Тәуелсіздік туралы өлеңдер

Оқи отырыңыз

Тәуелсіздік деген не?

Атасынан немересі Нұралы,
«Тәуелсіздік деген не?» деп сұрады.
Нұралыға жауап берді қария
Сауалың жөн Тәуелсіздік туралы.

— Тәуелсіздік деген, мынау, шырағым
Осы байтақ далаң, тау мен бұлағың.
Соның бәрі саған мұра болсын деп,
Ата-бабаң қорғап қалған тұрағын.

Тәуелсіздік – арманы сол ерлердің
Еркіндік бар, еңсесі тік енді елдің,
Тәуелсіздік – тыныштығы халықтың.
Тәуелсіздік – күлкілерің сендердің.

Бұл даланы бұрын әркім билеген,
Қиындықтан халқымыз зар илеген,
Жақсыларға жала жапқан, жазалап,
Жамандарды төрге қарай сүйреген.

Қазір елде әділдік бар, заң да бар.
Көрген адам көркіне елдің таңданар
Ел төрінде Астанамыз тұр жайнап,
Отанымыз әлі өсіп, жанданар.

Бейбіт елде атып жатса таңдарың
Тәуелсіздік деген бақыт сол жаным,
Өз жеріңе өзің қожа болғаның
Өз тіліңде еркін сөйлей алғаның!

Айым Алтайқызы 

Тәуелсіздік тойы

Тойла халқым, бүгін сенің мерекең,
Асқақ мерей, мақтана алам мен ертең.
Бабалардың өткен жолын құрметтеп,
Арта берсін бірлігің мен берекең!
Нұрлы үміттер болашақтан тосады,
Жігерлі істер үлкен сенім қосады.
Биік-биік асқар шыңға шығарсын,
Мәртебелі бақыт-шаттық қосағы.
Жарқын өмір ел еңсесін көтерер,
Қиындықтар жақсылықпен өтелер.
О, Жаратқан,
Тәуелсіздік — тұмары ғой халқымның,
Қуанышын ұзағынан ете гөр!

Гүлбақыт Қасен 

Отан туралы

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен…

Мұқағали Мақатаев

Сусын қылар үмітін шөлдегенде
Осы жерге перзентпіз сен де,
Мен де!
Барлығын да сүйемін,
Сөйте тұра
Махаббатым ерекше ел дегенде!
О дүниеге жер аудар!
Көшір мейлі!
Көшір мейлі!
Өмірден өшір мейлі!
Кешіремін,
Әйтсе де елім жайлы
Жаман айтқан сөзіңді кешірмеймін!
Ел дегенде ар қандай!
Намыс қандай!
Тау мен тасқа соғылар қарыс маңдай.
Ел дегенде
Жығылған жалым тұрып,
Айбаттанып кетемін арыстандай.
Жата алмаймын жаманның жасығындай.
Жарқылдаймын найзағай жасынындай.
Ондай кезде кетеді алып болып
Бала Қадыр ешкінің асығындай!
Жерім!— деймін ондайда,
Елім!—деймін.
Тұрған тұстан жарты елі шегінбеймін.
Өзім үшін күресте жеңілсем де,
Елім үшін күресте жеңілмеймін!
Дұшпанға да,
Досқа да табалатпан.
Сақтай көрсін жаратқан жаман аттан!
Батыр болып тумайсың,
Батыр болып
Кетесің
Елге деген махаббаттан!

Қадір Мырза Әли

Заңдылық

Бар әлемге сәуле шашса ғажап Күн,
Жаңа тыныс алып келер таң күліп.
Олай болса, алтын жүрек Қазақтың,
Таңбасынан Күн шығуы заңдылық!

Жарып шығып тас түнегін азаптың,
Шаңырақтан нұр сауласа, таң болып.
Әз-дүниеге ғашық болған Қазақтың,
Киіз үйді сүюі де заңдылық!

Арасынан соғыс пенен таластың,
Жеңімпаз боп шығатұғын паң болып.
Тұлпар мінез, сұңқар болмыс, Алаштың,
Пырақтарын пір тұтуы заңдылық!

Ой найзасын жарқылдатса жасын қып,
Бір түйір сөз жарқырайтын шам болып.
Үйлесімді табиғатқа ғашық ұлт,
Гүлді өрнекті сүюі де заңдылық!

Киесіндей бақыт пенен азаттың,
Төбесінде жайнап тұрса сам тұнып.
Тәңірісін сүйетұғын қазақтың,
Зеңгір көкті сүюі де заңдылық!

Күнді күткен мекен етіп таң астын,
Көкейінде «дербес!» сөзі жаңғырып.
Періштеге ғашық болған Алаштың,
Қыран құсты сүюі де заңдылық!

Шаһарларын абат қылып, жасыл қып,
Келешекке көш түзеген мәңгілік.
Көктегенді көксеп жүрген асыл ұлт,
Аспан түсін таңдағаны заңдылық!

Құрсауында мың бұлқынып тозақтың,
Бас алаңды желтоқсанда қан қылып.
Жамандыққа жаны бөтен қазақтың,
Аман қалып, өсуі де заңдылық!

Алты құрлық, сан көршіммен жарастым,
Бәрі маған бас шайқайды таң қалып.
Жеңімпаздық тарихы да Алаштың,
Қайталанып келуі де заңдылық!

Ақберен Елгезек

 

Соңғы жарияланымдар

«Мазалап, қатты қышиды»: Сушиді сүйіп жейтін қазақстандықтың денесінде тері асты құрттары пайда болған

Алматылық Мариям есімді әйелдің күйеуі теңіз тағамдарын, соның ішінде сушиді сүйіп жейді. Алайда 1,5 ай бұрын шикі балықтың құрамындағы...

Ұқсас ақпараттар