Қазақ халқының әдет-ғұрыптарының барлығы дерлік отбасы құндылықтарының берік сақталуына негізделген. Ежелден келе жатқан сондай салттың бірі — бауырына салу дәстүрі.
Бауырына салу (немере алу) — қазақтың дәстүрі бойынша жас ата-аналар тұңғыштарын (қазақша — «тұңғыш бала») атасы мен әжесінің немесе басқа да үлкен туыстарының тәрбиесіне береді. Әдетте баланы отбасынан алты айлық жасында, тіпті одан ертерек шығарады. Белгілі бір жасқа толғаннан кейін балаға атасы мен әжесімен бірге тұруды жалғастыру немесе ата-анасына оралу мүмкіндігі беріледі.
Бұл дәстүрдің негізгі мақсаты — жаңадан отбасын құрған екі жасты бала тәрбиелеу ісінен босатып, тұрмыстық өмірдің жүгін жеңілдету болса керек. Екіншіден, жас баланы өмірге баулып, денсаулығын, тәрбиесін әулеттің үлкендері өз жауапкершілігіне алған.
Алайда, дәстүрдің озығы да тозығы да бар. Ата мен әженің бауырында өскен бала есейгенде қандай қиындықтарға ұшырайды? Ата дәстүрдің қандай келеңсіз тұсы бар? Осы туралы тұңғыш рет фильм түсірілді.
Режиссер Асхат Кучинчирековтың туындысы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген. Фильм жақында «Тұлпар» ұлттық сыйлықты иеленді. Ал Оскар комитетіне «International Feature Film» номинациясы бойынша ұсынылып отыр. Америка академиясының дауыс беруі үш кезеңде өтеді. 2025 жылы 17 қаңтарда барлық санаттағы номинанттар белгілі болады. Жеңімпаздардың есімі 2025 жылдың 2 наурызында Лос-Анджелесте конверттерді ашу салтанатында жарияланады.
Фильмде Ерсұлтан есімді баланың өмірі суреттеледі. Ол дүниеге келгенде өз ата-анасы емес, әжесі оны бауырына салады. Алайда, бала 12 жасқа толғанда қария өмірден өтеді. Бала өзі мүлде танымайтын әке-шешесінің жанына қайта оралады. Өмірінде орын алған ауыр қаза және жаңа жанұяға сіңісу Ерсұлтанға оңай тимегені анық.