Қазақ халқы қыздарына тарихтың қай кезеңінде де жарқырап киініп, қалаған әшекейін тағуына мүмкіндік берген. Көздің жауын алатын бұйымдар арқылы арулар өз ажарын әсемдеп қоймай, сұқ көздің бәрі асыл тасқа түсіп, көз тимесін деген мақсатта түрлі бұйым таққан. Сонымен қатар, әшекейлердің салмағы мен өрнегі қыздың әлеуметтік жағдайынан да хабар беріп тұратын еді…
Алқа
Алқа – әйел адамдар мойынына, омырауына тағатын әшекейлі сәнді бұйым. Алғашында алқа дөңгелек әшекей ретінде тағылғанымен бертін келе оның түр-сипаты өзгеріп тұмарша түрінде әртүрлі үзбелі салпыншақты кейіпке ауысқан. Ол кейде меруерт, маржан, үзбелі моншақтар тізбегі тігілген асыл тастардан кейде алтын, күмістен соғылып, бетіне асыл тас қондырылып, ою-өрнектеліп, салпыншақты етіп жасалынады.
Қазақ тілінде алқа тек мойынға тағатын омырау әшекейі емес, бірнеше мағыналарда айтылады. Кей жерде алқа қыздардың мойнынан бастап төсін жауып тұратын алжапқышқа ұқсас дөңгелеңкіреп келген киімді түсінген. Мойынның арт жағынан күміс түймемен түймеленетін бұл алқа кейде «шалғыш алқа» деп те аталған.
Қазақтың зергерлікке қатысты лексикасының кешенді зерттеген филолог ғалым ғалым Рүстембек Шойбеков кейбір алқа атаулары көнерген сөздер қатарына жатады дей келе, оларға мыналарды жатқызады: бойтұмар алқа, дан алқа, ділда алқа, қола алқа, өн-жорға, сары алқа. Дан алқа – ертеде қызметі, лауазымы жоғары адамдардың мойнына тағатын медальон, алқа тәрізді заты. Ділда алқа – алтыннан соғылған, алтынмен әшекейленген алқаның көне атауы.
Әйкел
Әйкел – мойынға тағатын алтын мен күмістен жасалған металл әшекейдің көне атауы және ол қазақ тілінде бар атау. Әйкелдің бір түрі күміс ақша немесе асыл тастармен безелген зерлі барқыттан тігіліп, қыздардың кеудесіне ілінетін алқа тәрізді етіп, сол иықтың үстіне түсіп, оң қолтықтың астынан түймеленеді.
Моншақ
Моншақ – мойынға тағылатын сәнді бұйым. Моншақ ұсақ, түрлі түсті, жормасы да әртүрлі (шар тәрізді, сопақша, қырлы) болады. Моншақ неолит дәуірінде тастан жіне сүйектен, қола дәуірінде металдан жасалған. «Моншақ» сөзінің шығуы туралы «мойын-шақ» немесе «мойын-тақ» деген сөздерден құралды деген пікірлер бар. (Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі, «Ғылым», Алматы, 1966, 146-б).
Тұмар
Тұмар – мойынға слатын зергерлік әшекейі бұйымның бір түрі. Тұмар түрлері әшекейлер сияқты сонау палеолит дәуірінен пайда болған. Отырар қаласының орнын қазу кезінде табылған бой тұмарларға зер салсақ, олар серке, аққу, қаз тәрізді, жылан басының бейнесі бар бойтұмарлар. Сол сияқты қасқырдың азу тісін, киіктің бақайшағын, қойдың асығын, құс сүйектерін де тұмар етіп таққан. Қазақтар тұмарды көбінесе ұшбұрыш, төртбұрыш етіп жасаған (күміспен күптеліп, алтын жалатылып, асыл тастар тізген металл қорапшамен ұаптаған). Ішіне молданың қағазқа жазған дұғасы, ұлутас, үкі қауырсыны, киелі деп есептеленетін қой не түйе жүнін салған. Тұмарды тек әшекей ретінде ғана емес, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан, көз тиюлен сақтайды деген түсінік бойынша таққан.
Өңіржиек
Өңіржиек – көйлектің сыртынан омырауға тағылатын өте қымбат бағалы, әшекейлә сәндік бұйым. Зергерлер оны үзбелеп, салпыншақтар тағып, асыл тастардан көз орнатып жасайды. Осыған ұқсас түрлі тастармен әшекейленген үш тақталы өңірше деп аталатын түрін ұзатылатын қызға тағатын болған. Омырау бастырғыш – қыздар мен жас әйелдердің кеуделік әшекей ретінде тұтынған көйлек сыртынан арнайы тағылатын жеке әшекей түрі. Сәндікке тағылатын оның солпыншақты кейде ақық көзді бірнеше тана (медальон) сияқты заттан тұратын түрі бар (Шойбеков Р.Н.)[5]