Жасөспірім кезеңде жүрген балалардың мінез-құлқы неге құбылады? Бұл кезден дұрыс өтпеген адамдарды болашақта не күтіп тұр? Оларға ата-анасы қандай көмек көрсете алады? Бұл туралы психотерапевт Бакимова Сая былай дейді:
«Адам өмірге келгеннен бастап тұлға болып қалыптасу жолында жеті үлкен кризисті бастан кешіреді. Кейбір психологтар оның саны одан да көп деп қарастырады. Мәселе, оның санында емес. Айтқым келгені, адам өмірінде белгілі бір кезеңдерге орай дағдарыстан өтіп, шыңдалып отырады. «Кризис» деген сөзді негативті мағынада түсінбеуіміз керек. Яғни, адам белгілі бір кезеңді, деңгейді аяқтады, келесі кезеңге ауысты дегенді білдіреді. Осылардың ішінде адамға ең қатты әсер ететіні, ең қиын өтетіні — жасөспірім кездегі кризис. Бұл 11 жастан 17 жасқа дейінгі кезді қамтуы мүмкін. Бұл кезеңде адам өмір туралы ақпарат жинай бастайды. «Мен қандаймын?», «Әлем қандай?» деген сұрақтан бастап «мен» концепциясы қалыптасады. Адам баласының даму, қоршаған ортаны тану процесі бірінші — ойын әрекеті, екінші — оқу әрекеті болса, жасөспірім кезде айналасымен араласу, қарым-қатынас көбірек қажет болады. Бұған дейін балаға ата-анасы өміріндегі басты тұлға, авторитет болып келсе, осыдан соң, ата-ананың рөлі сәл ығыса бастайды. Оған өзі араласатын әлеуметтік топтың пікірі маңызды бола түседі. Осы кезде балаға қысым көрсетпей, оның жаңа көзқарастары қалыптасып жатқанын мойындау — көп ата-ананың қолынан келе бермейді.
Жасөспірім кездегі горманалды өзгеріс өте ауқымды. Демек, баланың көңіл-күйі, тәбеті, барлығы тез өзгереді. Оның бірінші себебі — денедегі өзгеріс. Жасөспірімдерді өз ағзасындағы, келбетіндегі өзгерістер қатты уайымдатады. Біреудің бойы тым ұзын, екіншісі иым қысқа, кейбірі салмақ қосып алғанын сізге айтып келуі мүмкін. Бұл кезде — баланың сезімдерін құнсыздандыруға болмайды.
Шизофрения деген аурудың ең алғашқы белгілері 80 пайыз жағдайда жасөспірім кезде пайда болады екен. Ата-аналар өкінішке орай жасөсіпірім баласының мінез құлқының өзгерістеріне жеткілікті мән бермейді. Осы кезде, ата-ананың интуициясы мықты болуы (өз баласын сезіне алуы) мен психологиядан хабардар болуы өте маңызды. Баланың қай қылығы норма, қай қылығы нормадан ауытқу, потология екенін ажырата білуіміз керек. Мысалы, бала ата-ананың сөзін тыңдамаса, белгілі бір нәрсенің, адамның фанаты болса, тез ашуланып, тез қалпына келсе бұлар көп жағдайда (жасөсіпірім кезде) норма болып саналады. Ал, одан өзге іштей тұйықталу, үнемі жасырынып жүру немесе өзге де күмәнді қылықтар байқаған ата-ана баласын тиісті мамандармен жұмыс істеуге алып келгені абзал.
Есейгенде тәуелді заттарға көп ұрынатын адамдар, жасөсіпірім кезде дұрыс көңіл бөлінбей қалған балалар деуге болады. Көптеген тәуелділіктер — адамның ішкі конфликтерінен, өзін түсініп, қабылдай алмауынан басталады. Немесе жасөсіпірім кезде бос уақыты мен энергиясы көп болып, ішіндегі бос кеңістікті толтыру үшін жаман әдетке қызығушылығы оянуы мүмкін. Сондықтан, жасөсіпірім кезде баланың әлемді тануына жағдай жасап, өзін түсініп кетуіне ата-ана көмектесу керек. Қысқаша айтсақ, баланың ағзасы өсуге өте көп күш жұмсайды. Сондықтан, бала көп тамақ жейді, көп ұйықтайды. Ал, кейде өте белсенді болып кетеді. Бұл — сіздің балағыз жаман деген сөз емес.
Маманның сөздерінен қандай қорытынды шығарамыз? Бірінші кезекте, баланың жасөспірім кездегі өзгерісін дұрыс қабылдаңыз. Баламаен сапалы уақыт өткізіңіз. Қызығушылығына сай энрегиясын жұмсайтын үйірме, қосымш,а секциялар қарастырыңыз. Ең, бастысы мейірімге қандырыңыз. Бала, басқа жақтан қолдау іздеп кетпейтіндей, үй ішінде оны түсініп, қолдайтыныңызды жеткізіңіз.
Лекцияның толық нұсқасын тыңдау үшін сілтемені басыңыз: https://www.instagram.com/tv/CFUiHiZJv6G/?igsh=NG8wa3dybjlld2dl