Қазақтың қаршадай балуан қызы Жібек өзінің чемпион екенін осымен 11-рет әлемге дәлелдеді. SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 17 жастағы Жібек Құлымбетова джиу-джитсу мен грэпплингтен 11 дүркін әлем чемпионы атанып, жетістіктерімен әлемдегі спорт сүйер қауымның таңдайын талай қақтырған спортшы.


23-28 қазан күндері Грекияның Гераклион қаласында JIU-JITSU WORLD CHAMPIONSHIP 2024 әлемдік чемпионаты өтті. Ал оның U16-U18-U21 жастар категориясындағы додасына 46 елден 1621 жас спортшы қатысқан. Белгілі болғандай, олардың арасында балуанымыз Жібек Құлымбетова да бар. Жібек әлем чемпионатына қыздар арасындағы U21 категориясы, Ne-Waza бөлімі бойынша (партерге жығып күресу) белдесуге қатысқан.

Чемпионат басталғаннан-ақ 48 келі салмақта өнер көрсетіп жүрген Жібек, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қарсыластарын белдескенде бірден жер иіскетіп, жеңіске деген үмітсіз үйіне қайтарып отырған. Ақыры финал үшін күресте БАӘ-нің спортшысы Балкис Абдо Абдулланың орынын екінші қатарға бір-ақ түсірген. Осылайша 17 жастағы қаршадай қыз Жібек Құлымбетова — Грекиядағы додада сөзсіз әлем чемпионы атанды.  Айтқандай, Жібек қуанышты хабарды әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жеткізе отырып, Қазақ еліндегі жанкүйерлеріне алғысын да білдірген.