Тиыннан теңге құрайтын баланы қалай тәрбиелейміз?

Оқи отырыңыз

Қаржылай сауаттылық — барша білімнің басында тұратын бүгінгі заманға аса керек қабілет. Баламызға ақшаның қалай табылып, қалай жұмсалатыны туралы ақпаратты қазірден үйретпесек, ересек өмірде нарықтық қоғамның қиындығын көруі мүмкін. Сондықтан, Рон Либердің «Баламен ақша жайлы қалай сөлесу керек?» атты кітабына сүйене отырып өзекті мәселеге қатысты өз кеңестерімен бөліскен Назым Сапардың мақаласын ұсынамыз: 

Баланың қажетіне қарай қалай ақша береміз?

Жасөспірім кезде интернатта оқығанымда анам берген ақшаны үнемдеп жұмсауға тырыстым. Студент кезімде шәкіртақы алсам да, қосымша жұмыс істедім. Үйдегілер көмек ретінде жатақхананың бір жылдық ақшасын немесе алғашқы жылдары пәтерақыма ақша береді. Кейін тіпті шығындарыма ақшаны жұмыс істеу арқылы тауып, ата-анама салмақ болмауға тырысатын едім. Бірақ, мына кітапты оқи отырып, ата-анамның қаржы сауаты болмағанына қатты күйіндім. Себебі ата-ана – баланы ересек өмірге дайындайтын адам. Бала ересек өмірге аттағанда ақша ұстауда 15–20 жылдық тәжірибесі бар адам болып кетуі керек. Тәжірибесі жеткілікті бала артық шығынға ұрынбайды, ақшасын жинап, көбірек қуаныш сыйлайтын дүниелерге жұмсайды. Кітапта қалтапұлды қалай беру керек екенін, Lands’End сызығы туралы ата-анаға пайдалы әдіс бар.

Бала ақшаны қалай жұмсауы керек?

Анам асханада тамақтануыма деп күнде 50 теңге береді. Оны үнемдеп жұмсаймын. Күнде арты-лып қалатын 5 теңгені бөлек жинап, жыл соңында үлкен сомадағы қаражатты анама қайтарып беретін едім. Ақша үнемдеу қасиетім сол кезде бекіп қалыптасқандықтан, қазір тұрмыстық өмірде де нәтижесі жаман емес. Рон Либердің кітабын оқи отыра, үнемдеудің қаншалықты маңызды екеніне көзім жетті. Бала тепе-теңдікті сақтай алуға тиіс. Үнемдей алуы керек. Үнемдеу деген сөз көп адамға ұнамайды. «Арзан» сөзінің синонимі сияқты естіледі. «Үнемшіл адам» деген сөзді қошемет деп қабылдау қиын. Бір жаманы, уақыт өте келе «үнемдеу» сөзі «өркендеу» (ағылш: thrift-thrive) сөзінен шыққанын көп адам ұмытып қалған. Ата-ана ретіндегі мақсат баланы сараң болуға немесе ақшаның қызығын көрмейтін үнемшіл болуға баулу емес. Соғыс пен экономикалық дағдарыс заманында ата-бабамыз бен әке-шешеміз амалсыз үнем-деуге мәжбүр болғанын ұмытпайық. Балаға үш нәрсені үйрету керек: ақша жұмсарда бір нұсқаулықты басшылыққа алу керек; балаға арналған арнайы әдіс-тәсіл және ақша жұмсағанда көңіл көтеретін отбасылық дәстүр болғаны дұрыс. Бала ақшаны тек шынайы құндылық әкелетін, мәні бар дүниеге жұмсауды білуі керек. Осыны санасына сіңірген балаға эконо-микалық дағдарыс әсер етпейді. Қанша ақшасы болса да, шығынға батпай өркендей береді. Сонымен қатар, кітапта ата-ана мен бала-ларға арналған «Көбірек пайда азырақ зиян» ережесі бар. Кәдеңізге жарасын!

Бала қалай материалист болады?

Жекеменшік мектепте мұғалім болып жұмыс істегенімде оқушыла-рымның адамның құндылықтарына емес, киім, телефон, сөмкесіне қатты мән беретінін байқадым. Тіпті, бір оқушым: «Сізде әлі iPhone 11 ме?» – деп таңғалғанда іштей біртүрлі болдым. Бұл телефонды алу үшін мен қанша уақыт ақша жинап, киімге қаражатымды үнемдегенімді оқушым қайдан білсін. Рон Либер де қай мемлекетте тұрса да, материалист болудың салдары жақсы емес екенін атап өтеді. Жүрегі дүниеге байланған материалистің басты ерекшелігі: адам мен қарым-қатынастан гөрі заттарды жақсы көреді. Соған көп көңіл бөледі. Мұндай адамдар меншік дүниесі көбейген сайын бақытты болатынына сенеді. Сондықтан әр ата-ана материализм профессорының антиматериалистік идеяларына құлақ түруі қажет.

Бала неге жұмыс істеуі керек?

Қазақстанның «Баланың құқықтары туралы» заңы кәмелетке толмағандарды қоғамдық пайдалы еңбекке тартуды құқықтық реттеу туралы атап өтеді. Осы заңның 16-бабына сәйкес, балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, иманына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ, мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi. Ал жұмыс істеудегі басты мақсат қандай? Рон Либер осы сұраққа кітабында жауап береді. Біздің міндет – баланың жұмыс істеп, ақша тапсам деген табиғи құлшынысын одан әрі жандырып, туабітті еңбек-құмарлығы қаншалықты ұзаққа баратынын байқау. Ақысы төленетін жұмыс істеген бала жұмыс этикасын үйренеді. Жұмыс этикасы – «сөзге құлақ асу, өзін мәж-бүрлеу, өзгелермен ынтымақтас болу, тапсырманы жанын салып орындау, дұрыс істегенше тынып таппау» деген сөз.

Ата-ана балаға қалай үлгі болады?

Бала ата-анасына қарап, көп нәрсені үйренеді. Бастауышта «Үлгі тұтар тұлғам» деген тақырыпта шығарма жазғанда, анамды мақтап жазатын едім. Әр бала үшін әке мен ана – мінсіз образ. Өсе келе, қазіргі қоғамдағы «детская травма» деген терминді естіп алып, ата-анасына ренжулі бала түгілі, ересектер жетерлік. Ата-анамыз бізге барынша бақытты балалық шақ жасауға тырысты. Сондықтан реніш білдіру орынсыз сияқты. Ал Рон Либердің кітабын оқи отырып, балаға бәрін мінсіз жасауға тырыспай-ақ қою керек екенін түсіндім. Біз ересектер жасаған әлемде өмір сүріп жатырмыз. Өзгелерден артықшылығы болғаны үшін балалар ыңғайсызданып, өскенде соның бәрінен бас тартуға талпынсын демейміз. Асығы алшысынан түсіп, табысқа жетіп, жақсы өмір сүріп жатқаны үшін ата-анасы баласынан кешірім сұрауға міндетті емес. Қажетіңнен артық ақшаң болғаны керемет. Бұл жерде айтпағымыз – балалар өзіне ұқсамайтын адамдардың тағдыры жайлы білсін, азғантай ақшаға өмір сүрген қандай болатынын түсінсін. Олар сезімтал болсын, «барлық адамның ресурсы мен таңдау құқығы бірдей» деген ойға бекімесін.

Балаға қанша ақша беру керек?

Әр нәрсенің белгілі бір мөлшері бар. Бала ақшаның қадірін білмесе, өсе келе зардабын көреді. Ата-анам қыз бала таршылықты білмеуі керек деген ұстаныммен маған ақша беретін. Бірақ мен үнемшіл болғандықтан, ақша сұрамауға тырысатын едім. Ал інімді, керісінше, еркелетіп өсіріп, кейін әкем ақшаны аз беріп, үнем-шіл болуға үйретсе де, әлі күнге дейін қаржы сауатын арттыру керек. Рон Либер де әр баланың сабағы, жаттығуы, қосымша дайындалуы мен жазғы лагеріне қаржы бөлудің өз шегі болатынын атап өтті. Сол шекке жеткенде балаңызбен сөйлесіп, оған қанша ақша жұмсағаныңызды айтып, қаржыландыруды доғаратын сәт келгенін түсіндіріңіз. Дұрыс жеткізе білу оңай емес, сонда да үйреніңіз. Бұл кітап ата-ана қауымына ғана емес, қаржы сауатын арттыруды қолға алып жүрген ересектерге де пайдалы. Менің түртіп алғаным осы пікірлер. Ал сіздің кітаптан алған біліміңіз өмірде кәдеңізге жарасын!

Соңғы жарияланымдар

«Мазалап, қатты қышиды»: Сушиді сүйіп жейтін қазақстандықтың денесінде тері асты құрттары пайда болған

Алматылық Мариям есімді әйелдің күйеуі теңіз тағамдарын, соның ішінде сушиді сүйіп жейді. Алайда 1,5 ай бұрын шикі балықтың құрамындағы...

Ұқсас ақпараттар