиетінің өте кең таралған түрі. Сөз өнерін өте жоғары бағалаған қазақ халқы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жеткізу үшін, ойды ықшам, сөзді көркем ету үшін мақал-мәтелдерді қолданған. Дегенмен, екеуінің айырмашылығы да жоқ емес. 

Ахмет Байтұрсынов «Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз» деп баға берген. Мақалда ой анық, тұжырымды түрде қорытылып беріледі. Ойдың салдары мен себебі қатар айтылады.

Мысалы: «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады». Мақалдар құрылымы жағынан ұзақтау немесе ой қорытындыланған болып келеді. Мәселен: «Батыр туса — ел ырысы, Жаңбыр жауса — жер ырысы.» Бұл мақалда батырдың халыққа, жаңбырдың — табиғатқа керек екені түсіндіріліп тұр. «Білекті — бірді жығар, білімді — мыңды жығар». Осы қысқа ұйқасты нақыл сөзде білімнің пайдасы анық айтылып тұр. Сондықтан, ол да мақалға мысал болады. «Күлме — досқа, келер — басқа». Түсінгендеріңіздей, бұл жерде де ой тура мағынасында, досқа күлудің дұрыс емес екенін түсіндіріп тұр. 

Мәтелде ой тұспалды, бейнелі түрде ишарамен беріледі. Істің салдары айтылып, себебі берілмейді. Мысалы: Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда.

Мәтелдер ойды жұмбақтап беруге тырысады және құрылымы жағынан бір бөлімді болып келеді. Мәселен: «Кемедегінің жаны бір», «Екі түйе сүйкенсе арасында шыбын өлер», «Суға кеткен тал қармайды», «Аузы күйген үрлеп ішер», «Қайтып кірер есікті қатты жаппа» деген сияқты мәтелдерде кеме, түйе, су, үрлеу, есік туралы сөз болып тұрған жоқ. Сондай жалпыға түсінікті ұғымдардың астарында, терең ой, басқа тәрбиелік мән жасырынып жатады.

 

Соңғы жарияланымдар

«Мазалап, қатты қышиды»: Сушиді сүйіп жейтін қазақстандықтың денесінде тері асты құрттары пайда болған

Алматылық Мариям есімді әйелдің күйеуі теңіз тағамдарын, соның ішінде сушиді сүйіп жейді. Алайда 1,5 ай бұрын шикі балықтың құрамындағы...

Ұқсас ақпараттар